«Сұңқар ақын – Сәкен»
Темір аудандық музейінің ұйымдастыруымен Шұбарқұдық кентіндегі №6 Шұбарқұдық негізгі-орта мектебінде Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай «Сұңқар ақын –Сәкен» атты әдеби танымдық кеш пен «Қолөнер – сырлы өнер» атты этнографиялық жәдігерлер көрмесі өтті.
Аталмыш шараға мектептің 5-9 сынып оқушылары мен мұғалімдері қатысты.
Алдымен шараға қатысушылар, Темір аудандық музейінің «Қолөнер – сырлы өнер» атты этнографиялық жәдігерлер көрмесін тамашалады.
Кейін көрме, «Сұңқар ақын – Сәкен» атты әдеби танымдық кешке ұласты. Әдеби кеште С.Сейфуллиннің өмір жолы, атқарған қызметтері және шығармашылығы туралы шара қатысушыларына тың деректер мен мәліметтер берілді.
Мектептің үздік оқушылары Қалмұқанова Әсел, Амангелді Ерқанат, Базарбаева Дильназ, Әлихан Бақтыбаев ақынның «Ақсақ киік», «Жас қазақ марсельезасы», «Көкшетау» және «Туған жер» өлеңдерін мәнерлеп оқып, белсенділік танытты.
Сонымен бірге, шарада оқушыларға викториналық сұрақ – жауап айдары ұйымдастырылды.
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда Қарағанды облысы Ақадыр кәзіргі Шет ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келген. Шын есімі азан шақырып қойған аты Сәдуақас. Бірақ әке-шешесі Сәкен деп еркелеткен. Руы Арғын, Қуандықтан тарайды. Сәкеннің әкесі Сейфолла сөзге шешен саясатшы, домбырашы болған. Ол тұңғышынан үлкен үміт күткен. Ал анасы баласына ертегі айтудан жалықпайтын. Сәкеннің отбасында, Сәкенен кейін, екі ұл Мәлік, Әбен, кейін үш қыз Рахима, Қалима, Сәлима өмірге келген. Бірақ үш қыздың үшеуіде 11-13 жасында көз жұмған. Әбенде де жас кетті. Сәкен ауыл молдасынан тіл сыңдырып арабша хат танығаннан кейін орыс-қазақ мектебінде білім алды. Ал оқуды үздік бітіріп, Ақмолада Приходская мектебіне түседі. Одан кейін 2 жыл білім алып, Омбы педагогикалық семинариясына аттанады.
Омбыда оқып жүргенде Айқап журналына алғашқы мақаласы жарияланады. Содан бастап жас Сәкен патшалық охранкасының назарына ілінді. Дегенмен өзінің белсенді жұмысын жалғастыра берді. 1914 жылы қазақ жастарының бірлігі атты мәдени және білім беру қоғам құруға атсалысты. Тура сол уақытта «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағын жарияланды. Оқуды бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин елге келіп шамалы уақыт ұстаздық қызмет атқарады. 1916 жылы ұлт азаттық көтеріліс басталып, ақын халық жағына шығып патшаны тақтан тайдыратын, ақпан төнкерісін қуана қарсы алады. Қазақ елі бостандық алып, бодандықтан құтылады деп сенеді. Сөйтіп Ақмолаға келіп жаңа заман жолындағы күреске белшесінен кіріседі. Сол кезде ақын Амангелді Иманов бастаған көтеріліске арнап «Толқулар» атты өлеңін жазады.
1931 жылы «Қазақ әдебиеті» нұсқалар атты бір том жинақты, 1933 жылы бір том «Батырлар» жырының жинағын, 1934 жылы «Алтынсарин» өлеңдері жинағын, 1935 жылы Ақан сері «Ләйлім Мәжнүннің» поэмасын бастырады. Ал негізін зерттеу еңбегі 1932 жылы «Қазақ әдебиеті» деген атпен қалың бір том кітап болып басылады. 1933 жылы «Альбатроз», «Қызыл ат» поэмаларын шығарады. Ол өзі көрген, өзі араласқан өмірден елес беретін «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Дауыл алдында» «Жемістер» атты роман, повесть жазуға кіріседі. Олардан бір тарау газет, журналдарда түрлі жинақтарда жарияланады. «Айша» атты повесті 1935 жылы жеке кітап болып шығады. «Қызыл сұңқарлар» повесін бүтіндей жөндеп қайта жазып, ол қазақтың мемлекеттік драма театрында қойылды. «Тар жол тайғақ кешу» толықтырылып, 1936 жылы қайта басылды. Ал Сәкеннің бір қатар шығармасы атаман Анненковтың «Азап вагонынан», «Тар жолдан», «Советстан», «Көкшетау», «Айша», «Қызыл ат», «Жемістер» және тағы басқасы орыс тілінде басылып шықты.
1936 жылы партия мен үкімет Сәкеннің зор еңбегін айырықша бағалап, «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапаттады. Сәкен Сейфуллиннің жары Гулбаһрамнан 1928 жылы туған қызы Лаура 3 жасында, 1936 жылы туған ұлы Аян 1,5 жасында қайтыс болады. Сәкен Сейфуллин 1937 жылдың 24 қыркүйегінде тұтқындалады. Ал 1938 жылы 25 ақпанда ең жоғары жаза берілді. 1938 жылы 25 сәуірде, Алматы қаласында НКВД түрмелерінің бірінде халық жауы ретінде атылады. 1957 жылдың 21 наурызында ол қылмыстық құрамның болмауына байланысты КСРО жоғары сотының алқасымен ақталады.
Сәкен Сейфуллин есімімен көптеген ауыл, елді мекендер, театр, мектеп, кітапхана, көшелер аталды. 1985 жылдан бастап Астана қаласында Сәкен Сейфуллин мұражайы жұмыс жасайды.
Нұрбол Қуанбаев,
ғылыми қызметкер.
Темір аудандық музей экскурсоводы:
Ақжайық Мыңжасарқызы