ТОЙДЫҢ ҚАЛАЙ ӨТУІ ИЕСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ

0
89

СОҢҒЫ КЕЗДЕРДЕ ХАЛЫҚ, ТОЙЛАРЫМЫЗ ҚАЗАҚЫ САЛТ-ДӘСТҮРДЕН АЛШАҚТАП БАРА ЖАТҚАНЫН БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНДА ДА, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ ДЕ, КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДЕ ДЕ ТАЛҚЫЛАУҒА МӘЖБҮР БОЛЫП ЖҮР. АЛАЙДА, ОНЫМЕН ӘЛГІНДЕЙ СИПАТТАҒЫ ТОЙЛАРДЫҢ, АЗАЯТЫН ТҮРІ КӨРІНБЕЙДІ. БҰРЫНДАРЫ ТОЙҒА БАРСА, ДЕМАЛЫП, КӨҢІЛІ КӨТЕРІЛІП, ЕРЕКШЕ БІР ЖАҚСЫ ӘСЕРМЕН ҚАЙТАТЫН ҚАЗАҚ, БҮГІНДЕ ОЛ ЖАҚТАН БАСЫ АУЫРЫП, ДЕЛ-САЛ КҮЙДЕ ӘБДЕН СІЛЕСІ ҚАТЫП, ШАРШАП, ҮЙГЕ КЕЛГЕН БОЙДАН СҮРЕ ҚҰЛАЙТЫН ХАЛГЕ ЖЕТТІ ДЕСЕК АРТЫҚ АЙТҚАНДЫҒЫМЫЗ ЕМЕС. МЕНІҢШЕ, БІЗ ҚАЗІР ЖҰРТШЫЛЫҚҚА: «ТОЙДЫ ОЛАЙ ІСТЕУ ДҰРЫС ЕМЕС, БЫЛАЙ ЖАСАУ КЕРЕК…» ДЕП АҚЫЛ АЙТЫП, ҚАҚСАЙ БЕРГЕНШЕ, ҚАЛАЙ ӨТКІЗУ КЕРЕКТІГІН ҮЛГІ-ӨНЕГЕ РЕТІНДЕ ІС ЖҮЗІНДЕ КӨРСЕТКЕНІМІЗ ЖӨН-АУ ДЕП ҚАЛДЫМ. БҰҒАН МЕНІҢ ЖУЫҚТА, – ШҰБАРҚҰДЫҚТА ТҰРАТЫН, БҮГІНДЕ ЖАСЫ 75-ке КЕЛГЕН ХАМИТ ҚЫРҚЫМБАЕВТЫҢ НЕМЕРЕСІ — НҰРДӘУЛЕТТІ ҮЙЛЕНДІРУ ТОЙЫНДА КӨЗІМ АНЫҚ ЖЕТТІ.

Бұл тойдың басқа тойлардан басты ерекшелігі – жастар үйлегеннен соң 1-2 ай өткеннен кейін және тастай қараңғы түн ортасында, үлкен ресторан немесе кафеде емес, дәл сол келін түскен күні, келіннің алдын жарық етіп, күндіз — тал түсте, анығырағы сағат 12. 00-де, Хамит ақсақалдың ұлы Бекболаттың үйінің ауласына тігілген, қазақтың 12 қанат қарүйінде өтті және беташар да сол отаудың алдында ұйымдастырылды. Тойдың тағы бір ерекшелігі – беташарда келіннің әрбір сәлем салғанына ақша салатын «банкі» қойылмады, оның орнына жас келінге: «Көп жаса!», «Өркенің өссін, айналайын!», «Қосағыңмен қоса ағар, қарағым!» деген сияқты т. б. алғыс айтылып жатты. Беташардан соң келіннің бетін бүркеп тұрған үлкен ақ орамалды Хамит ақсақалмен 58 жыл бірге отасқан жары Дәукен апай шешіп алып, жүзін ашық қалдырған күйі басына әдемілеп, шағындау ақ орамал тартты. Ал, үлкен ақ орамалды шетіне алдын ала түйілген 30 мың теңгені келіннің бетін ашқан жігіт, өзінің ақысы ретінде, шешіп алды. Тек осыдан кейін ғана шашу шашылып, Хамит ақсақалдың әулетіне соңғы екі жылда келін болып түскен – Аяжан мен Айдана жас келінді екі жағынан қолтықтаған қалпы, екі қабатты еңселі үйге қарай алғашқы қадамын бастырды. Ал, үй алдына тігілген 12 қанат қарүйге қонақтар шақырылып, той жалғасын тапты. Мұнда айта кететін тағы бір жайт – қарүйге жас келін – Әсем мен мен күйеу Нұрдәулет де, жастар да шақырылмады, тек жасы үлкен кісілер жайғасты. Ал енді одан әрі қарай тойдың қалай өткенін ең алдымен, сол той иесі, Темір ауданының сыйлы ақсақалдарының бірі — Хамит Қырқымбаевтың, 12 қанат қарүйдің ішіне жайылған кең дастархан басына жиналған қонақтар мен құда-құдағилардың алдында тойды ашып беру рәсімін жасаған сөзімен бастауды жөн деп таптым. Бұл өмірдің ыстық-суығын, қиыншылығы мен рахатын ұзақ жылдардан бері бірге көріп келе жатқан жары Дәукен апаймен ортаға шыққан, көп жасап, көпті көріп, көңіліне көп нәрсені түйген Хамит ақсақал сөзін, бүгін 5-ші немересін үйлендіріп, бүкіл ағайын, құда, көрші, нағашы-жиен, дос-жарандардың басын қосып, той жасап, қуанышын бөлісіп жатқанына риза екенінінен бастап, кейін қазақтың салт-дәстүріне тоқталды. — Сіздер байқаған шығарсыздар, жаңа ғана келіннің бетін ашқанда, «банкі» қойылмады. Неге? Өйткені, бүгінде