ЕЛГЕ ТАҒЗЫМ

0
40

1977 жылдың қыркүйек айында мені аудандық партия комитетіне жұмысқа шақырды. Содан 40 жыл ауданның басқару органдарындқызмет жасап, зейнет демалысына шықтым. Осы жылдар ішінде негізінен әлеуметтік саламен жұмыс жасағандықтан сол жылдарда елге келген атақты ғалымдарды,артистерді, өнер иелерін, ақын, жазушыларды, шетелдік қонақтарды қарсы алып, жағдайларын жасап, шаруаларын ұйымдастырып, дәмдес болып, әңгімелерін тыңдау негізінен маған бұйырыпты.
Кеңес Одағы кезінде ондай қонақтарды жатқызатын қонақ үй де, тамақтандыратын асхана, кафе, тойхана да жоқ, оларды ауылдарды аралатып алып жүретін жөні түзу машиналар да көп емес: аупартком хатшысы мен ауатком төрағасында қызметтік «Волга», басқа санаулы мекемелерде ғана «УАЗ», «ГАЗ-69», «Москвич» деген машиналар болатын да , көпшілігінде машина мүлде болмайтын. Барған ауылдарда да жоғарыда айтқандардың бірі жоқ, қонақтарды үйде қабылдайды, егер көп адам болса, үй-үйге бөліп түсіреді. Қазір сол кезді көрмеген адам сенбеуі де мүмкін, дүкенде ет, сары май, үнді шәйі, колбаса, торт, минералды су т. б. дегендер атымен жоқ. Кейбіреулер Ақтөбеге ат шаптырып (онда да толып тұрған ештеңе жоқ), негізінен қолдан жасайтынның бәрін қолдан жасап, қонақ келіп қалар деп сақтаған тықпаларын шығарып, қабақ шытпай қонақты қабылдай беретін. Ол кезде ауылда да, ауданда да жұрттың бәрі мал ұстайды, огород егеді, картоп, көкөніс, жеміс-жидек, тосап дегендерді қысқа жететін етіп әркім өзі дайындап алатын. Ең бастысы халықтың көпшілігінің ниеті дұрыс, пейілі кең, қолы ашық, жаны жайсаң болатын, қонаққа көп қабақ шытпайтын. Алматыдан, Ақтөбеден келген қонақтар да көп бап талғамайтын, концерттеріне қырғын ақша, қымбат сыйлықтар дәметпейтін. Республикадан, облыстан келген артистер облыстық мәдениет басқармасының жолдамасымен, негізінен өздерінің көлігімен келіп, ауыл-ауылды аралап концерт қойатын, адамдармен емен-жарқын әңгімелесіп, табиғатын тамашалап, әңгімелерін тыңдайтын.
70 жылдардың аяғы мен 80 жылдардың басында ауданға соғыс ардагері, Ақтөбеде құрылған 101 атқыштар дивизиясы саяси басқармасының бастығы, экономика ғылымдарының докторы, академик Сақтаған Бәиішев келіп, аудан орталығы мен Темір қаласында болып, халықпен кездесіп, керемет әңгімелер айтып, сұрақтарға жауап беріп, үлкендерге сәлем беріп, қайтқандарға қайыр айтып кетті. С. Бәиішев Темір уезінде туған, Темір қаласында оқыған, оған дейін де Темірге жиі келіп тұрыпты.
1995 жылы Темір қаласына жерлесіміз, жазушы, драматург, журналист Жиенғали  Тілепбергеновтың туғанына жүз жыл толуының қарсаңында академик Кәкімбек Салықов бастаған бір топ ақын, жазушылар келіп, марқұмның басына құран оқып, мерекелік шараларға қатысып кетті.
2004 жылы 80 жасқа толуының қарсаңында филология ғылымдарының докторы, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рәбиға Сыздықова келіп аудан орталығында, Темір қаласында болып, адамдармен кездесіп, көргендерін, көңілге түйгендерін айтып адамдардың сұрақтарына жауап беріп, өте риза болып кетті. Рәбиға апаймен бірге филология ғылымдарының докторы, академик, соғыс ардагері Әбдіуәли Қайдаров, филология ғылымдарының докторы, академик Шора Сарыбаев келіп, олар да қазақ тілі мен әдебиетінің қазіргі жағдайы, проблемалары, даму жолдары туралы көптеген әңгімелер айтып, елдің жағдайымен танысып дегендей үлкен мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізіп кетті.
