Ағайынды Жұбановтар — ұлт мақтанышы

0
8

Құдайберген, Ахмет Жұбановтарды насихаттау, ардақтау Қазақстан Тәуелсіздік алып, нақты күшейген кезінде, 1990 жылдың орта шенінен кейін нақты, көлемді қолға алынды. Оған дейін аса маңызды, насихаттау көлемді, көрнекті ардақтау жүзеге асырылмады.

Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді! Құдайберген мен Ахмет Жұбановтардың аты тарихта қалды, хаты ғылымда қалды. Аттарына нысандар аталды. Халқының жадында сақталды. Халқына қызмет еткен адам – өте жақсы адам. Халқына қызмет ету жолында өзін құрбан еткен адам — ғажайып адам. Ол Құдайберген Жұбанов.

Халқына қызмет еткен адам – өте жақсы адам. Халқына қызмет ету жолында зардап шеккен және жетістікке жеткен адам – ғажап адам. Ол Ахмет Қуанұлы Жұбанов.

Құдайберген Жұбанов 1899 жылы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы, бұрынғы Темір уезінің Ақжар ауылы Қосуақтам жерінде туған. 1918 жылы Орынбор облысы Елек қаласында екі кластық орыс училищесін, 1920 жылы Орынбордағы «Хусайния» медресесін бітірді. 1921-1924 ж.ж. Темір қаласында уездік оқу бөлімінде, 1925-1929 ж.ж. Ақтөбе губком оқу бөлімінде, нұсқаушы – әдіскер және педтехникумда оқытушы болды. 1928 ж. Ленинградтағы (Санкт-Петербург) шығыстану институтының толық курсын бітірді, білімін жетілдірді. 1930 – 1932 ж.ж. КСРО Ғылым академиясының, Тіл білімі институтында аспирант болды. Ғылыммен шұғылданды, 1932-1937 ж.ж. ҚазақКСР оқу халық комиссариантының ғылым және оқу-әдістеме кеңесінің төрағасы, ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып қызмет жасады. Ұлт кадрларын даярлау саласында үлкен еңбек атқарды. Қазақстан ғылым академиясының тіл-әдебиет сектор меңгерушісі болып ғылыммен айналысты. Мемлекеттік терминкомның тұңғыш төрағасы болып, қазақ тілі бөлімінің теориясын дамытуға үлкен үлес қосты, Қазақстан халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, Қазақстан ғылым академиясының ғылыми кеңестері мен қоғамдарының мүшесі болып, қазақ тіл білімі теориясын жасау және оны дамыту саласы бойынша үлес қосты. Осындай жан-жақты жұмыстарды бір өзі атқарған Құдайберген Жұбанов дарынды, сан қырлы еңбекқор қайраткер еді.

Құдайберген Қуанұлы Жұбанов – қазақтың академиялық, профессионалды тіл білімінің негізін қалаған, ең алғашқы қазақтан шыққан тілші – профессор, Түркітанушы, педагог, ағартушы.

Құдайберген Жұбанов ҚазПИ-дің кафедрасын басқарды, Қазақ лингвистикасының мектебін қалыптастырды.

1934 ж. Абай шығармашылығын «Абай-қазақ әдебиетінің классигі» — деп ақынды әртүрлі сөзбен айыптау кезінің өзінде үлкен батыл, ерлік, әділдікпен бағалап қортындылады. Қ.Жұбанов Семейде Абай музейінде Абайды бірінші зерттеп жазған ғалым деп экспозицияға қойылған. Абайдың 150 жылдығына Құдайбергенұлы Есет екеуіміз барып көрдік.

Латын әліпбиіне негізделген қазақ орфографиясын жасауға қатысты, грамматика, фонетика т.б. тіл салалары бойынша жазған еңбектері қазақ тілі білімі теориясын жасау және оны дамытуға қосылған үлкен үлес еді. Ол орыс, неміс, ағылшын, француз, араб, парсы, түрік, монғол, грузин, коми, чуваш он тіл білген полиглот болды.

Қожа Ахмет Яссауидің «Диуана хикмет» кітабын зерделеп, жазып, Қожа Ахмет 120 жыл өмір сүрген деген пікір білдірді. «Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болды» атты еңбегін жазды. Жан-жақты, сан қырлы ойымен тұла бойы толған тұлға қабілет еді.

Құдайберген Жұбанов халқын алға, сауаттануға, білімге, мәдениетке үндеді, жетеледі. Жастарды өркениетке бастады, білім, ғылымға, өнерге, озық болуға, алдыңғы қатарға жетуге насихаттады, үйретті. Елін, халқын сүйген зиялы интеллигент, патриот еді.

Сан қырлы қыруар жұмыстарды бір өзі атқарып, жүзеге асырып, жүргенде, «Мен тек семьяның қамын ойлап, еңбек етіп жүрген жоқпын. Халықтың қамын ойлаймын, халқымың алдында орындайтын азаматтық борышым бар» — дейтін.

