ШОНТЫ БИДІҢ ӘУЛЕТІ

0
91

Кеңес үкіметі орнай сала елдегі жағдай күрт өзгерді. Азамат соғысы одан кейінгі саяси оқиғалар қазақ қоғамына айтарлықтай деңгейде соққы болып тиді. Соның ішінде жер-жерлерде жаңа үкіметтің билігін нығайту мақсатында дәстүрлі қазақ қоғамының ішіне бүлік салып тап күресін туғызуға күш салды. Ол үшін бұрыннан қалыптасып елге сөзі өтетін жуан әулеттердің көзін құртып, тұқым-тұяғын құртуға білек сыбана кірісті. Ойлаған мақсатқа жету үшін халық ішінен билік тізгінін ұстап көрмеген, алайда тізгін тисе бас-көзге қарамайтын әумесерлерді арнайы таңдап үкімет жауларымен күреске қайрап салды. Өз кезегінде бұлар жер-жерлерде текті әулеттердің ізіне түсіп, жоғарыдан келген бұйрық негізінде жұмыс жасады. Жоғарыдан бері қарай тізбек бойынша құрылған жоспарлары ел ішіне сыналай еніп, арты өз нәтижесін бере бастады. Бір қауым елді асырап, туған-туысына қол ұшын созып, өзіне тиесіл аумақты экономикалық жағынан қамтамасыз етіп отырған ауқатты әулеттер бір сәтте елдің жауына айналып шыға келді. Бұған үкіметтің тікелей жоспарлаған іс-шаралары өзіндік әсерін тигізбей қоймады.
Қанды қол большевиктердің құрығына іліккен жуан әулеттердің бірі бүгінгі Темір ауданына қарасты Ақсай ауылының іргесіндегі Жаманағашты жайлаған Шонты бидің әулеті. Атақты Шонты Жамантайұлы өз заманында бес шүренге би болған. Сондықтан болар, бұл өңірдің ақсақалдары «Ойда Шонты, Қырда Шонты» дегенді жиі айтып отырады. Атақты Әбубәкір Кердері:
Би болған бес Шектіге атаң Шонты,
Шонтыны еш адамнан демейді олқы.
Кешегі Қаратайды хан қойғанда,
Өлтіріп Жантөрені шыққан даңқы
Хан қойған Қаратайды Әлім қалап,
Өлтірген Жантөрені құстай талап.
Келмеген қатарыңа хан баласы
Сол қылған қайратыңнан бермен қарап.
Таусылмас би Шонтының әңгімесі
Талайдың билік айтқан алдын орап, —
деп жырға қосады.
Өлең жолдарында көрсетілген Жантөре атақты Әбілқайыр әулетінен шыққан өз заманының алшаңдап басқан төресі болған адам. Заманы тар уақытқа сәйкес келіп, Әбілқайырдан өрбіген төрелер жаудай жағаласып, тіпті бірін-бірі өлтіруге дейін барған. Төре тұқымдарын қалың кіші жүз өзара бөлісіп, соңы қара халықтың араласуына да тура келді. Сондай бір қысыл-таяңда Нұралының Рыс деген қалмақ әйелінен туған Қаратай өзінің немере ағасы Жантөремен хандыққа таласқанда, шектілер Қаратайды қолдаған. Бес Шүреннің биі Шонты да бұл істен қалыс қалмай, өзге шектінің балаларымен бір сапта болды. Сондықтан Әбубәкір Кердерінің бұл өлең жолдары сол кездегі Шонты бидің бұл іске тікелей араласқандығына куәлік берер бірден-бір жазбаша дерек болып отыр.
Уақытында көшпелі жұртты жауға алдыратын да, жауға аттандыратын да өрісте мыңғырған малы еді. Мал баққан қазақ үшін шөбі шүйгінді отты жер қажет. Ондай жерді иемденіп қалу үшін рулар арасында даудың болып тұратыны тағы бар. Сондай бір Назар-Шүрен руларының көшіп-қонатын жерін белгілеуде Шонты би айтты деген «Араздық басы – базына, татулық түбі – қазына, бәріңе де жетеді, тату болсаң не етеді» деген басу сөзі осы күнге қаз қалпында жетіп отыр.