2004 жылы аудан бойынша жұмыс жасайтындардың бір күндік еңбекақысын өздерінің келісімімен жинап, қазіргі аудандық музейді аштық. Соның қарсаңында, сол кезде аудан әкімінің орынбасары болып қызмет жасап жүрген Ерсайын Балбосынов Алматыға оқуға барып, демалыс күндері Рәбиға Сыздықоваға, Сайым Балмұхановқа соғып, екеуінен де жаңадан ашылатын музейге көптеген заттар алып келді. Сонда Ерекең Рәбиға апайдың да, Сайым ақсақалдың да қалай риза болғандарын, қалай қарсы алғандарын, әсіресе Рәбиға апайдың Ерсайынды жібермей, қазақша ет асып, бірталай әңгіме айтқанын жыр қылып айтып келіп еді.
2019 жылы Темір қаласының 150 жылдығы қарсаңында сол кездегі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мәди Сүйіншалин жолы түсіп, Алматыға барып, Рәбиға апайға тойға шақыру билетін тапсырды. Өкінішке орай, сол уақытта апай ауырып, ауруханада жатыр екен. Мәди ауруханаға барып, палатасында апаймен кездесіп, сөйлесіп шаруаларын бітіріп келді. Ең бір кереметі – Мәди, апайдың әңгімелерін бейнетаспаға түсіріп, жазып алып келді. Ол кезде апай 93-94 жастарда болу керек, мүмкін тіпті соңғы әңгімесі болуы да мүмкін, өйткені 2020 жылы ол кісі дүниеден өткен болатын.
70-жылдардың аяғында ауданға Казақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, әнші, жыршы, артист Ғарифолла Құрманғалиев, КСРО халық артисі Ришат Абдуллин, 80-жылдарда КСРО және Казақстанның халық артисі, халық қаһарманы Роза Бағыланова, тәуелсіздік жылдарында КСРО және Қазақстанның халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері композитор, жазушы Ілия Жақанов, Қазақстанның халық артисі Лаки Кесоглу, Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР халық артисі, әнші Ескендір Хасанғалиев, Қазақстанның халық артисі Құдайберген Сұлтанбаев, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева, Алтынбек Қоразбаев, Нұрлан Өнербаев, «Нұрмұқасан» ансамблі т. б. атақты өнер қайраткерлері келді.
1995 жылы жерлесіміз Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 130 жыл толуына орай, ауданға сол кезде облатком төрағасының орынбасары Сара Еламанова, Ақтөба университетінің ректоры Мұхтар Арынов бастаған үлкен делегация келіп, аудан орталығында өткен мерекелік шараларға қатысып, Нұрпейістің туған жері Ақсай ауылына барып, ақынның ескерткішіне гүл қойып, онда да тұрғындармен кездесіп, көптеген әңгімелер айтып, сұрақтарға жауап беріп кетіп еді. Сол делегацияның құрамында Қазақстанның халық жазушысы, атақты ақын, жазушы Дихан Әбілев әйелімен, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамбетжанов, ҚР халық артисі, ақын, термеші, жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, кезінде қазақтың санасында төңкеріс жасаған атақты «Шындық туралы толғаудың» авторы, әрі орындаушысы Шымболат Ділдебаев болған болатын.
2000-шы жылдардың басында жерлесіміз, медицина ғылымдарының докторы, академик, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, Хиросима және Нагасаки қалаларында атом бомбасының жарылуынан зардап шеккендерді емдегені үшін Жапонияның мемлекеттік сыйлығын алған Сайым Балмұханов келіп, аудан орталығында, Ақсайда, Темір қаласында болып, онда әкесінің басына тәу етіп, адамдармен кездесіп кетті.
1990 жылдың күзінде ауданға атақты композитор, дирижер, күйші, Қазақстанның халық Батыры, КСРО халық артисі, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрғиса Тілендиев өзінің «Отырар сазы» оркестрімен келіп, Кеңқияқта, Темірде, аудан орталығында концерт қойды. Оркестрдің құрамында 50 адам үш автобуспен жүрді, бір автобуста музыкалық құрал-жабдықтары мен киім-кешектері болды. Біз оркестрді Мұғалжар ауданынан күтіп алып, Кеңқияқта, Темір қаласында, аудан орталығында концерттерін ұйымдастырып, Байғанин ауданына шығарып салдық, одан әрі олар Ойыл ауданына, одан Ақтөбе қаласына барды.
Бір жылы ҚР халық артисі Алтын Ружева бастаған Талдықорған театрының шағын труппасы Ақтөбеден Атырауға өтіп бара жатып Шұбарқұдыққа соғып, Шыңғыс Айтматовтың «Ана. Жер. Ана»-сын қойды.