Халық ағарту ісіндегі ерекше еңбегі үшін «Қазақстанның 15 жылдығы» белгісімен марапатталды.

Жапон тілін білгенсің, жапон шпионысың, деп жала жабылып, «халық жауы» деп айыптап ғалымды 1938 жылы 38 жасында атты. Артында алты баласымен әйелі Раушан қалды. Кенже баласы Асқардың туғанына алты күн болған еді. Кітаптары, қолжазбалары тәркіленді, ғылыми еңбектері жойылды.

НКВД зорлық-зомбылық, қысым, қиындық, қинау жасағанда Ол ұстанымды, шыдамды жігерлі болған. Тексеру жазуды оқыған, оқымай қол қоя салмаған.

КСРО жоғарғы соты Соғыс коллегиясының үкімімен 1957 ж.  ақталды. Артында жазғаны, аты, хаты, ісі қалды.

Құдайберген ақталған соң оны көрген, білген, бағалайтын адамдар батыл естеліктер жазған. Жазушы академик Мұхтар Әуезов өзінің «Өнегелі өмір» атты естелігінде Құдайберген Ұлы ақын Абайдың қайтыс болғанының 30 жылдығына «Абайдың тілі туралы» деген көлемді мақала жазды. 1936 ж «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» деген тарихи тілдік талдау беретін еңбегін шығарды. Қазақтың мәдениет қызметкерлерінің I-сьезін ашып, онда айта қаларлықтай терең ғылыми мазмұнды баяндама жасады.

Құдайберген журналистикаға бейім болды. «Қараша бала» деген лақап атпен мақалалар жазды. Темір қаласында тұрғанда «Ай» атты журнал шығарды. Шоқан үлгісімен сурет салып, сурет өнеріне де шебер болды. Өлеңді де көркем жазатын еді. 1925 ж Құдайбергеннің режиссерлігімен Ақтөбе қаласында М. Әуезовтің «Еңлік — Кебек» спектаклі қойылды. Сол жылы халықтың «Сегіз бен Мақпал» поэмасы негізінде өлеңмен екі актілі пьеса жазып, сахнаға шығарды. Сегіздің рөлін, кейін Қазақстанға еңбек сіңірген артист болған Жүсіп Сәйілов орындады деп Құдайберген Жұбановтың көп қырлы талант екенін, еңбекқорлығын атап көрсетеді.

«Сәлем айт барғандарың Раушан қызға,

Өзгені теңгермеймін ол шандозға!

Өзгеден өзгелігі болғаны ғой,

Болмаса сәлем айттым қай қырғызға» — деп Құдайберген алыста оқуда не қызметте жүргенде маған хат жазатын немесе қатар-құрбы ақылы өлең шығарып сәлем айтатын. Құдайбергеннің жүріс-тұрысы, ісі, сөзі парасат есіп тұрушы еді. Кісілігі қандай еді. Кішілігі қандай еді деп Раушан Құдайбергенді қадірлеген, құрметтеген, бағалаған, естелегінде жазған.

Жұбановтар әулеті тектілік үлгісі, элита, интеллегенция.

Құдайберген мен Ахметтің артынан ұрпақтары қалды. Өсті. Өркендеді олар. Құдайберген, Ахмет Жұбановтардың ұл-қыздары қысым көріп, шектеулі жүрсе де Құдайберген Жұбанов Айтқандай «Мен тек семьямның қамын ойлап, қызмет етіп жүрген жоқпын. Халықтың қамын ойлаймын, халқымның алдында орындайтын азаматтық борышым бар,» — дегендей ағайынды Жұбановтардың ұрпақтары елге, халыққа қызмет етті, ғылым, білім, өнерді дамытуға мол үлес қосты.

Құдайберген Жұбановтың артынан қалған ұрпағы қайраткер ғалымның өзіндей Қазақстанға қызмет етті. Әкесінің ісін жалғастырды. Үлкен ұлы  Жұбанов Ақыраб Құдайбергенұлы — 7.11.1927 ж.т – Қазақстанға еңбегі сіңген суретші болды. Алматы көркемсурет училищесі директоры болып қызмет етіп, көп шәкірттерін тәрбие, білім, өнер беріп өсіріп шығарды. Суреттері Бүкілодақтық, республикалық көрмелерде қойылып құрметтелді.

Жұбанов Есет Құдайбергенұлы 22.11.1929 ж.т. Әке жолын қуып, тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, професссор атанды. 1991 жылдан бастап Ақтөбеде Қ. Жұбанов атындағы университетте кафедра меңгерушісі, «Жұбановтану» зертханасы орталығының меңгерушісі болып, өмірінің соңына дейін қызмет жасады.