қазақтың салт-дәстүрі кім көрінгеннің қолжаулығына айналып бара жатыр. Қазір қазақтың тойы – қонағын шақырып алып, тонайтын бір шараға айналып кетті. Осыған тоқтам болмай тұр. Бұрын қазақ: «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» дейтін. Қазір үй иесінің еш ұялмайтын жағдайына жеттік. Біреудің жап-жас қызын үйіне келін етіп түсіріп, қонағына: «Менің келінім саған сәлем салды. Сол үшін мына «банкіге» ақша сал!» деген дәстүрді біздің қай ата-бабамыз ұстанған еді? Бұл келінді қайыршы етіп қою емес пе? Бұл қайдан шыққан, кім ойлап тапқан дәстүр? Қазақтың келіні өзінің салған сәлемін қашан саудаға салған еді? Бұл масқара емес пе? Бұл қонақты тонаудың бір тәсілі. Қонақты тонаудың екінші амалы – тойды бір үлкен кафеге жасап, оған әншілерді шақырып, олар әр ән салған сайын қонақты орнынан тұрғызып: «Өнерді бағаламайсыз ба?..» деп, ұялмай ақша сұрайды. Қонақты беташарда үй иесі тонаса, енді шегірткелер тонайды. Бұдан кейін қонақты үшінші рет тонау басталады. Мұнда суретшімен ым-жымы бір асаба, қазіргі озық технологияның көмегімен, тілек айтушы үстел басында отырып немесе сонда тұрып-ақ, көңілін білдіруге және өздерін-өздері немесе той иелерінің бірі суретке де алуына зор мүмкіндігі бар екендігіне қарамастан, оларды тек суретке түсіріп, артынша сол суреттерді сату үшін ғана, әдейі ортаға шығарып, қаз-қатар тізіп қояды. Қазір халық арасында: «Бір кемпір айына бес-алты рет тойға барғанда зейнетақысы таусылатына нала болып: «Баяғыда «Қара қағаз» келсе қорқатын едік, қазір «Шақыру хат» келсе, шошитын халге түстік» деген әзіл жүр. Бұл қалжың ретінде айтылса да, астарында шындық жатыр. Айтпақшы, тілек демекші тойға бөлінген уақыттың көп бөлігі — бір сөзді бәрі дерлік қайталай беретін тілек айтумен және басты ауыртып жіберетін даңғұр-дұңғұры көп, не сөзінде, не әуенінде мағына болмаған әндерді «шырқаумен» өтеді. Қысқасы, айта берсек, бүгінгі қазақтың тойын бұрмалаушылар күн өткен сайын көбейіп барады. Біз, бүгінде құрметті демалыста жүрген қариялар, міне осындай келеңсіздіктерді көріп, қазақтың тамаша салт-дәстүрлері тойымыздан ығыстырылып, оның орнына бөтен ұлттардың қолайсыз қылықтарының еніп кеткенін көріп, жүрегіміз қатты ауырады. Қазақ: «Той – тәңірдің қазынасы» дейді. Бір баласының басы екеу болғанына қуанған қазақ, қашанда алыстағы ағайынға хат, жақындағыға ат жіберіп, дүркіретіп той жасағаны рас. Бірақ, қазақтың тойы – мән- мағынасыз емес, салиқалы да салмақты, тәрбиелік мазмұны мол, жүрекке жетіп тебірентер әні мен күмбірлеген күйі, жарасымды биі, көңілді көтерер жақсы әзілі бар болуы керек. Сондықтан, бүгінгі немерем мен келінімнің тойында, қолымнан келгенше, жұртшылыққа қазақтың тойы қандай болуы тиіс екендігін іс жүзінде көрсеткім келді. Сол үшін, бүгін менің немерем мен келінімнің үйлену тойына келген қонақтарым шаршап емес, жақсы демалып, көтеріңкі көңіл күймен тойласын деген адал да түзу ниетпен, жатқа еліктемей, жаңа бағдарлама түзіп, тойды өзіміздің қазақтың салт- дәстүріне сай етіп өткізуге тырысып отырмын. Мұндағы мақсат – қазақтың салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, ақсақалдық парызымды өтеу болмақ. Сондай-ақ, осы ойымды іске асыруға өз үлестерін қосады деген сеніммен, ауданымыз бен облысымызға, тіпті республикамызға