АМАНБАЙ ШОҚЫ

0
38

ҚАЙЫҢДЫ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ ШИБҰЛАҚ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТЕРІСКЕЙ БЕТІНДЕГІ ҮШ ЖҮЗ-ТӨРТ ЖҮЗ МЕТРДЕЙ ЖЕРДЕГІ ҚЫРАТТЫ АМАНБАЙ ШОҚЫ ДЕП АТАП КЕТКЕН. ЕКІ МЫҢЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ БАСЫНДА ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННЫҢ ЖАҢА ШЫҚҚАН КЕЗІНДЕ АУЫЛ ІШІНЕН ИНТЕРНЕТ ЖОҚ, ХАБАР АЛА АЛМАЙСЫҢ. СОДАН БИІКТЕУ ЖЕР ІЗДЕЙТІНБІЗ. ҮЙДІҢ БОЛМАСА ҚОРА ТӨБЕСІНЕ ШЫҒЫП ШАҚҚА ХАБАРЛАСАТЫНБЫЗ. ТІПТІ СӨЙЛЕСЕ АЛМАСАҚ АУЫЛ СЫРТЫНДАҒЫ СОЛ АМАНБАЙ ШОҚЫҒА ШЫҒАТЫНБЫЗ. ОЛ ЖЕРДЕН АП-АНЫҚ СӨЙЛЕСЕ АЛАМЫЗ, БИІКТІГІ ДЕ БІР ЖОБА, ҚАЙЫҢДЫ АУЫЛЫ, ТӨМЕН БЕТКЕЙДЕГІ ОЙЫЛ ӨЗЕНІНІҢ САҒАЛАРЫ АНЫҚ КӨРІНЕДІ. АУЫЛ АДАМДАРЫНЫҢ КӨБІ СОЛ ҚЫРҒА ШЫҒЫП СӨЙЛЕСЕТІН. ЖОҚ МАЛДАРЫН ІЗДЕГЕНДЕ ДЕ СОЛ АМАНБАЙ ШОҚЫҒА ШЫҒЫП ҚАРАЙТЫН. БҰЛ ШОҚЫНЫҢ БҰЛАЙ АТАЛУЫ ДА ҚЫЗЫҚ. ЕРТЕРЕКТЕ БОЛҒАН ОҚИҒА СИЯҚТЫ. ЖҰМЫС БАБЫМЕН ЖҮРІП, ӘКЕМНЕН АНЫҚ-ҚАНЫҒЫН СҰРАЙ АЛМАППЫН. БЕРТІН КЕЛЕ АУЫЛ ҮЛКЕНДЕРІНЕН ЕСТІГЕНІМ БАР. Осы Шибұлақ ауылында Аманбай деген кісі тұрған. Өзі әзілқой, сайқымазақ болса керек, ауыл әйелдерінің берекесін алып, тыныш жүргізбейді екен. Тіпті ауыл малдарының ішіндегі ешкілерді далада ұстап алып, қоламта отқа мүйізін тығып, аша қайқы мүйізділерді тік мүйіз қылып, тік мүйізілерін аша қылып жіберетін болыпты. Кешкісін мал келгенде әйелдер ешкілерін ажырата алмай аң-таң болып жататын көрінеді. Артынан бұл Аманбайдың ісі екенін біліп, ашулы әйелдер қарғап-сілеп: «Осыдан ертең өлгенде, басыңа барып етегімді түрмесем, атым өшсін!» дейді екен.
Содан Аманбай қартайып, көз жұмар шағында әлгі әйелдердің сөзінен сескеніп, осы кәпірлер білгенін істер деп, ағайын-туыстарына мені әйелдердің аяғы жетпейтін ауыл сыртындағы сонау қыр басына шоқыға қойыңдар деп, өтініш етіпті. Содан Аманбай шоқы атанған деседі.