Үлкендер «Қасқа айғырдан қасқа тумаса да, төбел туады» демекші, Шонтының кіндігінен тараған ұрпақтары да құр алақан болмаған. Темір өңірінде шежірені жақсы білген Досанов Орынбасар ақсақалдың айтуынша Шонтыдан екі ұл Құлбатыр мен Жолбатыр туған. Ал, келесі деректе Шонтыдан төрт бала Боранқұл, Есенқұл, Аманқұл, Бижан тарайды. Көрсетілген төрт ұлдың ішінде Боранқұлдан Құлбатыр, Жолбатыр болып таратылады. Бұл нақты архив деректерінде көрсетілген. Өйткені Жолбатырдың баласы Ыбыраштың жеке іс-қағазында Жарты-Ожан-Жамантай-Шонты-Боранқұл деп жазылған. Шонтының мұрагері ретінде Құлбатыр уақытында көп іс тындырған. Оған дәлел тағы да сол Кердері Әбубәкірдің арнау өлеңі.
Патшаға шақыртылып барып келдің,
Мүбәрәк алтын жүзін көріп келдің.
Белгісі — мәуіті шекпен, күміс медаль,
Патшадан сол сапарда алып келдің.
Бар деді алтын, күміс медаліңіз,
Білінген басқа әкімге беделіңіз.
Ылайқат сүйегіңе сәндік қылып,
Меккеде қабыл болған жеделіңіз.
Өз уақытында Шонтының билік лауазымын Қаратай сұлтан балалары арқылы патшаға шағымданып қайтарып алған. Патша Құлбатырды Петерборға шақыртып, бұрынғы Хан кеңесінің шешімімен Жарас батырға бекітілген, кейіннен Шонты бидің иелігіне көшкен Жаманағаш, Жақсымай, Ақтасбасы, Кейкібас, Ақсуат, Ашаны Құлбатырға бекітіп, Құлбатырдың өзін бес Шүрен Қалмақ-Қырған болысының биі етіп тағайындаған.
Заманында Құлбатыр төрт әйел алған. Оның екеуі табын руынан, бірі кете, соңғысы ожырай руынан. Оған дәлел тағы да сол Әбубәкір Кердерінің өлең жолдары.
Пенде жоқ дүнияға жүрген тойып,
Белгілі адамдардың тұқымынан
Жұрт таңдап үш-төрт түрлі алдың зайып.
Бір қайның үш Табынның Ашабегі,
Болыпты жұртқа мағлұм Тұрыс, Тоқпан,
Баласы Сығайыңның асыл тегі.
Қаражан атқа мініп жүрген шақта
Кетпеген Ашабектің арман, кегі.
Бір қайның Иман Қыдыралі Алтай Кете,
Заманға Жұмағазы туған жеке.
Жұрт озған өзі батыр жігіт еді,
Тағдырға шара барма келген төте.
Үшінші Қожаберді Табын Талтақ,
Бас қостың жақсыларға жеке – жеке.
Жұрт озған адам дейді Табын Талтақ,
Ақсақал Жетіруға болған ортақ.
Айдаған төрт мың жылқы заманында
Озғанбай, Майлыбайды жатқан шалқақ.
Төртінші Ожырайда Төлек, Тастан,
Білуге баршасын да емен шорқақ.
Құлбатырдың соңғы әйелі елуден кеткенде барып қосылған Ожырай Тастан байдың немересі еді. Ол туралы ел арасында мынандай әңгіме сақталған. Құлбатыр елуден асқанда «жас иісті сағындым» деп, Ащы Ойыл бойын жайлап жатқан Тастан қажының немересін айттырып алуға қасына екі домбырашы жігітті ертіп аттаныпты. Үйден шыққанда әкесі: «Барар жолыңда Әлімнің қасиетті шаңырағы бар, ағып өте шықпа, бас сұға кет» деп ескертіпті. Құлбатыр әкесі айтқан сөзді жерге тастамай, әлгі үйге тоқтап, үйдегі қарияға сәлем бере кіреді. Сәлем алған қария: «жолың болсын, қарағым, қай баласың, танымадым ғой» дегенде, Құлбатыр жөнін айтып өзін Шүрен Шонты бидің ұрпағымын деп таныстырады. Шонтының «басына бақ қонған бір ұрпағы бар» деп естіп едім, Құлбатырсың ба? – деп бетінен сүйіп қарсы алыпты. «Үйге түс, қонақасыңды жеп кет» деп қолқаласа да батыр асығыс екенін алға тартып, қыз айттыра бара жатқанын сездіреді. Сонда қария қасыңдағы жігіттерің кім? Өзіңнің жасың нешеде? — деп сұрақ қойған. «Жасым елу төртте, мыналар күйеу жолдастарым, әрі әнші, әрі домбырашы жігіттер» деп жауап қайырады. «Айналайын, маған соққан соң, бір-екі ауыз ақыл айтайын», — депті қария. «Жасыңды сұраса, қырық тоғыздамын деп айт, қырықтың ішіндегі жігіт екен дейді, елуге қарағанда қырықтың көп абыройы бар. Екінші мына екі жігіттің орнына екі шал ертіп ал, олардан да әнші, домбырашы табылар, күйеуді көрем дегендер алдымен саған көзі түседі – деп ақыл беріпті.
