Жалақорлық құрбаны

0
87

Қатал жылдардың қахарына ұшыраған аяулы азаматтар тарихтың жаңа кезеңінде әділ бейнелерін айқындап, бағасын алып, есімдері ел ортасына оралуда. Сарғайып тозығы жеткен парақтар мен сия табы өшіріле бастаған жазбаларды, әр түрлі іс-қағаздарды ақтара түскенде бұл документтердің ұқыпты қолда сақталғандығын, кезінде ыждағатты жинақталып қойылғандығын аңғарамыз. Сөз болғалы отырған азаматтың – арманда кеткен кінәсіз ағалардың бірі екендігіне күмән келтірмейсің.

Аты-жөні – Шәкір Мырзалин. Ол 1904 жылы Ақтөбе губерниясына қарасты Темір уезіндегі Эмба-Байсары облысында дүниеге келген. Бір атадан Шәкір, Көпес, Бақыт, Жолдас, Ғани, Өтепберген болып тараған. Әкесі Мырзалы өмірін мал соңында өткізген кедей болған. Шәкір есін білгеннен байдың малын бағады. 12-13 жасқа иек артысымен-ақ үлкендерге еріп, ерте тұрып, кеш жатып шаруаға араласады. Бейнет пен еңбек, кедейлік пен жоқшылық Шәкірді ерте есейтіп, оның жас кезінен-ақ үлкендерге артылар салмақты істерге араласуына мүмкіндік туғызады.

1926 жылы бүкілодақтық халық санағын жүргізгенде, оған санақшылық қызметті сеніп тапсырады. Шәкірдің алғашқы қоғамдық іске араласуы осыдан басталады. Жасынан пысық, жоқшылыққа қайнап өскен ол іске бірден ширақтылығымен, ұқыптылығымен көріне бастайды. Өзіне тапсырылған міндетті жұмысты ылғи тындырымдылықпен орындап, риза етеді.

1929 жылдары әскер қатарына шақырылғандармен жұмыс жасайды. Сол жылы 8 айлық кооператор қызметкерлерін даярлайтын курсқа ана тілінен сабақ жүргізеді. Ол өз бетіменен білімін көтеріп, көзқарасының жан-жақты дамуына, талғамының тереңдей түсуіне мүмкіндік іздейді. 1929-1930 оқу жылдарында педтехникумды оқи жүріп, сауда бөліміндегі май өндіру ісі курсына қоғамтанудан, орыс тілінен, арифметикадан және қазақ тілінен сабақ береді. Шәкір 1930 жылы октябрьде Ақтөбе педагогикалық техникумын үздік бітіреді. Содан кейін Табын аудандық оқу бөлімінде инспектор болып жүрген жерінен, Темірдегі қазақ мектебіне мұғалімдік қызметке ауысады. Онда 5 айлық педкурске меңгерушілік етеді және қазақ тілінен сбақ жүргізеді.

Өз қызметіне тиянақтылығы мен іскерлігін танытқан Шәкірді аудандық партия комитеті басшы қызметке тағайындауды ұйғарады. Сөйтіп, аудандық партия комитетінің ұсынысымен Шәкір Мырзалин 1931 жылы октябрьде жеті жылдық колхозшы жастардың Қонжар мектеп интернатына директорлыққа тағайындалады. Ол сеніп тапсырылған жаңа қызметке жігерлілікпен, ынталылықпен құлшына кіріседі. Шәкір қабылдап алған кезде бұл мектептің аты ғана болғанға ұқсайды, бар мектеп үйлері, 1-2 сарай мен жатаған үйлерден басқа ештеңесі жоқ болған. Мектеп интернаттың қосалқы шаруашылығында 27 бас ірілі-ұсақты малы болған.

Жастайынан еңбекке араласып өскен жас маман мектептің бар шаруашылығын бірден игеріп кете бастайды. Қолы бос кезінде мұғалімдерді әртүрлі істерге жұмылдырып, қызу еңбекке мектеп балаларын да көмекке ұйымдастырып отырады.