Менің айтайын дегенім бұл емес еді. Реті келген соң еске түсірдім. Бұл бейіттің қасында қазір Айтөре Жолдымұратов деген азамат жатыр. Мен сол кісі жайында сөз қозғағым келіп отыр. Марқұм Айтөре ағаймен біраз жылдар жұмыстас болдым, орта бойлы шымыр денелі кісі болатын, көзінің көруі нашар болған соң, жасынан көзәйнек киетін. Көп жылдар механизатор болып, трактор айдаған. Ауыл маңындағы Ойыл өзені бойында жүгері мен ақтары егіп, суармалы дәнді-дақылдарға жап салып, қолдан суару жұмыстарын жасады. Мен де осы жұмыстарда Айтөре ағайдың қасында болдым. Өте қайратты, қара жұмыста шаршамайтын жан еді. Қатарларымен әзілдесіп, ұстаса кеткенде ұстаған жерінен айырылмайтын, мығым денелі күшке әлді еді.
Қыстың қаңтар айы болатын. Мен ол кезде Айтөре ағайдың
қарауында ДТ-75 шынжыр табанды трактор айдайтынмын, қатты суық аяздар болатын. Бірде таңертең жұмысқа қар тоқтатуға шығайын деп көпке дейін тракторымды оталдыра алмадым. Солярка жүрмей, трубка бойына қатып қала берді. Жұмысқа кетпей, үйдің қасында тұрған тракторды көріп, Айтөре ағай келді қасыма. Сәл кідіріп амандасқаннан кейін менің май-май қолымды көріп, не болды Нұреке деді. Менің атымды атамай Нұреке дейтін. Не болсын, май жүрмей жатыр дедім. Ой жігітім-ай деді мысқылдап күліп. Адам қолғаппен де тетікті бұрай ма екен, кілтті маған бер деді де, салалы саусақтарымен мұздай кілтті ұстап, тетікті бұрап, солярканы ағызып, кейін жиркенбей ауызымен үрлей бастады. Қолымен помпыны кашайттап солярканы келтірді де, ал енді оталдыр деді. Манадан бері сілейіп тұрған тракторге лезде жан бітіп, гүр ете түсті. Осылай міне Нұреке, енді бара бер деді де, қолын шүберекке сүртіп, дым білмегендей кете барды…
Арада бірнеше жылдар өткенде, Айтөре ағай еңбек демалысына шықты. Май айының аяғы болатын. Ауланың ішін жинап жүргем. Біздің үйге жақындау жердегі су ағар ояңда бір адам күрекпен жерді қазып жатыр екен. Қолымдағы айыр тырманы
тастадым да кім екен деп қасына бардым. Барсам Айтөре ағай екен. Кіндікке келетіндей тереңдікте қазып тастаған. Сәлем беріп, іске сәт аға дедім. Құдық қазып жатырмын деді жұмысын тоқтатпастан. Жақсы болды-ау дедім күле сөйлеп, үй қасында құдық болады, алыстан тасымаймыз дедім. Ия, саған жақсы болады деді күле сөйлеп. Құдық үйіңнің жанында, құдай қаласа су шығатын шығар деді. Бір кезде қолындағы күрегін қойып маған қарап: «Мен жас кезімде қандай қиындықтар болса да мойығаным жоқ, қайта өршелене түстім. Міне, енді жас келді, әлде де күш қуатым, қайратым сарқылмай тұрғанда, құдық қазып, Айтөренің қазған құдығы деген атақ қалдырғым келеді» деді.
— Иә, Айтөре ағай, бұныңыз бір игілікті іс екен. Елге пайдасы тиер іс ғой. Іске сәт, — дедім де үйге қайтып кеттім.
Айтөре ағай жұмысын жалғастырып жатты. Бұндай құдық қазып немесе көпір салып жатқан адамдарға негізінде көпшілік ақ тілек айтып, ісіне сәттілік тілеу керек. Бірақ ауылдағы адамдар құдық қазған Айтөре ағайға онша мән бере қоймады. Керісінше, біреулер: «Ол жерден су шықпайды» десе, енді екіншілері: «Құдықтың не керегі бар?» десті.