Әр жылдары Алтынбек Қоразбаев, Алмас Алматов, Татьяна Бурмистрова т. б. Республикамызға атағы шыққан өнер тарландары, Кәкімбек Салықов, Өтежан Нұрғалиев, Құрал Тоқмырзин, Тынымбай Нұрмағамбетов, Маралтай сияқты ақын-жазушылар келсе, Ақтөбе облыстық филармониясының, Қазақконцерттің, көршілес Орал, Атырау, Қызылорда облыстық филармонияларынан артистер жиі-жиі келіп, елді мекендерді аралап, концерт қойып елдің еңсесін көтеріп кететін. Мысалы, Ақтөбе филармониясының белді әншісі Генадий Шульганың концертіне халық қуана барып, оның қазақша, орысша, украйынша құйқылжыта салған әсем әндерін сүйсіне тыңдайтынын бүгінде алпыстан асқандар жақсы біледі.
Қазір енді жағдай мүлде өзгерді, қазір халық күйленді, барлық жерде дүкендерде не керектің бәрі толып тұр, көліктің түр-түрі қалаған жеріңе жеткізіп салады, қонақ үй, дәмхана, мейрамханалар жетерлік, бірақ. ғалымдарды, ақындар мен жазушыларды, өнер адамдарын ешкім ақысын төлеп іссапарға жібермейді. Қыруар шығынға батып өздері тағы жүре алмайды. Бұрынғыдай құшағын ашып қарсы алатын ел де нарықтық қатынастарға кіріп кетті. Қазақта «Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген түсінік бар. Бірақ телевизордан, телефоннан емес, көзбе-көз көріп, құлағымен естігеннің орны мүлде болек қой. Нұрғисаның «Ата толғауын», «Әлқиссасын», «Көш керуенін», Құрманғазының «Сарыарқасын», Тәттімбеттің «Саржайлауын» «Отырар сазы» оркестірінің орындауында тыңдауға, болмаса Димаштың, Розаның, Нұрғалидың әндерін өз ауыздарынан естуге, белгілі ғалымдармен, ақын, жазушылармен бетбе-бет тілдесуге не жетеді! Ол ол ма, көптеген адамдар қазір сауатты жазу мен сөйлеуді де ұмыта бастағандай. Жаза бастаса «отырқ, жатырқ, келатырқ», той, садақада сөйлей бастаса басы да, аяғы да жоқ қойыртпақ, орынды, орынсыз төгіліп жатырған желсөз, әсіре мақтау.
Қазір көңілге демеу болары — әрбір елді мекенде мәдениет орталықтары, оларда көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс жасайды, бұрынғыдай емес қазір маман кадрлар да баршылық, музыкалық аспаптар мен құрал-жабдықтар да жетерлік. Аудандық балалар музыка мектебі толыққанды жұмыс жасап, жалпы білім беретін мектептер де өз дәрежесінде эстетикалық тәрбие беруде. Әрбір мерекелерде, той-топырларда жергілікті өнерпаздар тәп-тәуір өнер көрсетіп жатады.
Дегенмен үлкен өнердің, нағыз ғалым мен тірі ақынның, жазушының орны бөлек қой. Бүгінде әр түрлі себептермен туған жерлеріне жылына бір рет болса да Светлана мен Жадыра, Сейсен, жарқ етіп көрінген жас әнші Жандос келіп кетеді, Ертай мен Қуатжанды, Қуанышты шақырып жатырған ешкім жоқ. Қазір бүкіл Республикаға танымал болған Ершаттың да мүмкіндігін толық пайдаланып жатпағандаймыз. Әлеуметтік желіде Ершаттың Маңғыстауда, Атырауда, Қызылордада, Алматыда кездесулер өткізіп жүргенін көреміз, ал Кеңқияқ өңірінде, Темір, Шығырлы, Тасқопа жақтарына барғаны туралы естімеппіз де көрмеппіз де. ҚР Қорғаныс Министрлігі оркестрінің белді әншісі, Қопа ауылының тумасы Ержанов Берікпен де байланысымыз жоқ деуге болады.
Жас ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіруде, туған жерін, елін, табиғатын сүйуге тәрбиелеуде, қоршаған ортадағы сұлулықты, әдемілікті, нәзіктікті, жақсылықты, адамгершілікті, азаматтықты көре білуге тәрбиелеуде ғылымның, әдебиеттің, өнердің орны бөлек екені әлдеқашан дәлелденген. Сондықтан ғалымдардың, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, саясаткерлердің, белгілі өнер қайраткерлерінің елге шығып, халықпен көзбе-көз тілдесіп, экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелер туралы сөз қозғап, сұрақтарына жауап берсе нұр үстіне нұр болар еді. Қазір көпшілік газет-журналдарды, көркем әдебиетті оқибермейді, теледидар мен ғаламтордан дұрыс ақпарат алу көзі ашық, саяси сауатты адам болмаса кез-келгенге оңай емесін көріп жүрміз. Ал әлеуметтік желідегі алып қашпа әңгімеден, айқыш-ұйқыш өсектен адамның басы айналады.
Н. ӨТЕПОВ,
еңбек ардагері.