Жерлеу мәселесі қалай болу керек?

0
60

Таяуда аудандық әкімшіліктің үлкен мәжіліс залында жергілікті үкіметтің, ішкі саясат, жастар орталығының, Досжан ишан атындағы мешіттің және аудандық ардагерлер ұйымының өкілдері қатысқан жиналыс болды. Жиналыста марқұмды жерлеу рәсіміне қатысты мәселе сөз болды. Жиналысты аудандық мәслихаттың төрағасы Б. Шаимов ашты.

–  Біздің еліміз зайырлы мемлекет. Бізде мемлекет пен дін бөлек. Мемлекет дін істеріне араласпайды. Алайда, өмір болған соң, өлім-жітім де болады. Бұл заңдылық. Осыған байланысты, Досжан ишан атындағы мешіттің бас имамынан бізге марқұмды жерлеу бойынша өз ұсынысын халыққа жеткізу үшін жергілікті халықтың өкілдерін қатыстырып,  жиналыс өткізу жөнінде өтініш түскен болатын. Осы елде туып, өскен азамат ретінде, кейбір мәселерді көзбен көріп отырып, біз де үнсіз қалмай, өз пікіріміз бен ұсынысымызды айтуымыз керек деп ойлап, бас имамның  өтінішін орындауды жөн деп тауып, сіздермен осы және басқа да бірқатар мәселелер бойынша кеңесіп, ортақ бір шешімге келу үшін осы жиынға  шақырдым. Біздің ауданда марқұмды жерлегенде бірізділік болмай тұрғаны рас. Біздің бәріміз де, қалалық жерлер мен кейбір көрші аудандарға жол түсіп барғанда, қорымның ішіндегі марқұмды жерлеу тәртібі жолға қойылғанын көріп жүрген жағдайымыз бар ғой. Сондықтан ауданымыздың бас имамы осы мәселе бойынша өзінің жобасын сіздерге ұсынып, пікірлеріңізді білгісі келеді,  – деді Б. Шаимов, өз сөзінде.

Бұдан кейін Досжан ишан атындағы мешіттің бас имамы Мейіржан Бердіғожин, өзінің жобасын слайд арқылы көрсетіп, жиналғандарға бейіттегі марқұмдарды жерлеу тәртібі туралы баяндады.

– Бізде марқұмды жерлегенде орынды таңдауда, кірпіш пен бетағаштың қойылуында тәртіпсіздік бар екенін мойындауымыз керек. Сондықтан мен «Қамқор-Шарапат» қорының марқұмды жерлеу тәртібінің жобасын слайд арқылы көрсетіп, ұсынамын. Бұл қордың жобасы – Қазақстан Діни  Басқармасының Бас Мүфтиімен келісілген құжат. Мұнда қабірдің тереңдігі, ұзындығы ені, бір марқұм мен екінші марқұмның жатқан жерінің арасындағы қашықтық, олардың арасынан өтетін жолдың өлшемі, қорымның қасындағы қоймасы, бейіттерге жауапты адамның отыратын орны т. б. анық көрсетілген. «Қамқор-Шарапат» қорының жобасы бойынша марқұмды жерлеу үшін ең алдымен сол жауапты кісіге жолығып, орын белгілеуі керек. Бұл тәртіпті орындау үшін, ауылдағы әрбір молда өзінше әрекет етпей,  мешітпен тығыз байланыста болғаны дұрыс. Кейде: «Имам мешітте болмайды» деген жалған сөз айтылады. Имам мешітте болмаса, бірінші жамағат іздемей ме? Жамағаттан мұндай арыз түспеген. Сондықтан ондай жалған сөз айтуды қойып, біргелікте жұмыс жасауымыз керек.

Бұдан кейін жергілікті ақсақалдар сөз алып, аталған мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.

        Ардагерлер Б. Салиманов, Н. Өтепов, М. Нұғмановтың т. б. пікірлері мен ұсыныстары төмендегіше болды: «Ақтөбеде бейіттер көше-көше болып бөлінген, әрбір бейіттің нөмірі бар, марқұмның жерленген күні, орны журналға жазылып,  тіркеледі.  Жауапты кісі кез келген марқұмның жатқан жерін тауып береді. Біз де сондай жүйеге келтіруіміз керек. Бұрын зираттарды тазарту күні бар еді. Сол жақсы дәстүр қазір қалып кеткен сияқты. Соны жаңғыртуымыз  қажет. Біз биыл бір топ ақсақалдар, жастармен бірге, зиратты тазартуға шықтық. Соны енді жылда жалғастыруға тиіспіз. Сосын зираттың жанынан, бейімі бар жігіттер заңды жеке кәсіпкерлігін ашса жақсы болар еді. Сонда халық құлыптас жазу, лом, күрек, қайладан бастап, қара қағаз, бетағаш сияқты т. б.  қажетті заттарды іздеп әуреге түспей, солардың ұсынған қызметіне жүгінер еді. Мұның ешқандай ерсілігі болмайды. Себебі қара қағазды, құлыптас, ағаш т. б. бәрібір сатып алады. Жаназаны  өткізуді тек бас имамның рұқсатымен шешкен дұрыс секілді. Имам қай молдаға рұқсат етсе, жаназаны сол шығаруы тиіс. Мына жоба дұрыс. Дегенмен әрбір елдің салты болады. Мұнда тек бейіттің айналасын қоршауды бір метрге дейін көтерген дұрыс болады деп ойлаймын. Мешітте «ондық» деген бар. Көбіне соларға рұқсат ету керек. Имам халықпен тығыз байланыста болуы керек…».

Жиналысты қорытындылаған Б. Шаимов: «Бұл бағытта  тек марқұмды  жерлеу мәселесі ғана емес, дастархандағы ысырапшылдықты тыю, мешіті болмаған ауылдардағы жаназа, жерлеу рәсімдері қалай болу керек деген тәрізді т. б. сұрақтар бар.         Мұнда біреуді кінәлау керек емес. Барлығын осындай жиналыс жасап, асықпай отырып, ақылдасып, бірге шешіп алуымыз керек.  Меніңше бұл жиналыстың арты әлі ашық. Бүгінгі  айтылғандарды ой елегінен өткізіп, кеңесуді тағы да жалғастырып, саладағы барлық проблемаларды бірге шешетінімізге сенемін» деді.

Әбдісәли әл-ТАМДЫ.