ТОЙЫМЫЗДЫ МӘНДІ ӨТКІЗЕЙІК

0
42

ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ ӘУЕЛДЕН ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕСІГІ БОЛҒАН. ЕРТЕРЕКТЕ ӘДЕТ-ҒҰРЫПТЫҢ, САЛТ-САНАНЫҢ, ӨНЕРДІҢ БАҒЫН АШАТЫН, БАҚ СЫНАЙТЫН КЕЗ ТОЙ ҮСТІНДЕ ӨТКЕН. ТОЙҒА КЕЛГЕН ХАЛЫҚ ДЕМ АЛЫП, ҚУАНЫШТЫ ОТЫРУЫ, ЖАРАСЫМДЫ ӘЗІЛ СӨЗДЕР МЕН ТАМАША ӘНДЕРДІ ЕСТІП, ТОЙ ИЕСІМЕН БІРГЕ ҚУАНЫШҚА БӨЛЕНУІ КЕРЕК. БІРАҚ ҚАЗІРГІ ӨТКІЗІП ЖҮРГЕН ТОЙДАН КӨБІНЕ ДЕМ АЛЫП ЕМЕС, ШАРШАП, ДАҢҒАЗА ӘУЕНДЕРДІ ЕСТІП, ҚҰЛАҒЫМЫЗ САРСЫЛЫП ҚАЙТАТЫН БОЛДЫҚ. АБАЙ ХӘКІМ БІР СӨЗІНДЕ: «КҮЙЕУ КЕЛТІР, ҚЫЗ ҰЗАТ, ТОЙЫҢДЫ ҚЫЛ, ҚЫЗ ТАНЫСТЫР, ҚЫЛЖАҚҚА ЖҰРТ ЫРЖАҢШЫЛ» ДЕП ТОЙ-ТОМАЛАҚТЫҢ СӘНІ ӨЛЕҢ-ЖЫР ЕКЕНІН МЕҢЗЕЙДІ,

