ТЕМІР ЖОЛ – ҚАУІПТІ АЙМАҚ!

0
50

2024 ЖЫЛДЫҢ 2 АҚПАНЫ КҮНІ ШҰБАРҚҰДЫҚ ТОРАБЫНДА КЕЛЕҢСІЗ ОҚИҒА ТІРКЕЛДІ. ЯҒНИ, СОЛ КҮНІ ЖЕРГІЛІКТІ ТЕМІРЖОЛ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ САҒАТ 20:05 ШАМАСЫНДА, 7-ШІ ЖОЛДА АТТАНҒАЛЫ ТҰРҒАН, ҚҰРАМЫНДА 57 ВАГОНЫ БАР НОМЕРІ 3001-ШІ ПОЕЗДЫҢ АРТЫНАН САНАҒАНДА 7-ШІ ВАГОННЫҢ АСТЫНАН ЖАРАҚАТ АЛЫП, ҚАНСЫРАП ЖАТҚАН АДАМДЫ КӨРІП ҚАЛҒАН. ТЕМІРЖОЛ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ВАГОН АСТЫНДА ЖАРАҚАТТАНҒАН АЗАМАТТЫ АЛЫП ШЫҒЫП, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ШАҚЫРЫП, АЛҒАШКЫ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ. ӨКІНІШКЕ ОРАЙ, ДӘРІГЕРЛІК ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІМЕН ШҰБАРҚҰДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНА ЖЕТКІЗІЛГЕН АЗАМАТ, КЕЛЕСІ КҮНІ, ЯҒНИ 6 АҚПАН КҮНІ ЖЕРГІЛІКТІ УАҚЫТПЕН САҒАТ 5:00 ШАМАСЫНДА КӨЗ ЖҰМДЫ. АЛДЫН АЛА БОЛЖАМ БОЙЫНША, ШҰБАРҚҰДЫҚ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН БҰЛ АЗАМАТ, ЕРЕЖЕГЕ СӘЙКЕС РҰҚСАТ ЕТІЛЕТІН ӨТКЕЛДЕН ЕМЕС, ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ТҰСТАН «ЗАДЕПО» АУМАҒЫНА ВАГОНДАРДЫҢ АСТЫМЕН ӨТІП КЕТПЕК БОЛҒАН. НӘТИЖЕДЕ, ПОЕЗД АТТАНУҒА ДАЙЫНДАЛЫП, АРТҚА ЖӘНЕ АЛҒА БІР-ЕКІ РЕТ ҚОЗҒАЛҒАНДА ӘЛГІ ЖІГІТТІҢ АЯҒЫН БАСЫП КЕТКЕН…