Есет ағаны мен құрметтедім. Ақтөбе облысы мәдениет басқармасы бастығы қызметінде болған жылдарымда ағаны кабинетіме шақырып кездесетінмін. Басқарманың алқа жиынын өткізер алдында ағаға сөз беріп, сөйлеттім. Ондағы ой-мақсатым жас аудандық мәдениет бөлімдерінің меңгерушілері, облыстық өнер, мәдениет мекемелерінің басшылары, қызметкерлер, атақты тіл ғалымы Құдайбергеннің ұлы Есетті көрсін, танысын, білсін, сөзін тыңдасын, тағылым-тәрбие алсын, Құдайберген туралы әңгіме тыңдасын – деген ой еді. Есет аға асықпай, анық сөйлейтін, жүйелеп айтатын. Бірақ, әкесі ұсталған соң көрген қиындықтары, тағдыр — моральдық ауыртпалықтары туралы көп айта қоймайтын.

Есет аға өзін қарапайым, белгісіз ұстайтын. Жаспен де қарттармен де тең деңгейде сөйлесетін. Мен ғылым докторымын, атақты ғалым Құдайберген Жұбановтың ұлымын деген мінез – қылық көрсеткен емес еді. Салмақты денесін жәй қозғап, жүріс-тұрысы баяу, жалпақ беттеу, қараторы, толық, орта бойлы кісі болатын. Әкесі Құдайберген де, шешесі Раушан да  көрікті көркем адамдар болса да, Есет аға әдемілігімен ерекшеленбейтін.

Маған «нағашы-жиенбіз» — деп өзіне жақындатып қоятын. Есет маған Ахмет Қуанұлының өзіне репрессия ызғарымен Қазақстаннан кетіп, Москваға Ленинградта қорғанып жүргенде жазған хатын берді. Хатта «жылымық» басталды – мұртты кісінің қайтқан соңғы жылдарын айтады – бізге де жеңілдік, еркіндік болар. Елге оралар кезең келер деген ойды айтады. 1957 ж. Құдайберген ақталды. 1958 ж. Ахмет Қуанұлы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің екінші онкүндігін дайындап, бастап барады. Онкүндік табысты өтеді. Барған өнер қайраткерлері орден, медаль т.б атақтар алып қайтады. Ғазиза да Әзірбайжанда наградталады. Награда алмаған тек Ахмет Жұбанов. Бүкіл онкүндікті дайындаса да, репрессия ызғары салқынын тигізеді.

Жұбанов Асқар Құдайбергенұлы – кенже баласы. Филология ғылымдарының кандидаты. Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында бөлім меңгерушісі болып ғылыми еңбек етті.

Құдайберген қыздары Муслима педагог, Қызғалдақ экономист абыройлы қызмет еткен, марапат, сыйлық алған жақсы мамандар.

Құдайберген Жұбановты көлемді, көрнекті насихаттау, құрметтеу, ардақтау Қазақстан Тәуелсіздік алып, өркендей бастағанда қолға алынды, жүзеге асырылды.

Ақтөбе педагогика институты 1966 жылы ашылды. 1996 жылы 7 мамырда үкімет қаулысы мен институтқа профессор, лингвист Құдайберген Жұбанов есімі берілді. Құдайберген Жұбанов атын Ақтөбе пединститутына ұсыныс беріп алып берген профессор, институт ректоры, Парламент депутаты филолог Мұхтар Арынов зиялы азамат болды.

Ескерткішке тапсырыс беріп, жасатқан профессор, институт ректоры, математик Кенжеғали Кенжебаев болды. Қ. Жұбановқа ескерткішті Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі суретші Алматы Көркемсурет училищесінің директоры Ақыраб Құдайбергенұлының шәкірті Ақтөбелік скульптор 2010 ж Жәдігер Кенбаев жасады.

Құдайберген, Ахмет Жұбановтар аттары беріліп, Ақтөбенің кең, үлкен, ұзын көшесі «Ағайынды Жұбановтар көшесі» деп аталды.

Ақтөбе өңірлік университетінде Жұбановтану ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, оны филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Құдайбергенұлы басқарды. Университетте еңбек етіп жүрген қабілетті оқытушыларға Құдайбергеннің еңбектері тақырыптары бойынша кандидаттық диссертация қорғатты, қорғауға ғылыми жетекшілік жасады.

Құдайберген Жұбановтың 125 жылдық мерейтойы өткізілді. Арналған іс-шаралар, ғылыми конференциялар, кездесулер ұрпақтарымен өткізілді. Тақырыптық зерттеу, іздену жүргізілді, мақалалар, кітап жинақтар, естеліктер шығарылды. Еңбегі, өмірі теледидар, газеттерге насихатталды. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде жиырмаға жуық тілші-ғалымдар академик, профессор, доцент, ғылым докторы, кандидаттар ғылыммен шұғылданады, еңбек етуде студенттерге білім беруде, ғылым үйретуде. Құдайберген Жұбановтың ғалымдық жолын, ғылыми ісін жалғастыруда.