1930-1932 жылдардағы қазір айтылып жүргендей алапат-аштық бұл өңірі де шарпымай кеткен жоқ. Бірақ табанды, іскер Шәкір қиындыққа қарсы ұмтылды. Ол барлық уақытта мектептің ісін түзеуге, қиындықтардың жолын тауып, шығып отыруға білімі мен қайратын жұмсайды. Мектептің қосалқы шаруасындағы мал басын тоқтаусыз өсірді. 150 гектардан астам жерді дәнді дақылға өңдейді. Жемшөп қорын жасауды ұйымдастырады. Мектеп- интернатты  көкөніспен, қысқы азықпен қамтамасыз етуді ұйымдастырады. Сөйтіп 1935 жылы мал басын өзі қабылдап алғаннан үш есеге дейін көбейтеді. Мектеп үйін кеңейтуге байланысты да көптеген игі істерді тындырды. Мектептің оқу-тәрбие жұмысын жақсартуды көздеп, көмек сұрап талай есікті де қаққан, соның нәтижесінде бірнеше қосымша бөлмелер, сарайлар салғызады. 1933 жылы мектеп-интернат балалардың ауыл шаруашылық Қонжар коммунасы болып қайта құрылды. Бұнда баспанасыз, әке-шешесіз, қараусыз қалған балалар тәрбиеленетін болды. Шәкір Мырзалиннің іскерлігін ескеріп, ұйымдастырушылық қабілетін бағалап, аудандық оқу бөлімі 1933-1934 оқу жылдарының қорытындысымен оған 50 сом мөлшеріне ақшалай сыйлық береді.

Одан кейінгі іс барысы кенеттен басқаша басталады. 1935 жылдың 1 мартында Шәкірді аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен қызметтен босатады. Ол туралы өзі былай дейді: «Вдруг І. ІІІ. 1935 г. Не ожиданно, не гаданно было снять с этой работы, за что? Сам не знаю, а завРОНО т. Блеубаев мотивирует свое сухое увольнение что, Мырзалин снимается как не обеспечивающий руководством… (Аудандық партия комитетіне жазған арызынан).

Оқу жылының аяқталғанына екі ай қалғанына қарамастан негізсіз, жазықсыз жұмыстан босаған Шәкір әділдік іздеп, жоғары орындарға жүгінеді, бірақ жағдай өзгермейді. Аудандық партия комитетінің хатшысының қызметін атқарушы Киселов та, атқару комитетінің председателі Жанболатов та көмектесе алмайды.

Аудандық оқу бөлімінің сол кездегі меңгерушісі Блеубаевтың пиғылы бөлек еді. Ол мектеп директорлары мен мұғалімдерден қалт кеткен кемшілігін байқаса, бірнәрсе жырып қалуды әдетке айналдырған. Оны сол кездердегі деректерге қарағанда қарамағындағы қызметкерлері ет пен астық, сүт тағы басқа азық- түлікпен қамтамасыз етіп отырғаны байқалады. Тіпті № 16 балалар үйінің меңгерушісі Ералы Юсупов, Блеубаевқа сыйлыққа кілем тартқан. Ол Шәкірден де осындай сыйлықтар талап етті. Оның қолына ештеңе бұл тарапынан тие қоймаған. Жаны таза, турашыл Шәкір аш-жалаңыштардың аузынан  ештеңе жырып, оған жағымпаздана алмады. Шәкірдің бұл қылығы түбінде өзіне жаманшылық болып жабысты.

Облыстық оқу бөлімінің инспекторы Оразалин Есенғалимен байланыса отырып Блеубаев, оның інісі Оразалин Жұмабайды Шәкірдің орнына тағайындайды. Бірақ жаңа директор қабілетсіз, кездейсоқ қойылған біреу болып шықты. Ол туралы Шәкір былай деп жазады: «Видимо новый директор не упрямый парень. Сразу сдался. Блеубаеву: выделил в пользу Блеубаева одну корову на удой из детдома Кунжары», (Аудандық партия комитетіне жазған арызынан).

Мектеп директоры қызметінде 1934 жылы Шәкір аудан басшыларына білім дәрежесін көтергісі келетіндігін айтады. Бірақ оны босатпайды. 1935 жылы сентябрьде  институттардың біріне оқуға жіберуін өтінеді. Мұнда да аудандық партия комитеті кадр жоқтығын алдына тосқауыл етіп тартады.

Қонжар мектебінен босағаннан кейін Шәкір, Темір орыс орта мектебіне барып, қазақ тілінен барлық кластарға сабақ береді. Темірдің педтехникумында қосымша сабақтар береді.

Коммунист Шәкір Мырзалин өз білімін барынша өз бетімен жан-жақты жетілдіріп отырған. Ол іс-қағаздарын арабша, латынша, қазақ және орыс тілдерінде де жүргізе білген. Оның қолжазбалары мен арыз-шағымдарында соңғы кездерде өзі аяғынан тік бастырған, тер төккен Қонжар мектебіне бірнеше рет қайта оралғысы келіп өтініш жасағаны белгілі. Сол кездегі әкімшіліктің әділетсіздігінің салдарынан бұл тілегінің орындалуына мүмкіндік болмады. Ол өмірінің ақырғы 1937 жылды табалдырықтан аттаған кезде ел ішінде зиялы, зерделі азаматтар бірінен соң бірі ұсталып жатқан шақ еді. Қанды құрық  Шәкірді де  шеңгелінен құтқармайды және ол өте тосын ойламаған жерден болады. Төмендегі документтердегі дерек осыны анықтайды:

Члену ВКП (б) тов. Мурзалину.

