Ас өтті Қайыңдыда дүбірлеген

0
82

ЕЛ ЕСІНЕН ҚАНША УАҚЫТ ӨТСЕ ДЕ ЕСІМДЕРІ ӨШПЕГЕН, БҰРЫНҒЫ ӨТКЕН АТА- БАБАСЫН ҰЛЫҚТАҒАН, ӨЛІ ӘРУАҒЫН ҰМЫТПАҒАН ,АУЫЛҒА АЛЫСТА ЖҮРСЕДЕ ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСЫП, ҚОЛДАН КЕЛГЕНШЕ ҚОЛЫН СОЗЫП, АУЫЛ ЕЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРІП ЖҮРГЕН ЖАНАШЫР АЗАМАТТАРДЫҢ ОРТАДА ЖҮРГЕНІН КӨРГЕНДЕ РИЗА БОЛАСЫҢ. «БІТЕР ІСТІҢ БАСЫНА, ЖАҚСЫ КЕЛЕР ҚАСЫНА» ДЕГЕНДЕЙ ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ БАСЫНДА «ҚАЙЫҢДЫ» АУЫЛЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҚАДЫР ТҰТҚАН БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚОЛДАУЫНЫҢ АРҚАСЫНДА АТАБАБАСЫН ЕСКЕ АЛЫП, БАСЫНА ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТТЫ. ЕЛДІ ЖИНАП АС БЕРДІ.

Елдің азаматы Досбол Бәкеновпен, және осы ел басында жүрген азаматтардың ұйымдастыруымен өткен үлкен дүбірлі тойға айналған іс шара болды.Екі күнге созылған бұл үлкен асты көргенде арманда, көрмегенде арманда дегендей, ауыл елде ұмтылмастай есте қаларлықтай ұйымшылдықтың үлгісі болды.. Тамыз айынын шуақты күні де сол күндері бұлтсыз,шуақ нұрын себелеп тұрды. Қайынды ауылының құбыла жағына қаптай дөңгелене тігілген ақ шаңқан алты қанат көздін жауын алар ағаш үйлер сән түзеді. Асфальттан бұрыла түсіп ауылға беттеген жеңіл көліктердің қарасы қалың,ауылға ағыла кіріп жатты.. Көптен бері бұндай үлкен жиын тойды, сансыз көлікті көрмеген ауыл адамдарының көңіл –күйі де көтеріңкі. Айтса айтқандай қонақтар сонау сыр елі Қызылордадан, Шалқар ауданынан алыстағы көрші облыс Атырау, Ақтаудан, Байғанин, Ойыл аудандарынан ағыла келіп жатты.. Түс ауа көпшілік, ауылдан үш- төрт шақырымдай жердегі қыр басындағы ескерткіш қойылған мазар (бейіт) басына жиналды. Қызылорда, Ақтау, Атырау обылысынан, Алматыдан келген қонақтардың үлкендері Омаров Абсалам ақын, жыршы Толтаев Сәкен, Қобдадан келген Әнес Нұрбай ат бапкері Қосжанов Қасарбек, өз тілектерін айтса аналық, апалық тілектерін алыстан білдіріп келген Гүлжан Тұрабайқызы, Мықтыбаева Айсәуле, Бақыт, Клара сынды ауылды аңсап, ата жұртына бас тірегендер жарма тілектерін жаудырып жатты. Ақындары жырын арнап, шығарған өлең жолдарын оқыды. Теректілік Нұрлан Қалмағанбетов бабалардың рухына арнаған өлең жолдарын жеткізді. Сондай-ақ осы айтулы істің басында жүріп, жаста болса бас болып үлкен шараны ұйымдастырып жүрген- Досбол Болат ұлы Бәкеновтің иығына шапан жапты. Сондайақ болар істің басында жүрген азаматтарда елеусіз қалмады. Аудан азаматтары Бабатай Қоңырұлы, Амантай Қонаев, Нұрмухан Өтепов және ауыл елден келген К. Шипалақов сөз сөйлеп тілегін айтып, келген қонақтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ Ақтау қаласынан келген Бақыт Алданғарова мен ауыл ақсақалы Қорқыт Қарақойшин сөзінде – бұндай киелі істер біздің ұрпағымыздың елін сүйгені, ата- бабалар әруағын ардақтағаны және бұл ауыл ел мәдениетін көтерудегі жастарымыздын жарқын ісі қайталанар болашағы деді. Бұл көп жылдардан бері қолға алынбай келе жатқан ұмыт болғалы тұрған ата бабамыздың жолы еді-деді. Қыр басына атаға арнап қойылған ескерткіш ашылды, ақындар жыр арнады, өткенін арқау етті. Атанды жастайынан Қоршы батыр Майданда дара шауып мыңға татыр Жасқанбай жалғыз өзі жауға шабар Ерлігі ел сенгісіз толып жатыр Өмір соңын өткізіп думан тоймен Іс қылды сабыр сақтап ақыл оймен Артына өшпей тұрғын із қалдырып Дүниеден өтті баба абыроймен- деп жырларын жалғастыра отырып, осы жасалып жатқан шараға бар күш жігерін жұмсаған азамат жігіттерге алғысын білдіріп жатты. Бұл уақытта жиырмадан аса тігілген ағаш үйлердің есігі айқара ашылып, қазандары