аты мәлім болған бірқатар жерлес өнерпаздарды да арнайы қонаққа шақырдым. Жалпы, қонақтарыма айтар өтінішім – ортаға шығып өнерін көрсеткен өнерпаздарға ақша қыстыру деген болмасын, оларға тиесілі қаражатты мен өзім беремін. Қазақтың дәстүрінде тойда өнерін көрсеткен өнерпазға не палуанға т. б. қонақтың ақша қыстыруы деген ешқашан болмаған. Сонымен бірге Сіздердің естеріңізге, бұл тойда тілек айтушыларға алдын ала ұзынсонар тізім жасалмағанын, бірақ той барысында оған уақыт бөлінгенін саламын. Кім тілек білдіргісі келсе, ортаға шықпай-ақ, сол орнында отырып, тілегімен бірге осы тойдың ұйымдастырылу тәртібіне де өз пікірін айта кеткенін қалар едім. Бұл тойдың жақсы жақтары, бұдан кейін өтетін басқа тойларға да жұғысты болуына әсер етеді деп үміттенемін, — деді Хамит Қырқымбаев тойды салтанатты ашу рәсімін жасаған тұста. Бұдан соң әрі қарай жалғасын тапқан той, шынында да нағыз қазақтың тойы болды деп айта аламын. Арақ-шарапсыз, миды ашытып, су етіп жіберетін даңғаза музыкасыз өткен тойда, Хамит ақсақалдың өтініші бойынша, ән салып, би билеген әрбір әнші мен күйшінің өмірбаяны, бишілер тобы мен ансамбльдің тарихы, өнер саласындағы жетістіктері алдын ала кеңінен айтылып, оларға той иесі тарапынан конвертке салынған ақшалай сыйлық тапсырылып отырды. Халықтық-фолькорлық «Гүлжазира» тобының бүгінгі жетекшісі, жез таңдай әнші Гүлнар Тәжіғұлова, аталған топтың әншісі Әбдірахым Камаляров, бірнеше облыстық және республикалық байқаудың жеңімпазы, Нұрпейіс Байғанин атындағы аудандық Мәдениет үйінің күміс көмей әншісі Гүлсанат Ержанова, әнші Әділбек Сәкебаев, «Жібек жолы» вокалды- аспапты ансамбілінің жетекшісі Төребай Дүйсенов, Мөлдір Ілиясова жетекшілік ететін «Алтын-Ай» биші қыз балалар тобы сияқты бірінен-бірі өткен т. б. өнерпаздар өнерлерін паш еткен той – қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады. Әдетте кафеде ұйымдастырылған тойда, қонақтарға қонағасы бергенде, табақ тарту мен мен табақ алу — сонда еңбек ететін даяшылардың міндетіне кіреді. Ал, бұл тойда мұны қазақтың ұлттық киімін киген келіндер, иліп сәлем салып, жүзеге асырғанда тебіренбеген жан қалмаған шығар. Қонақтар әдепті келіндерге алғысын жаудырып жатты. Сондай-ақ біз, дастарқанға бата беру рәсімінде өзгеріс болғанын көрдік. Көп тойларда үй иесі немесе асаба, 80-нен асқан қарт кісінің жанында отырған жап-жас құдадан бата сұрап жатады. Ал мұнда, асаба Батырбек Аманқұловтың тарапынан, бұл қателік екені түсіндіріліп, сыбаға батасын Байғанин ауданынан келген қонақтардың ішіндегі жасы ең үлкені, осы әулеттің ескі құдасы, жазушы, қажы Ибрагим Ермекбаевтан бата сұрауы – өте жарасымды болды. — Құрметті тойшы қауым! Мен, 6 балам 6 келін, осымен 5-ші немере келінімді түсірген бақытты әкемін. Аллаға шүкір, немерелерім мен шөберелрім де жетерлік. Келін – киелі жан. Баяғыда менің шешем, мен үйленгенде бір жылға шейін келінін ешқайда жұмсамаған. Үйге бір нәрсе жедел керек болып қалса, көршіге немесе дүкенге келінін емес, мені жұмсайтын. Мұның мәнісін сұрасам: «Қазақта сондай ырым бар. Жас келінді «сұраншақ болады» деп, ондай-ондайға жұмсамайды» дейтін. Мен де, осы уақытқа дейін келіндерімді, сол шешемнің айтқан сондай ырымдарымен тәрбиелеп келе жатырмын. Бірақ менің, көптен бері бір арманым бар еді. Ол – осы әулетке