Қазаққа керек істі інісі Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1930 жылдары бастап жасады.

Жұбанов Ахмет Қуанұлы

29.04.1906 ж.т. қазіргі Мұғалжар ауданында

3.05.1968 ж. қ.б. Алматыда.

Махамбет:Ақбоз ат сені сақтадым, Құлағың сенің серек деп, —

Азамат сені сақтадым, Бір ісіме керек деп – жырлағандай Ахмет Қуанұлы қазаққа музыка ісіне керек болған, репрессиядан сақталған.

Қазақстан тәуелсіздік алып, күшейген кезінде Жұбановтарды насихаттау, құрметтеу, ардақтау нақты мықты қолға алынды. Оған дейін онша жүзеге асырылмады.

Қазақ музыка өнерінің танылған сәті — 1936 жылдың мамыр айында Москвада өткен Қазақстанның мәдениет пен өнерінің бірінші декадасы болғанда жұлдызы жарқырап бұлбұл Күләш Байсейітова КСРО халық артисі атағына ие болды. А.Жұбанов басқаруымен ҚазЦИК атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі үлкен театр сахнасында өнер көрсетті. Концерт қазақ еліне рухани өрлеу әкелді. Ахмет Қуанұлы «Құрмет» белгісі орденімен және Республиканың еңбек сіңірген артисі» атағымен марапатталды.

Қазақтың көрнекті сазгері, өнер зерттеушісі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрін ұйымдастырушы, дирижері, көркемдік жетекшісі болды.1930 жылдан бастап өмірінің соңына дейін қазақ өнерін зерттеу,ұйымдастыру дамыту саласына ұшан-теңіз еңбек сіңірді.

А.Жұбановтың алғашқы көлемді шығармасы Ақтөбелік әнші Сары Батақұлының өмірінен алып жазған. «Сары» атты (1938 ж) бір актылы музыкалық пьеса еді. «Абай», «Төлеген Тоқтаров» операларын Латиф Хамидимен бірге жазды. Мыңнан астам қазақ халық әндері мен күйлерін жазып алып, нотаға түсірді, кітап етіп бастырды. Көп жыл бойы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның директоры болды, лекция оқыды, сабақ берді. Қазақ филармониясының директоры, Абай атындағы опера және балет театры директоры, көркемдік жетекшісі болды. Қазақ ұлттық ғылым академиясының негізін салушылардың бірі.

Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақ Кеңес Советтік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен көптеген медальдармен наградталды. Патшалық оқуында оқымаған, Советтік университетте білім алған, ханның, байдың, болыстың ұрпағы емес, жай шаруаның ұлы, саясатпен айналыспаған, ғылым, біліммен шұғылданған мәдениетті таза, адал еңбек еткен азамат ағасы Құдайберген Жұбановтың әділетсіз жаламен атылуы Ахмет Жұбановқа зор моральдық –психологиялық, әлеуметтік- тұрмыстық салмақ болды. Бұл жағдай Ахмет Қуанұлын қорғануға, сақтануға, ұқыпты болуға мәжбүр еттті.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов халық жауының, інісі, ескішіл деген) т.б. қанша жамандау, сынау, қудалау, лауазымдық, азаматтық, моральдық-психологиялық қиындық-қысым көрсе де мұқалмаған қайрат-жігер иесі, ұлтына қызмет етуден айнымаған және қара нардай алға тартып, жетістіктерге жетіп отырған, жоғарғы деңгейдегі ұйымдастырушы қабілетті патриот, тарихи тұлға.

Жоғарыда аталған, атақтары алынған. Қызметтен, лауазымдарынан шығарылған 1951 жылы қуғынға ұшыраған Ахмет Қуанұлы Москвада бас сауғалап, Москвада оқып жатқан Ғазиза мен Болатпен бірге тұрып, балаларының стипендиясымен аударма, гонорар жолай табатын қаржыға тіршілік етті. Москвадағы мұртты кісі о дүниеден кеткеннен кейін Есет Құдайбергенұлы Жұбановқа хат жазған. Сол хатты Есет аға маған А.Жұбановтың 90 жылдық мерей тойы болғанда 1996 жылы берді, шағын хат портатив машинкамен басылған хат. Мен облархивке 2021 жылы тапсырдым.

Есентай, жылылық басталды, бізге де жылымық келер кеңшілік еркіндік берілер болар аман болайық деген, кездесерміз деп жақсылыққа бастайды, үміттенеді. А.Жұбанов музыка аспаптарын игеру үстіне машинка басуды да жақсы игерген, оны қызмет, хабарға пайдаланған. Ерекшелігі хат жазса, 2 дана етіп дайындап, бір данасын адреске жіберген, екінші данасын өзінде қалдырып, сақтаған. Сондай сақ, ұқыпты адам.

