«СӨЗ ҚАДІРІ – ӨЗ ҚАДІРІҢ»

0
975

                                                                                                                                                                        «АҚЫЛ-ОЙДЫҢ КӨРКІ – ТІЛ,
ТІЛДІҢ КӨРКІ – СӨЗ»
Ж. БАЛАСАҒҰН.

Қазақ халық — ықылым заманнан бері сөз өнеріне, сөйлеу мәдениетіне үлкен мән берген ел. Қазақтың жері қандай кең болса, тіл өнері де сондай бай. Тілге, сөзге қатысты асыл-маржандай ауыз әдебиетімізде де мұралар сан алуан. Соның бірі «Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер» деген мақал. Ата-бабамыз сөз қадірін жете түсініп, қадірлеп, қастерлеп, құнды мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Ал қазіргі заманда салмақты сөз сөйлеп, орамды ой мен ұтымды пікір айта білетін адамды кездестіру қиын болып барады. «Сөзім өзімде» деп салмақ пен тармақты ұмытып, сапасыз, жеңіл, одан қала берді қазақша мен орысшаны араластырып дүбәра сөйлейтіндер қаптап бара жатыр.
«Сөз анасы – сәлем» деген мәтелді еске алатын болсақ, бұл нақыл сөздің де қадірі қашқалы қашан? Қала тұрмақ, шағын ауылдарда адамдар бірін-бірі көрген кезде, мейлі танымасын, амандасу, сәлем беру – бұл біздің ежелден келе жатқан байырғы дәстүріміз. Осы кезде ойымызға «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз түсері анық. Демек, көп нәрсенің бастауы – отбасында, ошақ қасында, ата-әже, әке мен ананың тәрбиесінде жатыр. Үйдің үлкендері ұлықтамаған дәстүрді жастардан да талап еткен, бәлкім, орынсыздау да болар. Дей тұрғанмен, «Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені» екенін үйрету үшін тек қана отбасында шектеліп қоймай, білім ордалары балабақшалар мен мектептер тарапынан даүнемі жас өрендерге айтылып отыруы керек.
Сәлем беру, амандасу жайынан кейін, жалпы адамның сөз сөйлеуінен оның ішкі мәдениетін байқауға болады. Сөйлеу мәдениеті дегенге тек сыпайы сөйлеу деген ұғым қалыптаспауы керек. Адамның қалай сөйлегеніне қарап, оның рухани және парасат өрісін, ішкі мәдениетінің дәрежесін анықтауға болады. Қазіргі таңда ең басты мәселелердің бірегейі – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, барлық қаракөз бауырларымыздың өз ана тілінде сөйлеуіне қол жеткізу. Сол себепті негізгі міндет – балабақша, үй, мектеп, жоғары оқу орындарында ұл- қыздарды тілдік қоры бай қазақ тілінде сөйлеу мәдениетіне үйрету. Көне замандағы мәдениет ошақтарының бірі – шумерлердің тас табақтарына былай деп жазылған екен: «…Аузыңа абай бол, көкейдегі ойды айтуға асықпа, ойланбай сөйлесең, опық жейсің…», ал мексика халықтарында «Сөйлегенде сабыр сақтаған жөн, асығып-аптықпа, қызбаланба, дауысыңды көтерме, сөзің орынды да ұрымтал болсын» десе, үнді заңында «Қандай бір қиын жағдайда да балағат сөзге тыйым салынады, көкейге қонымды, көңілге ұнамды сөздер ғана айтылсын» делінген. Бұл адамның сөйлеу тілінің адам өміріндегі маңызын, жөнімен сөйлей білудің қажет екенін, сөздің құдіретін мойындаудан туған жауапкершілік.
Кей жағдайда үйде де, көшеде де, орындарда да бірқатар жастардың бір-бірімен қарым-қатынас жасағанында, әңгімелескенінде қалай болса солай сөйлейтіні, қазақ тілінің қадір-қасиетін түсінбейтіні байқалады. Жастардың қысқаша «базар жоқ», «лапша ілді», «құлақтан тепті», «картопты жарды» және тағы басқа сөз тіркестерін айтып жатқанын жиі естиміз. Солай сөйлеуді сәнге айналдырып, оны зор мақтаныш көретіні де рас. Оны жиі қолданудың басты себептерінің бірі – интернеттегі кейбір сананы улайтын сайттар, теледидардағы түкке тұрғысыз түрлі бағдарламалар, әлеуметтік желілердегі жеңіл әңгімелер. Алайда барлығын кінәламаймыз, бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, сол бір жағымсыз сөз тіркестерін жою көп күресті қажет етеді.