Құлбатыр қарияның ақылын тыңдап, осы жерден өз ауылына қайтып келіп, екі шал ертіп барып, төрт мың жылқы айдаған Тастан байдың Қимақас деген немересін қалыңдыққа алып қайтыпты.
Құлбатыр уақытында отыз жылдай болыс болып, патша салдырған бірнеше қалаларда болған адам. Сондай бір сапарында Орынбар қаласында өзі секілді Адайдың Атақозы деген батырымен жолы түйісіпті. Екеуі әуелден таныс, өзара сыйлас адамдар болса керек. Орынборда бірге жүрген екі таныс сөз арасында бесік құда болу жайлы әңгіме қозғапты. Содан не керек кімде ұл болса күйеу, кімде қыз болса келін болар деген сөзге тоқтап тарқасқан. Келер жылы Құлбатырда қыз, Атақозының шаңырағында балпанақтай ұл дүниеге келген. Содан жылдар өтіп, бала он беске келгенде, Атақозы «ескі таныс не дер екен» деп кісі салыпты. Жіберген адамы Құлбатырдың алдына келсе, баяғы сөз өз күшінде екен, тек екеуміз де осы өңірге беделді адамдармыз тойды дүркіретіп өткізейік, келеріңде әнші, балуан, ақын, мешкей, бәйге атыңды, т.б. тойдың сәнін келтірер адамдарыңды ерте кел, — деп сәлем айтыпты.
Содан не керек құдасының сәлемін алған Атақозы елінен мен деген әнші, домбырашы, балуандарды жиыпты. Домбырашы етіп руы Адай оның ішінде Кенжебай-Қараш Жәкен дегенді алдырыпты. Ол кісінің домбыра шерткені бөлек, қызы-қыза келгенде жата қалып башайымен де тартады екен. Атақозы осы қалай дегендердің бәрін жиып, тек мешкей таппапты. Сол уақытта мешкейлердің де де азайған уақыты болса керек, табудың өзі қиынға түсіпті. Іздестіре жүріп Жемнің бойында Шегем, Ұлықпан деген ағайынды мешкейлерді тауып алған. Ол заманның мешкейлері бір қойды бір өзі жеп, не болмаса екеу ара бір тайдың етін жеп жүре береді екен. Әлгіндей атақты адамдар той бергенде келісілген малды жеп табалдырықтан аттап шығып кетсе болғаны, бәйге қанжығаға байланды деген сөз. Сондай бір аста ағайынды екі мешкей бір тайды бөліп жеп, енді шыға бергенде, інісі Шегем шыдай алмай екі алақанын толтырып құсып жіберіпті. Мұны көрген ағасы алақанды аштырмай, өзі жұтып жіберіп, інісін қолтықтап табалдырықтан аттап жүре беріпті. Міне, атақты мешкейлердің ізін қуып Атақозы да өз бұйымтайын айтып, Ұлықпанның ауылына ат басын бұрады. Ол кезде Ұлықпанның алпысты алқымдап қалған кезі екен жағдайын айтып көне қоймаған. Дегенмен пенде ғой, бәйгеге тігілер дүниеге қызықты ма кім білсін, соңынан келісім беріпті. Бірақ берген асты жермін, соңында тұрып кетуім қиындау болар, қолтығымнан демеп жіберіңдер, — депті. Сол айтқан үлкен той болып, екі өңірдің атақты екі азаматы төс қағыстырып құда болып, аты бүгінге жеткен Жаманағаштың бойында сауық-сайран өтіпті дейді үлкендер. Осы деректерді негізге ала отырып Құлбатырдың өмірі әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Өйткені Петерборға барып патшадан медаль, мәуіті шекпен алу екінің біріне беріле беретін дүние емес. Сондықтан ғұмыры ат үстінде өткен бабалар ізін іздестіру бүгінгі күннің еншісі деп білемін.