Алматыға оралғанда 1954-1961 жылдары өзі консерваторияда ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып сабақ берді. 1961-1968 жж. Академияның әдебиет-өнер институтының музыка бөлімін басқарды. Бұған дейін мерейтойлары өткізілмеген, Ахмет Қуанұлының 90 жылдығын Ақтөбеде ұйымдастыру шараларымен арнайы Алматыға барғанымда Ахмет Қуанұлының қызы Ажармен, Құдайбергеннің қызы Қырмызымен бірге Ахметтің бейіті басына барып, құран оқытып, тағзым еттім.

Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 120 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтті. Ақтөбе облысында ауқымды мәдени бағдарлама жоспарланып, 50-ден астам түрлі іс-шара өткізілді. Сәуірде басталып, тамызда аяқталды. Астанада, Алматыда, Санкт-Петербургте, Ақтөбеде, композитор-академик туған Мұғалжар ауданында, тағы басқа аудандарда мектеп, музей, кітапхана, Мәдениет үйлерінде Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған 50-ден астам іс-шаралар, 100-деген көрмелер, танымдық-насихаттық конференциялар, кездесу кештері, шығармалары бойынша концерттер, тағзым ету, еске алу өткізілді. Еліміздің барлық өңірлерінен, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан артистер келді. Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің «Жұбанов әлемі» концерті өтті. Музыка апталығы «Ұлы Дала Сазы» концерті, «Ахмет Жұбанов және оның заманы» көрме мен конференция, «Жұбанов көктемі» Халықаралық хор музыка фестиваль — байқауы, «Құрманғазы» атындағы оркестр концерті, «Саз әлемінің сардары» республикалық ән-күй байқауы; «Қазақ музыка өнерінің құлагері–Жұбанов» атты кездесу кеші, домбырашылардың республикалық байқауы, Мерейтойлық гала-концерт, Ахмет, Ғазиза Жұбановтар ескерткіштеріне гүлдер қою, тамызда мерейтой қорытындыланып, «Ақындарың жырласын Ахаң жайлы» республикалық ақындар айтысы өтті.

Ақтөбе облыс әкімдігі тапсырысымен Ахмет Жұбановтың ескерткіші Ақтөбеде 2006 ж. академик, композитордың 100 жылдығы жылы орнатылды. Автор ақтөбелік белгілі скульптор Болат Әбішев болды.

Атақты опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның Ақтөбеде 2 концертін теміржолшылар мәдениет үйінде, А.Жұбанов атындағы музыка колледжінде өткіздім. Кейін Нұржамалдың жұбайы композитор Төлеген Мұхаметжановқа бардым. Ол Тәуелсіздіктің басында, Астанаға Алматыдан көшірілгенде қала әкімінің мәдениет саласы бойынша орынбасары болды. Оған кіріп, Астанада академик, композитор Ахмет Жұбанов атына көше беру туралы ұсыныс айттым. Ол жазып беріңіз деді. Ұсынысым қабылданып 2 айда А.Жұбанов атына жақсы көше берілді. Рахмет айттым.

Ахмет Жұбановтың суреткерлік арманы – Сахараның үлкен жұлдызы Құрманғазы бейнесін музыкалық театр сахнасына шығару болатын – дейді Ғ.Жұбанова.

1944 ж. Л.Хамедимен бірге ұлы Абайды опера сахнасына сәтті сөйлеткен еді. М.Әуезовпен бірге жазыла бастаған «Құрманғазы» операсы драматургтың дүниеден өтуіне байланысты тоқтап қалды. Аяқталмай қалған операны бітіру перзенттік кәсіби парызым деп білген Ғазиза Жұбанова белгілі ақын Хамит Ерғалиевпен бірге жазып әйгілі, Құрманғазы операсын сахнаға шығарды.

Хамит Ерғалиев Ахмет Жұбанов үйлері көрші болған. Ахмет Қуанұлының жақсы автомашинасы болған, өзі жүргізген. Таңертең қызметке барарда Хамит академик машинасына міңгесе барады. Бірде арқыраған ақын Хамит, айтшы, осы Алматыдан шоферы ең жақсы, бастық адам кім – деп сұраған. Сонда шебер тілші, айтқыш Ахмет «шоферы ең жақсы адам Алматыда » Себебі, мен сенің шоферың академикпін – депті.

Бала кезінен бастап қасынан екі елі қалдырмаған Құдайберген інісі Ахметтің дарындылығын түсініп, соған жол ашқаннан басқа ниет болған жоқ. Құдайбергеннің бұл ниетін Ахмет те білді. Ол Құдайбергенді ағасындай ғана емес, әкесіндей құрметтейтін, оған арқа сүйейтін. Құдайберген оған жол сілтеп, ағалық қамқорлығын үзген емес. Ахмет ағасымен ешуақытта қарсыласып көрген жоқ, ағасынан ақыл кеңес сұрап тұратын ағасы қойған талапты орындауға тырысатын Құдайберген інісі Ахметті тіршілікте көзінен таса еткен жоқ. Ахметте Құдайбергеннің балаларының алдында болды, — дейді. – Құдайберген мен Ахметтің сыйластығы, татулығы туралы өз естелігінде Құдайбергеннің жұбайы Раушан.