қайнап, дастархандары жайнап берілер астын да сәні келе бастағанды. Әр ауылдың атынан тігілген ағаш үйге, астан ауыз тиіуге ағылған халық санында есеп жоқ еді. Бір-бірін көптен көрмегендері, айқара құшақ ашып мәре-сәре болып жатты. Ағаш үй мандайшасына жазылған өрнектер алыстан — ақ көзге шалынып, мен мұндалап шақырып тұрғандай әсерге бөледі. Ауыл мектебі жанындағы спорт алаңында футболдан бәсеке қызып жатты. Теңбіл допты теберіне тепкен жастарда жеңіс тұғырына таласып жатты Әділ қазыларыда барынша әділдігіне салған сияқты. Ойыл тобы, Шибұлақ, Қандыағаш, Алтықарасудан келген футбол командалары бақ сынады. Айнала тігілген ағаш үйдің, орталау бас жағынала құрылған үлкен сахна да сәнді безендірілген. Сазды сыңғырға бөленген әсем әуендерді, дыбыс ұлғайытқыштар құлақ құрышын қандыра жеткізіп тұрды. Сахнаның алды халыққа тола бастады. Бұның да себебі бар тұғын. Осы асқа айтыс ақындары келеді дегенді естіп , көпшілік алаңдауда еді. Бірінен бірі сүйінші сұрағандай қызықтап сұрап та қояды. Оралдық Жансая да бар көрінеді, айтыстың көкесі енді болатын шығар десе, бірі бәрінен де көзбен көргеніңе не жетеді деп қояды. Сөйткенше көп күттірмей ақ ақындар мінген көліктер де ауыл ішіне кірді-ау, әйтеуір. Сәл кідіріп киініп жуынып, ауқаттанған ақындар рет — ретімен халық алдына сахына төріне беттеді. Сол кездегі ақындарға деген сағыныш, халық қошаметінде шек жоқ еді. Жарық шамдары жағылып айнала бір әнмен күйге бөленгендей ақындарды қарсы алған күй құдыретіде, қызыл жасылды бейнелер сәулесі алаң айналасын әп сәтте-ақ көз тартқан көңіл әсеріне бөлеп жібергендей болды. Ақындар тобын болжап келген жерлесіміз айтыскер ақын, Ақтөбе обылыстық Жүргенов атындағы ақындар айтысын жүргізуші Марат Ахметов көрерменді бүгінгі болып жатқан шараға тілек білдіре отырып, келген айтыс ақындарын тізбелен таныстырып өтті. Айтыс ақындарының бүгінгі шараға қатысуына демеуші болған,ел азаматы — Досбол Бәкеновке ақындар атынан алғысымен алғы сөзін айтты. Айтыс бәсекесін қыздыруға сегіз ақын келгенін, төрт жұп айтысатынын жеткізіп ақындарға дем беріп, қолдап отырыңдар — деді. Айтысты бірінші болып, Жұлдыз Қожабекова мен Нұрадин Мейірланов бастады. Айболат Көшкінбаев-Нұрбол Жауынбаймен,Айбек Қалиев –Еркебұлан Қайназаровпен, Жансая Мусина-Рүстем Қайыртаймен сөз сайысына түсіп, ұтқыр сөз, бен ұтымды ойларымен көпшіліктің қолпашына бөленді. Айтыс ақындарын бөле жармай барлығына бірдей ат мінгізілді. Көпшілік өнерге риза болса, ақындар халықтың сый-құрметіне риза болып, қошеметпен қол соқты. Жиналғандар алыстан келген ақындарды үлкен ілтипат зор құрметпен қимастықпен шығарып салды. Өзім дегенде өзегі жарысатын қазақ емеспіз бе? Ауыл адамдары сонда да өз ақын ұлдарын осындай ортадан таба алмағандарына өкінді. Ертайдың да, Ершаттың да туған ауылындағы дүбірлі тойда төбе көрсетпегендегі дұрыс болмады. Айтыс аяқтала салысымен облыс орталығынан келген өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Көңілдері тойсада шырқалған ән мен күмбірлеген күйге көздері тоймаған көрермендер тапжылмай тамашалап жатты. Көтеріңкі көңіл –күйдің үстінде Еркебұлан Қайназаровтың Арқалық ақыны Айбек Қалиевпен айтысындағы мына бір жолдар еріксіз есіңе орала кетеді екен: Бір үйдің баласындай бүкіл ауыл, Бір жеңнен шыққан қолдай салал екен! Құралайды көзге атқан мерген болған. Атақты Қоршы батыр бабам екен! Ошақтың үш бұтындай Ожыраймен. Үш таңбалы Ақ кете, Қара кете. Бабама берген асың қабыл болсын! Өткенге құрмет қылу сауап екен! Қос-қолдап, қолдап жатқан бұл шараны Досболдар туған елге адал екен! Ауылдың шаңын көріп мәз боп қалдым. Сондықтан құрметімді