Заманында ел тізгінін ұстаған Құлбатырдан Бекен, Сұлтанғали, Қаналы, Жәукен туған. Ал, архив деректерінде 1917 жылғы тізім бойынша Құлбатыров Қаналы Қалмақ-Қырған болысы, №9 ауыл, жасы-41-де, әйелі-30-да, қызы-10 және 6-да деп екі қызын көрсеткен. Келесі Құлбатыров Сұлтанғали №9 ауыл, жасы-45-те, әйелі-37-де. Құлбатыров Жәкен №9 ауыл, жасы-18-де, інісі-14-те және 12-де деп екеуін көрсеткен. Бұл жерде Жаукен дегені Жакен, оның інілері шежіреге кірмей отыр. Оған 1920-1930 жж. орын алған түрлі оқиғалар өз әсерін тигізгені анық.
Бұл әулет кеңестік жүйенің қысымына ұшырып, елден жырақтап бүгінде ұрпақтарының өзі шежірелерін жөнді түгендеп, аталарының қайда қалғанын білмей отыр. Өйткені Жаманағаш бойында кеңестік билікті нығайту жолында қарсы келер бірден-бір күш ретінде қабылдап Шонты бидің әулетін жоқ қылу жергілікті большевиктік идеяға иланғандар үшін басты мақсат болды. Сол үшінде Темір ауданы бойынша ойдан құрастырылған «Назар-Жекей» рулық тобына мүше болды деген желеумен алғашқы айыптаулар басталды. Ол үшін Құлбатырдың баласы Бекеннің отбасын нысанаға алып, Жаманағаш бойында кеңестік жүйеге қарсы жұмыстар жүргізіп, рулық араздықты ушықтырды деген желеумен жауапқа тартты.
Ауызша деректерде Бекеннен – Самат, Сейіт, Самұрат, Нарман тараса, бұл тізімді архив деректері де растап тек Нарманды 23 жаста Нармағамбет деп көрсеткен. Оған сәйкес Бекенов Самұрат 1932 жылы 2 мамырдағы жауабында 36 жаста, жартылай сауатты, Темір ауданы №5 ауыл, малшы. Әкесі 1903 жылы қайтыс болып, барлық дүние мұрагерлік жолмен Самұратқа берілген. Өйткені архив деректерін салыстыра келе Бекеннің үлкен баласы Самұрат болғаны анықталып отыр. Қазан революциясына дейін жертөле үй, киіз үй, тарантас, шөп шабу құралы, 50 жылқы, 20 түйе, 30 сиыр, 100 қой, 2-3 батырақ ұстаған. Бұл жерде барлық мал-мүлкі тізімге ілікпей, не болмаса большевиктер әдейі көрсетпеген. 1921-1922 жж. ауылдық кеңес төрағасы болып сайланып, кейін кеңестік билікке қарсы үгіт-насихат жүргізгені үшін дауыс беру құқығынан айырып, кәмпескенің уақытында дүние-мүлкі тәркіленген.
1932 жыл 14 мамырдағы Темір аудандық ОГПУ бөлімшесінің басшысы Ленский мен қызметкер Махлайдың жазбасында Бекенов Самұраттың қарамағында 2-3 батырақ бір үзім ет үшін күн көрген. Кеңес үкіметі байларға қысым көрсете бастағанда малдарын сатып, кедейлердің қатарына қосылуға әрекеттенді. Дегенмен бұл әрекетімен қоса үкіметке қарсы үгіт-насихатын естіп-біліп отырған басшылық жоспарды орындауды талап еткен. Бірақ ол жоспарды орындаудан бас тартқан. Сондықтан дауыс беру құқынан айырып 1929 жыл 13 шілде-1931 жыл 13 шілде аралығында 58 баптың 10-шы тармағы бойынша екі жылға Уфа қаласына жер аударылды. Ол жақтан жазасын өтеп 1931 жылы қазан айында ауылына оралған. Келген соң үкіметке қарсы үгіт-насихат жұмысын тоқтатпай, билік байларды толық жойып соңы жаппай кедейшілікке ұрындырып, барлығымыз аштан қырылатын боламыз дегенді үнемі айтатындығын алға тартады.