Ахмет Қуанұлының ұл-қыздары әкесі өнегесімен, оның өзіндей елге, қызмет етті. Ғазиза Ахметқызы Темір ауданы, Жаңатұрмыс ауылы 1927 ж.т.-1993 ж.қ. қазақтың көрнекті сазгері, КСРО халық артисі, қазақ КСР мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың 2 рет лауреаты, қазақ атын әлемге танытқан мәдениет, өнер қайраткері. Москва мемлекеттік косерваториясын үздік бітірді. 1958-1993 ж. Алматыда еңбек етіп, ұлттық музыкамызды биікке көтереген өзінің тамаша шығармаларын жазды. Әкесі Ахмет аяқтап үлгермеген Құрманғазы өперасын жалғастырып жазып бітірді, аяқтады. Либреттосын ақын Хамит Ерғалиев жазды.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры болды. Қазақстан композиторлар одағын басқарды. Ақтөбе облыстық филормония және бір үлкен көше Ғазиза Жұбанова атына берілді. Ескерткіш орнатылды. Авторы ақтөбелік скульптор Жәдігер Кенбаев Алматы көркемсурет училищесін бітірген, Ақыраб Құдайбергенұлының шәкірті болды.

Ахмет Қуанұлы, Ғазиза Ахметқызы мерейтойлары жылдары мен оларға тағзым етіп, басымды иіп, құран оқытып, Алматыда бейіттеріне Ажар Ахметқызы, оның күйеуі Еркін аттас менімен, Қызғалдақ Құдайбергенқызымен бардым. Тамаша кәсіби деңгейде оларға арнайы жасалған ескерткіштерін көрдім. Ахмет Қуанұлына атақты ресейлік скульптор Вучетич, Ғазиза апаға жасаған жұмысын скульптор Төлеген Досмағанбетов көрсетті.

Мұханбетжановпен кездескенімде сұхбаттасқаным Төлеген мен Ғазиза апайдың шәкіртімін, жақында ішекті аспаптар ансамблін құрамын, оған Ғ.Жұбанова атын бергіземін – деді. Айтқаны орындалды. Кейін мен апайдың атындағы жақсы ансамбльдің Ақтөбе облыстық драма театрында жеке концертін өткіздім. Көрермен жылы қабылдады. Ғазиза Ахметқызының 2027 жылы 100 жыл мерейтойы  атап өтіп лайықты, туған Мұғалжар ауданындағы бір музыка мектебіне композитордың атын берсе жөн болар еді.

Режиссер Әзербайжан Мәмбетов спектакль қойса, компазитор Ғазиза ол спектакльге музыка жазған. Бір-бірін шығармада түсінген, көмектескен, ынтымақтас болып, шығарманы келістіріп шығарған зиялылар ерлі-зайыпты азаматтар болып, өмір сүрді.

Осы жерде бір ой айтайын. Бастысы бір мәселе, тақырыппен айналасу, іздену керек. Содан жұмыс бірін-бір түртіп, бірінен соң, бірі шыға береді. Жолда жақсы іс оң шешімін таба береді, сен жетістікке жете бересің. Тек ерінбеу, жолда тастап кетпеу міндет!

Болат Ахметұлы Жұбанов 14.04.1929 ж.т. Темір ауданы №9 ауылда туған. Көрнекті қазақ ғалымы, химия ғылымының докторы, академик, ҚР Ғылым қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Москва химия-технология институтын бітірген.

1968-1988 ж. Ұлттық Ғылым академиясының химия ғылыми институтының директоры болды. 1000 жуық ғылыми еңбектері бар. Оның 8 монография, 200 патенттер мен авторлық куәліктер, 600 мақалалар болды. 100 ден астам ғылым кандидаты, 12 ғылым докторы, 2 академик шәкірттері болды. Болат Жұбанов Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көп медальдармен наградталды.

Қайыр Ахметұлы Жұбанов 29.07.1935 ж. Ақтөбе облысы Темір ауданында туған. Техника ғылымының докторы, профессор. Қазақ Ұлттық академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының табиғат ғылымдар Академиясының академигі. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбегі сіңген өнертапқышы, Москва мұнай институтын бітірген инженер-технолог. 1958-1993 ж. Қазақ Ұлттық мемлекеттік ғылым академиясының химия институтында лаборатория жетекшісі, Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінде химия кафедра меңгерушісі, ғылыми –зерттеу институтында директор болды. Қазақ Ұлттық Академиясының химия-технология ғылым бөлімінің академик-хатшысы болды. 200 ден астам ғылыми еңбектері бар «Құрмет» орденімен наградталды.