Келесі күні барғанымда Айтөре ағай әлі құдық қазып жатыр екен, кісі бойы тереңдікке жақындап қалыпты. Үстінде іш киімнен бөтен дым жоқ, көк терге малынып, демалып отыр екен. Топырақ атысып, жәрдем бердім. «Өзім қазам ғой, шаруаңнан қалма» деді.
Арада тағы бір-екі күн өткенде, Айтөре ағайдың қазған құдығына барсам, ішіне шөп-саламды толтырып тастапты. Көңілім су сепкендей басылды. Неге тастап кетті екен, әлде су шықпады ма екен? Ойым сан жаққа жүгірді.
Ертеңіне Айтөре ағайдың үй жағына бардым. Қолында күрегі мен айыры бар, бірдене жасап жатыр екен. Менің неге келгенімді
айпай-ақ іштей білді-ау деймін.
— Құдықтан су шықпады, шаршап кеттім, — деді.
Мен үндемедім, онсызда көңіл күйі онша болмай тұр екен. Үйге келіп Айтөре ағайды көп ойладым, тым жақсы іс бастап еді. Әлде ауылдағы ағалардың әлгіндей сөзіне ренжіп, тастап кетті ме екен? Олар жәрдем бермесе де, жылы сөз айтуға болатын еді ғой. Үлкен адамдарға мен не айта алам? Мен де үлкен кісілерге іштей ренжідім.
Күндегі күйбең тіршілікпен уақыт өтіп жатты. Бірде Айтөре ағайдың науқастанып жүргенін естідім. Денсаулығы мықты болатын. Дәрігерге де қаралуды білмейтін, дәрі де ішпейтін.
Шамалы бас ауырып, балтыры сыздағанды ауру деп елемейтін.
Сол құдық ішіндегі ызғардан ауру жабысты ма екен?
Иә, шынында Айтөре ағай төсек тартып жатып қалыпты. Көңілін сұрап ара-тұра үйіне барып жүрдім. Бірде Айтөре ағайдың балдары келіп, папам сізді шақырып жатыр деді. Көп айналмай үйіне
бардым. Шаршаңқырап жатыр екен.
— Нұрсұлтан, мен енді тұра қоймаспын. Саған айтар өсиетім — мен көз жұмсам, Аманбай Шоқыға жерлеңдер, — деді.
— Ой аға жаманшылықты шақырмаңыз, әлі-ақ жақсы болып кетесіз, — дедім мен.
Бірақ Айтөре ағай басқа ештеңе айтпады…
Көп уақыт өтпей Айтөре ағай сол науқастан айыға алмай, көз жұмды. Аудан орталығындағы мешітте имам болған, бұрынғы ауылдасы, қатары Есенбай ағайды алдырдық. Мен имамға Айтөре ағайдың өсиетін айттым.
— Жарайды, өсиетін орындайық, — деді ол кісі.
Сонымен Айтөре ағайды тума-ағайындары мен балалары ақ жауып арулап, Аманбай шоқыға жерледі. Басын қарайтып көтерді. Бүгінде алыстан көрініп тұрады. Белгілі биікке жерлеуді қалаған жерлестерімнің мәңгілік мекенге аттанғандағы арманына айналған ойлары жүзеге асып, бүгінде биіктен туған жеріне көз салып жатыр. Қарапайым адал еңбектің ауыл адамына тән ақкөңіл, көкейлері кіршіксіз жандардың есімдерін биікке көзі түскен сайын есіне алып, құран бағыштап бет сипайды.
Қазір Айтөре ағайдың бір баласы Қайыңды ауылында, тағы бір баласы Алтықарасу ауылында, бір қызы Гүлжайнар аудан орталығында — Шұбарқұдықта тұрады.
Міне, Аманбай шоқының осындай тарихы бар. Мұны да кейінгілер біле жүргені жөн-ау деп ойлап, еске алдым…
Н. ІЛИЯСҰЛЫ.