Самұрат Бекеновтың ойдан құралған «Назар-Жекей» рулық тобына мүше болды деп айыпталуына бірінші мемлекеттік дума депутаты, Темір уезіне белгілі қайраткер Алпысбай Қалменовтың қызына үйленуі де әсер еткен секілді. Жеке іс-қағазында қай жылы екендігін көрсетпеген маусым айында әйелімен бірге Алматы қаласына А.Қалменовке барып қайтқандығы айтылған. Соған қарағанда үкімет тарапынан Самұратқа қатысты деректер алдын-ала жинақталып, оның революцияға дейінгі өмірі де назардан тыс қалмаған. Айыпталған уақытында оның бай болғандығына тікелей куәлік етуші колхозшыларды да атап көрсетеді. Істі зерделей келе Бекенов Самұраттың 1931 жылдан кейінгі өмірі туралы деректер бүгінгі күнге жетпей, ұрпақтарының өзі аталарының нақты дерегін білмей отыр. Сондықтан алдағы уақытта тың деректер шығып жатса әулет шежіресін түгендеуге септігін тигізері анық.
Бекенов Самұратпен қоса оның інілері де үкімет қырына ілігіп, істі болған. Оның ішінде Сейт, Самат, Нарманда ұсталып, отбасы кәмпескеленді. Жеке іс-қағазында 18 мамыр 1930 жылы Бекенов Сейт 28 жаста, орысша-қазақша сауатты, бұрынғы басшы, байдың баласы, Темір ауданы №4 ауыл, тұрғыны деп көрсетілген. 1924 жылы жергілікті кеңеске қайта сайлау кезінде өз жақтастарын қолдап рулық топқа мүше болып, кеңестік тәртіптің орнауына кедергі келтірді. Сонымен қатар отбасында анасы Балбөпе 58 жаста, әйелі Ақзер 25 жаста, інісі Нарман 22 жаста, келіні Тойған 20 жаста және төрт баласы бар екендігі нақты көрсетіледі. Қазіргі уақытта 5 түйе, 14 жылқы, 5 сиыр, 30 қой, 1 батырақ ұстайды.Үкімет тарапынан Сейіттің мойнына қойылған айыптарға жекелей тоқтала кетсек:
— Өзіне қарасты батырақтарды қанап бір үзім ет беріп жұмсап, реті келсе өзіне тиімді жағымен өсімге мал беріп онысын пайыздық үстемемен алып отырған;
— 1930 жылы қаңтардың 21 күні Бекенов Сейт өзі тұратын елді мекендегі халықты артель құруға қарсылық танытуға, үкімет барлық мүліктеріңді тартып алып соңында аштыққа ұшырайтындығы жөнінде үгіт-насихат жүргізген;
— Малының жартысын әдейі сойып оның ішінде 30 қой, 10 ірі-қараны базарға өткізіп жіберді;
— Артельге мүшелікке өтумен қоса астық дайындау ісіне де кедергі келтіріп, жергілікті билікті тартып алуға тырысты;
— Темір ауданындағы «Назар-Жекей» рулық тобына қатысып «Жекей» руын қолдай отыра билікке жетуге талпынды;
Осындай үкіметке қарсы әрекеттері үшін дауыс беру құқығынан айырылған. Кейін кәмпескенің уақытында мал-мүлкі тәркіленіп, өзі Ақтөбе қаласында жасырынып жүрді. Ол туралы Темір аудандық ІІХК басшысы Тюриннің баяндамасында Ақтөбе қаласында есепші болып жұмыс жасайтын Каналин Есет арқылы нақты мекен-жайын анықтауды қажет екендігі айтылады. Каналин Есеттің де бай ретінде кәмпескеленгені көрсетіледі. Соған қарағанда Сейттің ағасы Қаналының да отбасы кәмпескенің құрығына ілігіп, жан-жаққа кетуге мәжбүр болған деп болжауға болады. Бұл кісінің де ақырғы дерегі осы жерден тоқтап, алдағы жылдары қайда қалғандығы жөнінде мардымды ақпарат табылмай отыр. Дегенмен Сейттен қалған ұрпақтар бүгінде Ақтөбе облысының аумағында тұрып жатыр.
Міне, осылайша Шонтының ізін жалғап болыс болған Құлбатыр әулетімен большевиктер 1930 жылға дейін есеп айырысып, шаңырағын ортасына түсірген. Кеңестік биліктен ығысқан бала-шаға, бірең-сараң еркек кіндік туған жерден ауа көшіп, жан тыныштығын іздеумен бірі Бесқала асып, кейбірі жақын маңдағы қалаларды жағалап босып кетті.