Өкінішке орай, қазіргі қоғамда сөйлеу әдебі қарым-қатынаста, қоғамдық орындарда, жалпы өз елімізде сирек сақталады. Оған дәлел ретінде бірнеше мысал келтірейін. Бірсыпыра тұрғындар, әсіресе қалалық жерлерде, ауызекі сөйлеу тілінде «Мен Абаяда тұрамын», «Университет Жубановада орналасқан», ал кентімізде де «Калниязова көшесіндегі…», «Кереева, Гагарина көшелері» деген орысша-қазақшасы араласқан қойыртпақ тіркестер пайда болды. Дегенмен, бұл тіркестер әрбір адамның әдетіне айналып кеткен. Көпшілігіне «Мұның қалай?» десең, «Ауру қалса да, әдет қалмайдыға» басады. Дей тұрғанмен, ана тілімізде анық,дұрыс сөйлеу әрбіріміздің өзімізден басталады. Мектеп кезінде «Абай», «Жұбанов» деп үйренген сөздерімізді жүре-бара тілімізде өзгеріске ұшыратқан да — өзіміз. Ендеше, «бүлінген »тілімізді жөндеу- өз қолымызда. Сондықтан да бірінші мәселе: сөйлеу әдебін қалыптастыратын сөйлеу сапаларын әрдайым ескеру қажет. Сөйлеудің сапаларына кіретіндер: мінсіздігі, тазалығы, байлығы, дәлдігі, қисындылығы, мәнерлілігі, бейнелілігі, әсерлілігі, орындылығы, түсініктілігі.
Тағы бір тәрбие құралы- үйіміздің төрінде ілулі тұрған теледидар мен қолымыздағы смартфон телефондар. Технологияның қарыштап дамыған заманында жас ұрпақтардың сана-сезімі де осы телефон арқылы дамып жатыр. Әр баланың қолында бір-бір телефон. Таңнан кешке дейін ақтарғаны әлеуметтік желілер, ютуб, тик ток, инстаграм сынды желілердегі «миларын улайтын» видеолар, жеңіл әзілдер, тіпті, өнер адамдары саналып жүрген әзіл саласының әртістерінің анайы сөздері бүгін де үлкеннің де, кішінің де «хитына» айналып отыр. Теледидардан да саналы ойлап, ұғымды нәрсе айтатын жандарды кезіп тұрып іздейтін болдық. Айналаңнан бөлек,тәрбие мен тәлім ордасы саналатын көк жәшіктен екі әріптің бірін жөнді айта алмай, тілі шұбарланған жүргізушілерді кездестірсең таңғалмайсың. Нарық заманы ғой! Рейтинг деген ашкөз пайда болды. Қоғамды неге болмасын итертелеп жатыр.
Тіпті, бүгін де, тәрбиелік мәні жоқ, бір-бірімен қырылып жатқан қатысушылары бар, дау-жанжалға толы «атышулы» бағдарламалардың ақсақалды аталарымыз да, ақжаулықты әжелеріміз де тұрақты көрерменіне айналды. «Қой, сөз қадірін жоғалтпа, сөз қадірін жоғалту өз қадірін жоғалту» деп ақыл айтатын тіл жанашырлары да сол уақытта жоқ бола қалады.
Тіл ерекшелігі, сөйлей білу ежелден бері жеке адамның, қоғамның ой-санасын дамытып, жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Сөз – ойлы да мәнерлі болуы тиіс. Әйтпесе, ол көздеген мақсатына жете алмайды. Халқымыз мәнді сөйлейтіндерді «сөзі мірдің оғындай екен» деп дәріптейді. Қашанда тіршілігіне салмақпен байсалды қарайтын адам сөйлеу мәдениетіне ерекше мән береді. Ал, Ж.Баласағұн «ақыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деген. Ендеше, түкке тұрғысыз сөздерді түбімен жоймасақ та, аз да болса дұрыс сөйлеп үйренейік. Кей жағдайда былапыт, кесапат сөздер бұршақша жауады. Өз тіліміз – сарқылмас, таптырмас байлығымыз емес пе? Кез келген жағдайда көпсөзділік ойдың жинақы еместігін білдіреді. Егер тыңдаушыға қандай да бір ойды жеткізгіңіз келсе, сөйлесер алдында араларыңызда не туралы сөз болатыны жайлы нақты мақсат қойып, қашанда нақты, тура, қысқа сөйлеуге тырысқан абзал. Кез келген адаммен тіл табысу өзімізге байланысты. «Бір ауыз сөз жігеріңді де жасыта алады, мерейіңді де тасыта алады» дегендей, бір ауыз сөз айту арқылы өз беделің мен дәрежеңнен айрылуың мүмкін. Нақтырақ айтқанда, сөйлескен адамыңызды мұқият тыңдауға үйреніңіз. Сонда ғана сөз саптауымыз арқылы барлық болмысымызды толығымен көрсете аламыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сөйлеу – адам санасының басты белгісі. Қисынсыз сөздермен тілімізді шұбарлағанша, ата-бабаларымыз қалдырған асыл сөздерімізді қолдана білейік.
Арай ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ.