«Ғаламшарлар әлемі»
Күн өткен сайын көз ілеспес жылдамдықта дамып жатқан заман ағымы – білімді, ғылымды қажет етеді. Кез келген алпауыт мемлекеттің ірге тасын қалайтын, ұлтты әлемге танытатын ол – болашақ ұрпақтары. Сондықтан бүгінгі ұстаз, ұлтымыздың болашағы жарқын болуы үшін жан-жақты ізденіп, білім беру жолында оқушыларға күнделікті қайталатын сабақ үдерісінен бөлек, оларды қызықтыратын, жаңа қырларын ашатын, болашақта мамандық таңдауларына септігін тигізетін әртүрлі үйірмелердің жұмыс істегені дұрыс деп ойлаймын. Міне, осындай мақсатта Темір аудандық оқушылар үйінде бірқатар үйірмелер ұйымдастырылған. Солардың бірі «Ғаламшарлар әлемі» деп аталатын үйірме болып табылады.
Үйірме 1-10-сынып оқушыларын қамтиды. Үйірмеде ғарыш әлемінің сырлары мен қырлары оқытылады. Елімізде білім беруді оңтайландыру порцесстері қолға алынған басты міндеттердің бірі. Осыған орай оқушыларға мектеп қабырғасында ғарыш әлемін таныту – білім берудің ең ұтымды әрі экономикалық жағынан тиімді жолдарын іздеуге жол ашады. Ол үшін пәнаралық байланыс жасап, жергілікті материалдарды пайдалану арқылы оқушының мектептегі пәнге және ғарыш әлеміне деген қызығушылығын арттыру мәселесін шешудің маңызы зор. Бұл бағдарламаның құрылымы кіріспе, негізгі және қорытынды бөлімдерден тұрады. Мұнда оқушылар астрономияның даму тарихы, жұлдызды аспан, шоқжұлдыздар, ай, күн, кометалар, астероидтар, метероидтар, ғарыш әлемі, үлкен және кіші планеталар, жер, «Байқоңыр-ғарыш» айлағы, Солтүстік шұғыласының ғажайыптарына арналған тақырыптармен кеңінен танысады. Бағдарлама пәнаралық байланыс талабына сай құрылған. Оларда астрономияға, географияға, физикаға, химияға, математикаға т. б. байланыстырылып арнайы жоспар құрылған. Жоспарда оқушылардың шығармашылық пен ізденімпаздық қабілеттерін дамытатын аудандық және облыстық байқаулар мен практикалық жұмыстарға басымдық берілген. Көбіне балалар түнгі жұлдызды тамашалап: «Ол жақта әлем қандай екен?» деген сұрақтар қойып жатады
Үйірменің тағы бір ерекшелігі – дарынды балаларды анықтап, бос уақыттарын тиімді өткізуге ықпал етеді. Мұнда, оқушылардың жан-жақты болғаны көзделген. Олардың өздері өмір сүріп жатқан ортаның табиғатын, аспан әлемін, елінің тарихын, салт-дәстүрін білу маңызды. Мысалы, тұңғыш ғарышкерлеріміз Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев жайлы біліп, ғаламшар әлеміне деген қызығушылықтары артса, біздің балаларымыздың арасынан да болашақта зерттеуші, ұшқыш, ғарышкерлер, астрономдар неге шықпасқа! Сол үшін балаларды қазірден баулып, аспан әлемін зерттеуге үйрете беру керек.
Бүгінде аталған үйірмені жүйелі ұйымдастырудың арқасында төмендегідей жетістіктерге жеттік. «Сиқырлы ғарыш» атты 2-18 жас аралығындағы балалар мен ересектерге арналған шығармашылық онлайн байқауда 14 жасар Танаш Махаббат есімді шәкіртіміз I-орын иелеп, жеңімпаз атанса, Республикалық «Данышпан» қашықтық байқаулар орталығының ұйымдастырумен өткен «Жыл басы – Наурыз» атты шығармашылық байқауында Танаш Махаббат, Танаш Әминамен бірге және I-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Республикалық «Мен мектепке барамын» балалар журналының ұйымдастыруымен өткен «Бояулар құпиясы» атты суретшілер байқауына қатысқан шәкіртіміз Қуанышбек Ділнәз да марапат алып қайтты. Оқушыларға жетекшілік етіп, осындай байқауларға қатыстырып жүрген ұстаздарымыз да «Алғыс хаттармен» марапатталған.
Бүгінде балалар, ұстаздар тарапынан берілген тапсырмаларды мұқият орындап, үйірмеге үнемі аса қызығушылықпен қатысып жүр. Мен шәкірттерімнің арасынан болашақ ғарышкерлер шығады деген үмітім бар. Әрбір әлемнің өз құпиясы болады, ол құпияны ашу – сіз бен біздің қолымызда.
Аманғали Айнұр Аманбайқызы.