Сондай-ақ Ахметтің ғалым ұлдары бір-бірін құрметтеп, кішіпейілдік көрсеткен. Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы бастығы қызметінде жүргенде Ахмет Қуанұлының 90 жылдығын өткізгенімде, Болатқа барып, асқа барайық деп, шақырсам, Қайыр Ахметовичке айттың ба? деп сұрайды. Қайырға барып, көлік келеді, жолға шығайық десем, Болат Ахметовичке айттың ба? деп сұрап бірін-бір алға шығарып кішіпейілдік, қамқорлық танытып отырады. Ал Ажар Ахметовна ағалары мен апасы Ғазиза жайлы сағынышпен құрметпен әңгімелейтін.

Құдайберген мен Ахметтің арасындағы аға-інілік қатынас, құрметтеу, сыйласу осылай балалары арасында жалғас, көрініс тапты.

Ажар Ахметқызы Жұбанова 5.4.1941 ж. Алматыда туған. Биология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Москваның Ломоносов атындағы университетін бітірген. Әл-Фараби атындағы Алматы мемлекеттік ұлттық университетінің биология факультеті деканы. Отандық биология ғылымын дамытуға салмақты үлес қосқан ғалым. 120-дан астам ғылыми еңбектері жарияланды, оқулықтар авторы. 1 докторант, 2 аспирант, 2 ізденуші әзірледі. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті қабілетті оқытушысына жетекшілік жасап, кандидаттық диссертация қорғатты.

Ахмет Қуанұлы өмір бойы талантты жастарды көріп, танып, қолдап, үйретіп, өнерлі етіп тәрбиелеп шығарды. Олар кейінгі жылдары атақты болып, Жұбанов ісін жалғастырды, дамытты. Қазақ өнеріне үлкен үлес қосты. Маған Жұбанов жайлы ұзақ үлкен әңгіме естелік айтып берген бірінші шәкірті Шамғон Қажығалиев болды. Өзін қалай қорғап, үйретіп тәрбиеледі, дирижер етті. «Абай» операсын қалай жазды. Түгел Жұбанов еңбегін баяндап берді.

Аты елге жайылған Шамғон Қажығалиев Ахмет Қуанұлының батасын, тәрбие-тәжірибесін алып, Құрманғазы оркестрін көркемдік жетекші және дирижер болып 40 жыл абыройлы басқарды.Домбырашы солақай баланы, үйдің төбесінде отырып домбыраны тартатын Нұрғисаның талантын танып, таңдап, шығармашылыққа тартты, үйренді. Военкомат соғысқа жіберген Нұрғисаны соғыс қауіпті, таланттан айырылып қалармыз деп, соғыстан босатып, елге шақырып алды. Ақыры Нұрғиса ұлы ұстазы Ахмет Жұбановтың ізімен жүріп, істі жалғастырып, дирижер, композитор болып, атақты «Отырар» оркестрін құрып атақ, абыройға ие болды. Ұстазын ардақтады «Отырар» оркестрі мен Ақтөбе облысына концертпен келіп, «Темір қаласына барғанда, мен Ахаң ұстазымның ауылына шаңдатып, машина автобуспен бармаймын. Тағзым етіп, өз аяғыммен ұстазым ауылына жаяу барамын»,- деп, жолда қарсы алуға күткен басшыларға соқпай, Темірге даламен тіке жаяу тартқан. Ерекше өнер иесі Тілендиев Н. А. Жұбанов шәкірті.А. Жұбанов атындағы музыка мектебіне пианино сыйлаған. Ақыры Еңбек Ері болды.

Ахмет Жұбанов Қазцик атындағы оркестрмен Ақтөбе облысының Ойыл ауданына барған, концерт қойған. Сонда жас оқушы, биші 11 жастағы Нұрсұлу Тапалова Ойыл сахнасында билеген. А.Жұбанов көрген, талантты таныған, бағалаған. «Алматыға оқуға кел»,- деп тапсырған. Нұрсұлу опера театрында оқып, тәрбиеленіп, үйреніп, балерина болды. «Қазақстанға еңбегі сіңген артист» атағын алды. Атақты опера бишісі болды. Ахмет Жұбанов, Күләш Бәсейітованың қамқорлығы нәтижесінде Ақтөбенің қызы атақты болды. Атында көше бар, музей де қойылды. Орден алды. Депутат болды. Ахмет Жұбанов талантты таңдады, жастарды таныды, шығарды.