Кеңестік биліктің ызғары тек Құлбатырдан тараған ұрпақты ғана емес Шонтының келесі бұтағы Жолбатыр әулетінде қынадай қырып, қарсы келгенін аямай жаныштады. Жолбатырдың екі баласы Әбілхан мен Ыбырашты біріне-бірін жау етіп, жергілікті жерде «Назар-Жекей» рулық тобына жетекшілік етті деген желеумен істі қылды. 1926 жылы желтоқсанда Темір уезінен 17 адам №57 және №62 баптар бойынша жауапқа тартылды. Осы 17 адамның арасында Әбілхан, Ыбыраш Жолбатыровтарда болды.
Жолбатыров Әбілханның жеке іс-қағазы 1930 жыл 22 ақпанда басталып, 12 сәуірде аяқталған. Бұл бойынша Әбілхан – 51 жаста, байдың баласы, сауатсыз, мал шаруашылығымен айналысып, Темір ауданы №5-ші ауылда тұрады. Жергілікті жерде рулық топқа мүше, 1923 жылы жергілікті кеңеске қайта сайлау кезінде ауылдық кеңес қызметін қолына алуға тырысқан.
Әкесі бай\сопы-Жолбатыр 1923 жылы қайтыс болып, дүние-мүлік Әбілханда қалған. Сонымен қатар қол астында бір үзім етке бола қысы-жазы 3-4 батырақ жұмыс жасаған. Батырақтарға өзіне қолайлы жағдайда мал беріп, оны өндіріп алып отырды. Билікке қарсы жұмыстары үшін дауыс беру құқығынан айырылған. Уақытында «Жекей» тобына жетекшілік етті. Осындай үкіметке қарсы жұмыстары үшін 1927 жылы №57 бап бойынша үш жылға өзге облысқа жер аударылды. Ауылға келген соң үгіт-насихат жұмыстарын тоқтатпай, мысалы 1930 жылы 12 ақпан күні №5-ші ауылда тұратын батырақ Қобдабаев Акдаммен сөйлескенде жақында соғыс басталса қолдарыңдағы нанның барын басқа державалар тартып алатын болады, кеңестік билік сендерге артель құруға көмектеспейді. Қазір Ембі өзенінің бойында адайлардың жасағы тұр, ал адайлармен түркімендер бірігуде, оған қоса басқада державалар көктемді күтіп отыр артынша үкімет құлайды. Міне, осы туралы Қобдабаев жергілікті билікке жанымнан еш нәрсе қосқан емеспін деп баяндаған.
Жолбатырдың келесі баласы Ыбыраш туралы ауызша деректе архив деректері де табылмай отыр. Дегенмен Темір өңірінен істі болған 17 адамның арасында жалпылама деректер ғана сақталған. Сондықтан Жолбатырдың ұрпақтары 1930 жылдан кейінде қуғын көріп, бүгінде жер-жерлерде бар дегенді құлағымыз шалып қалады.
Қазіргі күні Темір ауданы, Ақсай ауылының маңында «Бекенсай» атты үлкен сай жатыр. Бұл атақты Құлбатырдың баласы Бекеннің қонысы болған. Ал, бүгінгі күні жергілікті халықтан жер атауын сұрай қалсаң мардымды жауап ала алмайсың. Өйткені ескіден сыр шертер ақсақалдардың көбі келместің кемесіне мініп үлгерді. Дегенмен жер атауының өзі архив деректері мен ауызша деректі одан әрі нақтылап, тарихи тұлғалардың бейнесін одан әрі ашуға жәрдемдесуде.
Міне, кеңестік солақай саясаттың ызғары бір әулеттің тағдырын ойран етіп, рухы биік, көзі ашық ұрпақтың тамырына балта шауып, өлгені қалып, кеудесінде жаны барын елден аластап жіберді. Бұл бір әулеттің ғана емес, бар қазақтың қасіреті. Өйткені жер-жерлерде мұндай әулеттердің қаншасының тағдыры ойран болды. Сондықтан бүгінгі тарих ғылымында жекелеген әулеттердің тарихын зерттеу арқылы ақиқаттың кілтін табуға жақындай түсеріміз хақ.
ЖҰБАНЫШ РАЙЫМБЕК
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