Бұл оқиғаны ежіктеп айтып жатқанымыздың себебі, темір жол өте қауіпті аймақ екенін тұрғындардың есіне тағы бір рет салып өту болып табылады. Бүгінде Шұбарқұдық темір жол бекетінен, сағатына 140 шақырымға дейінгі жылдамдықпен тоқтамай өтетін поездар бар. Олар — № 42-ші «Атырау-Астана» және № 41-ші «Астана- Атырау» поездары. Осы поездар өтер алдына 15 минут бұрын, арасы 5 минуттық үзіліспен 3 рет хабарланады. Сондықтан, тұрғындар темір жол бойына жақындағанда немесе темір жолдан өткенде, осындай қауіпсіздік ережелеріне құлақ түріп, тәртіпті қатаң түрде сақтауы қажет.
Шұбарқұдық елді мекенінің «Депо» жақ бөлігінде тұратын тұрғындар немесе балалар темір жолдан өткенде және жұмыстан, мектептен кері қайтқанда көктемгі, жазғы, күз айларында мал айдап өткенде Шұбарқұдық жол дистанциясының маңында орналасқан арнайны өткелден өтуі керек. Темір жолдың арнай өткелінен өткен кезде де сақтық шараларын есте сақтап, қағидаға сай жан-жаққа қырағылықпен қарап, жақындап келе жатқан поездың немесе маневрлік қозғалыстың жоқтығына көз жеткізіп барып, содан кейін өту — баршаға міндет болып саналады.
Азаматтардың жеке қауіпсіздік ережелерін білмеуі және бұзуы, сол сияқты жол бойында ішімдік ішу немесе есірткі пайдалану, мас күйде жүруі темір жол көлігінде жарақаттануларға ұшыраудың басты себептері болып табылады.
Темір жолға жақын жүргенде, өте абай, сақ болу керек. Темір жол бойымен жүргенде кем дегенде 5 метр қашықтықта жүру керек, одан жақын болған кезде адам өмірі үшін қауіпті. Көбіне балалар жолдың үстінде немесе жолдың жиегінде ойнап жүріп: «Машинист берген сигналды естіп, жолдың шетіне шығып үлгереміз ғой» деп ойлайды. Бірақ, олар көбіне келе жатқан пойыздың тарсылынан берілген дабыл белгісін естімейді, қауіпті аймақтан қауіпсіз жерге шығып үлгермей қалады. Бала поездың астына түсіпей, қағып өткеннің өзінде, тірі қалғанымен, ауыр жарақаттың салдарынан мүгедек болып калуы мүмкін. Кейде орынсыз асығыстықтың, бейқадамдықтың, ойнап жүріп келе жатқан поездың алдынан өтпек болу салдарынан балалар жарақаттанады, ауыр жарақаттан бақилық болып та жатады. Әсіресе, балалардың ауыр жарақат алуы, ауыр жарақаттан қайтыс болуы — оның достарын, тума-туыстарын, ата-анасын, оқитын мектебін орны толмас қайғыға батырады. Балалар темір жол бойында ата–аналар тарапынан бақылау болмағандықтан жүреді, құлақ қап киіп алып, ұялы телефондарына түрлі ойындар қосып, темір жол бойында серуендеп, жұмысшыларға кесірін тигізеді. Бірақ олар мұндай серуендеудің өте қауіпті екенін ескере бермейді. Кейбір ата-аналар жолаушылар поездарының уақытында темір жол бойында сауда жасағанда қасына балаларын ертіп жүреді. Бұл да дұрыс емес.
Темір жол саласы, басқа мекемелермен салыстырғанда, өзгешелеу. Себебі мұнда жолдағы адамды немесе жан-жануарларды машинист көргенімен, автокөліктердің жүргізушілері секілді тежегішті басып қалып, поезды кілт тоқтата алмайды. Өйткені құрамында 100-ге жуық ауыр вагондар, поезға мұндай мүмкіндікті бермейді. Мәселен, сағатына 80 шақырымдық жылдамдықпен қатты жүріп келе жатқан жүк поездары шұғыл тежегішті қосқанның өзінде, 400 метрге дейін тоқтай алмай, жүріп барады. Сондықтан, поезд жүріп келе жатқанда шеткі рельстен екі жарым метр қашықтықта тұру керек. Тұрған поезд вагондарының астынан өтуге тиым салынады, поезд қозғалып кетуі мүмкін, артынан бес метр қашықтықта айналып өту керек. Жақындап қалған поездың алдынан асығып, жүгіріп өтуге де болмайды, себебі адам рельске сүрініп немесе тайып құлап, тұрып кетуге үлгермей, қайғылы жағдайға ұшырауы мүмкін. Жолаушылар платформасында тұрғанда, поездға мінгенде немесе түскенде поездың толық тоқтағанын күткен абзал. Осы сақтық шараларын естен шығармайық.
Сондай-ақ, азаматтардың жеке қауіпсіздік ережелерін білмеуі және бұзуы, жол бойында ішімдік ішу немесе есірткі пайдалану, мас күйде жүруі — темір жол көлігінде жарақаттануларға ұшыраудың басты себептері болып табылады.
Ауыл тұрғындарына ескерту! Темір жол бойында себепсіз жүрген және арнайы жерден өтпеген тұрғындарға айып пұл салынады, осымен қатар жеке малдарын қараусыз жіберген тұрғындарға, малдарының қамалып, мал иесіне айып пұл салынатынын ескертеміз.
А. К. АБДУЛЛИН,
Шұбарқұдық темір жол бекетінің бастығы.
Ж. С. ҚАЙНАРБАЕВ,
полиция лейтенанты, Шұбарқұдық теміржол
бекеті ЖПб-і бастығының м. а.