Роза Үмбетқазы Жаманова – 1928 жылы Ақтөбе қаласында туған. 1938 жылы әкесі Үмбет партия қызметкері, басшылық, белсенді қайраткер, белгілі адам жолы жабылып «халық жауы» деп айыпталып атылған. Отбасы қуғындалып, 10 жастағы Розаны Орал қаласына балалар үйіне жіберілген. Оқып, музыкамен щұғылданып, Алматыға барып, консерваторияға оқуға түсіп, бітіреді. Ахмет Жұбанов, Күләш Бәсейітова қамқорлық жасап, көмектеседі. Абай атындағы опера — балет театрына жұмысқа орналасып, талантымен көрініп, опера әншісі болады. Халық артист атағы берілді, депутат болып сайланды, ордендер алды.

Ахмет Жұбановтың 100 жылдығына байланысты Ақтөбеге құттықтау хат жазды. «Мен А. Жұбановтың шәкіртімін. Ол менің ұстазым, сабақ берді. Оның сабағы кезінде шыбын ұшқан дыбысы естілетін, тыныштық болатын, електеп тыңдайтынбыз. Ұстаз өте мазмұнды, шебер сөйлейтін, баурап алатын, жәйлап, жұмсақ сөйлейтін. Біз тыңдап, жазып алатын едік. Бізді музыкаға, өнерге үйретті, тәрбиеледі, бастады, басқарды. Он күндікте Москваға бастап апарды. Қазір белгілі болған әншілер бәріміз Ахмет Қуанұлы тәрбиесі, оқытуынан шықтық, өстік. Ол ұлы ұстаз. Қазақ музыкасы негізін салды, зор еңбек етті. Біз ұстазымызды ұмытпаймыз, ардақтаймыз»,- деп, Мерейтоймен құттықтап, Ақтөбеліктерге жетістік тіледі.

Ахмет Қуанұлы ұлттық аспаптар оркестріне Ақтөбеде жүрген күйші дарынды Қамбар Медетовті шақырды. Ол оң қолы болды, филармония құрылғанда орынбасарлық, ұйымдастырушылық қызметтерді орындады. Москвада қазақ өнер, мәдениет он күндігіне қатысып, «Ақсақ құлан» күйін орындады. 1938 ж. филармонияға жұмысқа келген күні ұсталды. Халық жауы деп айыпталып, сотталып Қиыр Шығысқа жіберілді. Сонан қайтпады, қалды.

Ақтөбеде өмір сүрген, қажырлы еңбек еткен Қожамбаев Қайырғали, Ахмет Қуанұлының шәкірті, оның сабағын тыңдап, білім алды, консерватория оқып бітірді. Академиктің үміт еткен шәкіртінің бірі, қабілетті, жақсы оқыған, ойлы, еңбекқор, Қайырғали болды. Қазір 88 жаста. Ұстазы ізімен жүріп, ісін жалғастырып, домбырашы, композитор, дирижер болды. Ұстазы атындағы Ақтөбе музыкалық училищесінде директор болды, Ақтөбе облыстық филармонияда А. Жұбанов атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері, көркемдік жетекшісі болды. Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Ақтөбе облысының Құрметті азаматы атағына ие болды.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов ұзақ жылдар табанды, қажырлы еңбек етті. Мәдениет, өнер мекемелерін, ұжымдарын бір өзі ұйымдастырды, құрды, ашты. Өзі басқарды, бір өзі директор, ректор болды. Шығармалар жазды, композитор, дирижер болды. Көркемдік жетекшісі, лектор, ғылым докторы, зерттеуші, кітап жазушы болды. Өнерлі, талантты жастарды, адамдарды тауып, шақырып, жинап, үйретіп, оқытып, қадірлеп, даярлап жетістікке жеткізді. Бір өзі осы көп жұмысты атқарды. Жұмысы сегіз қырлы, нәтиже жетістігі орындалуы бір сырлы болды.

Құдайберген Қуанұлы Жұбанов қазақтың кәсіби тіл білімінің негізін қалаған қайраткер тарихи тұлға. Әдебиеттану саласының дамуына зор үлес қосты.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов — қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін салушы, қазақ музыкасын зерттеуші, жазушы, көрнекті ғалым, академик, өнертану ғылымының докторы, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық  артисті, ұлттық рухани, мәдени, өнер саласы қалыптасуына зор әсерлі еңбек еткен тарихи тұлға.Құдайберген, Ахмет Жұбановтар қазақ ісін жасады. Жұбановтар ұлттық ғасырлық тұлғалар. Ұлт мақтанышы.Жұбановтар Абай ілімінде айтылған толық адамға толық сай келетін тұлғалар, азаматтар. Жұбановтар ұрпақтары тектіліктің дәлелі, көрінісі.

Құдайберген, Ахмет Жұбановтардың есімдерін, еңбектерін халық жадында сақтау, ұлттың рухани тарихи санасына насихаттау, сіңіру, жаңа заманда жалғастыру, жаңа ғасырда жаңғырту қазақ зиялылардың ісі деп түсінеміз, түйіндейміз.

 

 

Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы

Қазақстанның мәдениет қайраткері,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.