түскен келіндер үшін бір сәукеле тіккізіп, оны әрбір жаңа түскен келінге, одан бұрын түскен келінім кигізетін дәстүрді қалыптастыру болатын. Қазір қазақ арасында сәукеле жоғалып кетті. Бұрын сәукелені әдемілеп тігетін тігінші таппадық. Көйлек тіктірейін десем, жаңа түскен келіннің дене өлшеміне сәйкес келмей қалуы мүмкін. Жуықта, өзімнің ойымдағыдай сәукелені шебер тігіншіге тіккізудің сәті түсіп, көптен күткен арманым осы тойда орындалайын деп тұр,жағымды жақтары көп болды. Үлкендерге арналған күндізгі той аяқталған соң, күйеу мен келіннің өз қатарларымен өтетін шағын тойды – кешкі сағат 06. 00. мен 11. 00-дің аралығында ұйымдастыру жоспарланған екен. Ол тойды да басқаратын асаба Батырбек Аманқұловқа, кешкі бағдарламаға, жастарға да үлгі болуы үшін, күндізгі тойдың жоспарында қолданылған өнегелі қазақы салт-дәстүрлердің бірқатарын енгізу тапсырылды… Менің таң қалдырған тағы бір жайт – той басталмастан 10 минут бұрын шақырылған қонақтардың барлығы түгел дастархан басына отырып үлгірді. Мұның себебін мен, тойдың соңында сұрастырып көрсем, Хамит ақсақал қонақтың шақырған жерге кешігіп келгенді құптамайды екен. Осыны өте жақсы білетін жұрт, Хамит ақсақалдың тойына ертерек келуге тырысқан көрінеді. Жалпы, Қырқымбаев Хамит ақсақал, осындай тың идеяларды көтеріп, жұртқа түсіндіріп ғана қоймай, оны өзі іс жүзінде көпшілікке үлгі ретінде көрсету бағытындағы жұмыстарымен Темір ауданы көлеміне бұрыннан танымал кісі. — Бұл идеяларды мен ойлап тапқан емеспін, — дейді Қырқымбаев Хамит ақсақал бізбен әңгімесінде. – Бұлар қазақтың салт-дәстүрінде ежелден бар дүниелер. Менікі тек, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Қазақтың қара өлеңін шапан жауып өзіне қайтарамын» деп жырлағанындай, халқымыздың ұмытылып кеткен жақсы салт- дәстүрлерін жаңғырту ғана. Бүгінгі тойда қолданылған барлық дәстүрлер де, басқа бір ұлттан көшіріп алынған емес, қашаннан қазақпен бірге өмір сүріп келе жатқан халқымыздың төл дәстүрі мен әдет-ғұрыпы. Қысқасы, біздің қазаққа өзгенікіне еліктеудің қажеті шамалы. Біз жер бетіндегі ең ежелгі ұлттың біріміз. Біздің салт-дәстүріміз – адамилық қасиетке, жас ұрпақты тәрбиелеу үлгісіне тұнып тұр. Біз тек соны танып, қолдана білуіміз керек. Иә, кеңес кезінде аудандық «Темір» газетінде фототілшілік қызмет атқарып, талай игі жақсылармен сапарлас та, табақтас та болған, кейін халқымыз абыржыған, абдыраған әнебір 80-жылдың аяғы мен 90-жылдың басында теміржолға, одан көлік жүргізушілікке өтіп, ең соңында заманның талабына сай кәсіпкерлікпен айналысқан, құйма құлақ, көнекөз қария — Хамит ағаның бұл бағытта айтар жағымды әңгімесі өте көп. Ол кісінің ел мен халыққа пайдалы әңгімелері мен ұсыныс-пікірлерін, істерін мынадай шағын ғана мақалада түгел жазып шығу мүмкін емес. Мен тек, қат- қабат қаурыт штатты журналистік жұмысымның арасында, сол кісінің бір тойына қатысуымның сәті түсіп, есіткен бірер сөзін және өз көзіммен көрген ісінің бір бөлігін ғана жазып отырмын. Ал Хамит ағаны асықпай, мұқият тыңдап, айтқандары мен жасап жүрген жұмыстарын ерінбей қағазға түсіріп алатын уақыты мол адам болса, бір кітапқа әжептәуір жүк болатын дүниелерді ала алатыны даусыз.

ӘБДІСӘЛИ ДӘУЛЕТБАЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Темір аудандық «Темір» газетінің жауапты хатшысы.