Темирский район партий выделяет вас докладчиком в первичную парторганизацию Талдысай по вопросу двадцатой годовшине шестого съезда партии… очереднего партсобрания, по этому вопросу нужно договорится с парторгом тов. Айтжановым материялы получайте в парткабинете, о выполнении этого задания представить краткие докладные и протокол собрания.

Секретарь Темирс. РК КП (б) К: (Буланин).

(Бұл документ 1937 жылдың 5 сентябрінде 320 номерімен тіркелген).

Протокол облысқа г. Актюбинск 1937 г. Сентября 7 дня.

Я Нургалиев Т. На основании ордера НКВД Актюбинской области КазССР №1 от 9. ІХ. 1937г. произвел  обыск в квартире Мурзалина Шакира, Уральская улица дом № 19 при обыске присутствовали Сейтжанов, Тугелов.

Согласно данным указаниям задержаны гр. Мурзалин Шакир.

Взято для доставления в УНКВД.

Актюбинской области. Следующее: паспорт № 578932 Серия АЖ. партбилет № 0741980, билет охотничьи, членская карточка 1764 и разраспереписка 4 штук.

Соңына қолдар қойылып, 7 сентябрь 1937 жыл деп жазылған.

Сөйтіп 1937 жылдың 5 сентябрінде аудандық партия комитетінен тапсырма алып тұрған коммунист Шәкір 7 сентябрьде тұтқындалады. Содан қайтып оралмайды…

Бұл Мырзалин Шәкір туралы әңгіменің басы ғана.

Аяулы азамат ұсақ-түйек қағаздарына дейін қаттап жинап, мұқият тігіп отырған. Заман түзеліп, істің байыбына барар, келер ұрпақтың қолына тиеріне сенген болар. Хатталған мұраны аударған сайын сонау азалы жылдардың суық лебі ескендей болады. 33 жасында жазықсыз тұтқындалып,  қыршын кеткен азаматтың бейнесі көз алдымызға келеді.

Шәкір өзі қызмет еткен тұста дәріс берген шәкірттерінің аты-жөніне ылғи бір дәптер арнап, мұқият тізіп отырған. Олардың арасынан біріміздің бауырымыз, не тұстасымыз бұл туралы тереңірек білетін көзі тірі қариялардың да табылып қалуы мүмкін. Сол ниетпен сақталған документтерден алынған төмендегі бірсыпыра адамдардың аты-жөнін ұсынып отырмыз.

1931-1932 оқу жылындағы Қонжар колхозшы жастар мектебінің VII  класс оқушылары:

Жұмабеков Асқар

Есенбаев Әбдірахим

Жаймұрзин Әбдірахим

Сарбөпин Сайда

Болысбаев Жарылғасын

Амантаев Жауынбай

Омаров Өте

Науметов Жұбатқан

Ахметов Жұрынбай

Барсаев Бекназар

Құрманғалиев Нұрғали

Абдуллин Мұстафа

Тілеуқабылов Тоғызбай

Рахметова Әдине

Қожахметов Мәжит

1932-33 оқу жылдарындағы VI класс оқушылары:

Оспанов Нұрғали

Дүзмағанбетов Шамғон

Латыпов Қарағұл

Тайжанов Дүйсенбай

Аяпбергенов Ақтас

Ізтілеуов Қалимолла

Жарғанов Ақтеке

Жұмағазин А.

Жорабаев Қайыржан

Әзбергенов Сұлтан

Көптілеуов Тәжі

Таубаев Шман

Шекенов Назар

Қошпаев Құлшекен

Келімбердин Қанатбай

Қуандықов Базарғали

Қамысбаев Хайролла

Алдоңғаров Махмуд

Егізбаев Шокат

Дәулеьалин Қасен

Тұрабаев Ысмағұл

Бодашев Түрікпен

Бакеев Нұрғали

Жаймағанбетова Рыскүл

Біз Шәкір Мырзалиев сабақ берген оқушылардың бірсыпырасының аты-жөнін ұсынып отырмыз. Сол арқылы сол кездің бүгінге дейін көмескі болып кеткен тарихи деректерінен шындықты аша түсетін тың деректерді айтып, толықтыра түсудің мүмкіндігі болса деген ойдамыз. Кімде-кімнің қолында немесе есінде сақталған  бұл деректерге байланысты материалдар болса, редакцияға жолдар деген үміттеміз.

                                              М. Әділханұлы