Бұл күнде қазақта тойдың түрі көп. Дүниеге келген перзент қуанышы, оның бес-алтыға келгендегі сүндет тойы, мектепке баруы, мектеп бітіруі, жоғары оқу орнына түсуі мен бітіруі, ұлы үйленген немесе қызын тұрмысқа шығарып салу тойы, елуге, алпысқа келген мерейтой дейсіз бе, той көп. Басқаша айтсақ, той өткізудің себептері мен түрлері көп. Әлемде той жасаудан бәсеке болса, қазақтың озып шығары дау тудырмайтыны ақиқат. Бірақ біз әңгіме қылғалы отырған мәселе осы тойдың қай түрі болмасын, жасаған тойдың әдебі сақталса және даңғазалыққа, одан қалса ысырапшылдыққа жол бермесе екен деген ойдан туған түзу ниет.
Той тойлайтындардың көпшілігі өзіміздің қаракөздеріміз. Қазақ барын қуанышқа, тойға жинайтыны анық. «Бұл тойға жеткен бар, жетпеген бар» дейміз де, байлар ақшасын шашса, орта шаруадағы байғұс намысқа тырысып, банктен несие алып, жасай береді. «Ертең оның орнын қалай жабамын?» деп ойламайды. «Той өтсе болды. Арғы жағын көре жатармыз…» деп, қолды бір сілтейді.
Бүгінде, той жасауға арналған кафе мейрамханалар сұранысқа қарай көбейіп те жатыр. Шұбарқұдықтағы кафе мейрамханалары шамамен ары кетсе 200-300 орынға ғана шақталған болса, Ақтөбеде бұл көрсеткіш 500-ге барып жығылады. Ал оңтүстік өңірдің бас қаласы Шымкентте 1000 адам сыятын мейрамханалар бар. Жағдай осылай кете берсе, әсте-әсте біз де соған келе жатырмыз. Неге мың орындық мейрамхана салу керек? Демек, оған деген сұраныс болған да. Осыдан кейін, бір мың адамды тойға шақыру үшін қанша қаражат керек екенін өзіңіз есептей беріңіз. Біздің айтпағымыз «Той жасап бере алмады» деген намыстан құтылу үшін саналы түрде тәуекелге барып, одан кейін «нокдаун» алған боксшыдай 5-6 жыл несиесін төлеп, сергелдеңде жүретін қазақтың ертеңгі күн көрісі қалай болады?» деген қауіп. Оны, кейбіреу сезінбесе де, сол жағдайды басынан өткізіп жатқандар жақсы сезінеді. Олай болса, о баста тойды шағындау етіп жасап, балаларының болашағы үшін, қажет нәрселерін әперіп, үй болып кетулерін неге ойластырмады?..
Енді той үстінде туындайтын бір-екі мәселелерге тоқтала кетейін. Қазіргі таңда кез келген тойдың кешігіп басталуы әбден үйреншікті жағдайға айналып кетті. Қазақ тек жаназаға, сосын ауызашарға кешікпей келеді. Бұл ақиқат. Кешкі 19. 00-ге шақырылған той бір, бір жарым сағат өтпесе, басталмайды. Уақытында келіп алған қонақтар, поезд күткендей далада немесе мейрамхананың холында тойдың басталуын күтіп, теңселіп жүреді. Ауылдық жердегі кешігетіндердің сылтауы: «Малды жайғастырам дегенше уақыт өтіп кетті ғой…» деген сықылды болып келеді… Бірақ той болатынын білген соң, неге уақытты реттемеске? Тойға той иесін сыйлап, жетіден қалмай келген кісілердің алтын уақытын неге біз ұрлауымыз керек? Бұл бірінші мәселе.
Екіншіден мәселе мынау: «Өзбек тойға билеу үшін келеді, Қазақ тойға сөйлеу үшін келеді» деген нақыл сөз бар. Бұл сөз, әсіресе қазақтың жасап жатқан бүгінгі тойларына арналып айтылғандай. Жігіт жағынан үлкендерге микрофон тисе: «Қыздарыңыз Аллаға шүкір, жаман жерге келген жоқ. Құдайға тәуба, өскен елміз, өнген әулетпіз. Руымыз қазақтың маңдайына біткен «пәленше» деп, мақтап қоюды да ұмытпайды. Сөз соңында үйдің иесінің атынан да бүкіл келген қонақтарға рахметін айтып, созып тұрып алатыны, олардан қалыспаймын деп құдалар жағы да өз руларын, шыққан жерлерін мақтап, және бір сағат созып, сөз сөйлейді. Осындай мәні жоқ мақтаншақтықты, бір-бірімен бәсекелесіп, жарыса сөйлеуді тоқтатсақ жақсы болар еді деп ойлаймын.
Той – ұлт мәдениетінің, салт-дәстүрінің көрінісі. Сондықтан олқылықтарымызды таразылап, тойдың тәрбиелік маңызын арттыратын жолдарын қарастыруымыз қажет. Атақты Досбол датқадан: «Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба?» деп сұрағанда: «Қол бастау қиын емес – көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес — соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң — мереке қылады, таппай айтсаң — келеке қылады» деген екен. «Тойдың көңілді, ән-күймен мазмұнды өтуі — асабаға байланысты» дейтініміз де осыдан. Күлдіретін де, бүлдіретін де, жылататын да, жұбататын да – тіл. Сөзге шеберлік, суырыпсалмалық, ұтқырлық асабаға жарасымды қасиеттер. Қонақтар мен той иесінің арасын әдемі жымдастырып, жарасымды үйлестіріп отыру — асабаның шеберлігіне тән.
Соңғы уақытта тойдағы асабалардың көбі әзіл-қалжың айтуға назар аударуда. Бірақ күлкінің де реті бар. Күлдіре отырып, білдіруге де, бүлдіруге де болады. Жеңіл, мазмұны мәнсіз, арзан күлкі де, езу тартып-ақ елді аузына қарататын, астарында атан түйеге жүк боларлық мағынаны аңғартатын күлкі де бар. Ұзын-сонар бірыңғай әзіл айта беру де отырыстың дәмін кетіріп, қонақтарды мезі етеді. Сол үшін қазақтың ұлттық ойындарын жаңғыртып, әртүрлі танымдық сөз сайыстарын өткізіп, мәселен әйелдер жағын қазақы ұршық иіріп жарыстыру, ал ерлер тарапын арқан тарту, ләңгі тебу секілді т. б. ойындарды ойнатып, халықтың көңілін бір көтеріп тастауға болады. Мәдениетті асаба тойда арзан әзілдер айтпайды, анайы ойындар ойнатпайды. Ақ кимешекті әжелерді кекетіп, ақ сақалды аталарды мұқатып, бала-шағаның алдында беталды қылжақтамайды. Мәдениетті асабаға тойшыл қауымға сөзін өткізіп, ықыласқа кенелу үшін сайқымазақтың кейпіне енудің де қажеті жоқ. Мәдениетті асабаның мәртебесі қашанда жоғары болуы тиіс.
Қорыта айтар болсақ, әлемдік үрдістерден мол ақпаратқа ие қазіргі жас буынның ұлан-асыр қазақы той өткізуге деген сыни көзқарасы біртіндеп күш алып, әкелер мен балалар арасындағы дәуірлік таным-талғам қайшылығы жыл өткен сайын айқындалып келе жатыр. Болашақта салт-дәстүр, әдет-ғұрыпта ұшырасатын бос мақтан дарақылық, бекерден-бекер мал шашпақтық, яғни ысырапқорлықтан тыйыла отырып, мәнді-мазмұндылыққа, үнемшілдікке, қысқа-нұсқалыққа, қарапайымдыққа, уақытты қадірлеуге қол жеткізу маңызды. Қалаңыз, қаламаңыз, жаһандану дәуіріндегі қазақ қоғамы, жақын жылдарда осы қадірлеу мен бағалауға тиіс қасиеттерге қол жеткізеді. Мұның нәтижесі мен салдары қандай болады дегенді тап басып айту қиын болар. Анығы сол — қазақтың ертеңгі буыны, атшаптырым тойханаға әлденеше жүз қонақ жинап, жаттанды асабаға той басқартып, сабылып-шабылмайтын болады. Елдің ертеңі жаңа буын қазақтардың тойы барынша шынайы да мәнді болатыны сөзсіз.
Аязбек НҰРАХАНОВ,
дін істер орталығының теолог маманы.