саған етем Салбырап бізде аспаннан түскен жоқпыз Бізді де тудырған сол- дала,мекен. Әжелердің тілімен айтқан кезде Менде ауылдың ұлымын « қаракөтен» Жиын той бұл қазақта қайда өтпеген Алайда жүйріктерсіз бәйге өтпеген Кешегі Әулилер мекеніне Келіп тұр тірі әулие Айбек деген . Оралдық ақын Жансая Мусинаның айтысынан үзінді: Маратжан осы айтысқа қостырғасын Өзіңмен айтысам ғой дос қылғасын Сахнада бензин жайлы айтып едім Досымыз оған бола өш қылмасын Бір емес қос бағың бар деп айтасың Алдыңда ұлан ғайыр көш тұрғасын Рүстемжан шаба тұрғын кез келгенде Әйтеуір қос бағыңда бос тұрмасын Келіскен ойымыз бар сойымыз бар Бұйырса біздің де бір тойымыз бар Сахнаға шыққан сайын айтасың деп Қоймастан тиісуді қойыңыздар Қалатын қыз сияқты деп қалдыңыз Қарағым күмәнді ондай жойыңыздар Мен жалған сөйлемейтін ақын едім Ойымнан шығатын бір жігіт болса Ойылдан кетпейтін бір ойымыз бар Ақындар келді айтысқа көрік берген Ауылыңның даңқын естіп көріп келген Дәндібай жырау өткен жер екенсің Дәнегін тарихыңның теріп берген Батырлар елі дейді байрақ алып Қаншама соғыстармен жорық көрген Ожырай , Кетелер көп дейді мұнда Жауына дес бермейтін төніп келген Ертайдай ағамыз бен Ершат балаң Өлеңін өн бойынан өріп берген Досболдай балаларың жомарт екен Тамызбай ақшаны елге бөліп берген Қоршының ұрпақтарын жинап алып Еңселі ескерткішті соғып берген Кешегі Нияз дейтін бай секілді Қолда барын еліне бөліп берген Той дүбірі ертесіне ауылдан екі-үш шақырымдай Алаңда орын дайындаған, ат жарыс,құнан жарыс көкпар ұлттық ойындар өтетін орында жалғасты. Ауыл адамдарымен келген қонақтар көліктерімен, тайлы таяғы қалмай, ат жарыс аламан бәйгені қызықтауға жыналды. Ауыл елдің ат құмар белді деген жігіттері қатысқан ұлттық көкпар ойыны бұл кезде қыза бастаған-ды. Салым салуға тайталаса жұлқынған жігіттер аттарын сабалап тақымға қысқан көкпарын бірінен бірі жұлқа тартуда. Көкпар көзге түсіп мол салым салып олжалы болған Бабатайлық Сепбай Айберген екі марқа,70 мың ақшалай ұтысқа ие болды. Содан кейін құнан жарыс пен аламан бәйге жалғасты. Аламан бәйгеде 25 шақырымдық 9 айналымда көршілес Атырау облысынан Сағыздын аты бірінші келсе,екінші үшінші орынды Ақтаудан келген жүйріктер иеленді. Бірінші орынға 1 миллион теңге қойылса, екінші орынға 500 мың теңге, ал үшінші орынға 250 мың теңге тігілді.Бәйгі алғандарға сыилықтары салтанатты жағдайда табысталды. Ағаш үйлерге қайтадан жан біттіп қазанда ет қайнап, сары шәнектегі шайдан шай ішіліп, жайланып жатқандар да мәре-сәре. Бұдан әрі қазақтың ұлттық ойындарынан сайыс басталды. Балуандардың бәсекесіне түскен,ауыр салмақта бақ сынаған Ақтөбелік-Аманкелді Ерасыл түйе палуан атанып 250 мың теңгежүлдеге ие болды. Ал70 килограм салмақта Қайыржан Аян,жастар арасынан (2009 жылы туған) Базарбай Әли жүлдегер атанды.Садақ атудан Астаналық Ерхат Әбілқасенов бірінші,Алтықарасудан Бисенов Серік екінші орынды,Тасқопалық- Әміржан Қойшығарин үшінші жүлделі орынды еншіледі. Ал қошқар көтеруден және марқа көтеруден өткен сайыс жүлдегерлеріне де сыилық табысталды. Осылайша екі күнге ұласқан ас беру шарасы мәресіне де жетті.Асқа жиналған ауыл адамдары мен алыстан келген қонақтар бір-бірімен қимай қоштасты.Осы дүбірлі шара ұзақ уақыт қайыңдылықтардың есінде жүретіндей әсер қалдырды. Шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандәурен Қойшыбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жәйнагүл Жасақбаева қатысып,аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлері де ат салысты.

                                                                                            Нұрсұлтан Ілиясов,