ШПАН ӘЖЕНІҢ тағдыры

0
24

Бүгінгі Шұбарқұдық ауылына 1947 жылы ескі қоржынға киім-кешегін жинап сонау Алматыдан туған жерге бет түзеген Шпан әже келіп түседі. Негізгі бағыты өмірлік серігімен отау көтерген Бәшенкөл болатын. Дегенмен 1930 жылдардың салқын лебі естен кетпеді ме, әлде ағайынның жан-жаққа босқанын естіді ме кім білсін осы жерге келіп тоқтайды. Ондағы ойы Бәшенкөлден ауған елдің бір ұшығы енді бой түзеп шағын бекетке айналған Шұбарқұдыққа тұрақтағанын естіп соларға иек арту. Өйткені соғыстан кейін ел есін енді жиып, теміржолдар мен өндіріс орындарын жағалап қоныстанған болатын. Соның ішінде зұлмат жылдары бас сауғалап кейбірі жұмыс бабымен жаңа құрылған колхоздар мен шағын бекеттерде жаңа тіршілік қамытын киіпте үлгерген еді. Сол жылдары Бәшенкөлден бері ауғандардан бүгінгі Қопа ауылында Жонатовтар, Төлемісовтер, Шұбарқұдықта Балғазиндер т.б болатын. Бұлардың бәрі де Назар руының Бәшен бөлімінен тарайды. Шпан әжеміз жолдасының ағайыны болып келетін Шұбарқұдықта отырған Балғазин Оқастың үйіне тоқтайды. Бұл 1947 жылдың сәуір айы болатын.

Шпан әжеміз егде тартқан шағында жалғыздықтың қамытын киіп алыс жолдан туған жерге оралды. Тағдыр бір айналдырса шыр айналдырады демекші өзінен туған тоғыз перзенттен ажырап ағайынның ортасына келіп ат басын тірейді. Ол кезде жасы 52-де екен. 1930 жылдары саяси себептерге байланысты жолдасы Жұмықов Елубай істі болып кейін ата-қоныстан өкше көтеруге мәжбүр болған. Жұмықовқа қатысты 1926 жылғы архив деректері: «Темір уезі, Ембі болысының №6-шы ауылы, ұлты қазақ, «Назар» руы, 42 жаста.  Темір қаласында тұрады. Әлеуметтік жағдайы бойынша орташа, мал шаруашылығы және іс-қағаздар жүргізумен айналысады. Қамауға алынар алдында Темір қаласында тұрып және ешқандай қызметте болмады. Үйленген, 8 айдан 11 жасқа дейін бес баласы бар. Партия қатарында жоқ. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары яғни 20.11.1920-08.1921 жж. БКП (б) мүшесі болған. 1921 жылы бандалардың пайда болуына байланысты бір жылға партиядан шығарылып кейін қайта өтуге өтініш бермеді. Патша уақытында болыс хатшысы болды. Бұрын ешқандай сотты болмаған. Жекей тобының басшыларының бірі екенін мойындады бірақ өзін кәнілі деп санамайды. Жергілікті жерлерде кеңестерге қайта сайлау кезінде жасырын үгіт жүргізгенімен онысын билікке емес қарсылас топқа қарсы жасағандығын көрсетті» деп шағын анықтама берілген. Оған қоса 1926 жыл 8 желтоқсан  күні, мен ОГПУ Ақтөбе губерниялық бөлімшесінің жоғары білімді комиссары Ф.Ковалышкин: «Ақтөбе облысы Темір уезіне қарасты азаматтардың айыпталуы бойынша №31\рсо тергеу ісін қарап шықтым. Ол бойынша Темір уезінен жергілікті заңсыз екі алаштық-бай-бюрократтық топтың құрамында болған 17 адам қылмыстық кодекстің 57-ші және 62-ші баптары бойынша айыпталған» деп атап көрсетеді. Осы 17 адамның ішінде Жұмықов Елубайда бар. Аталмыш 17 адам 1921-1922 жж. бастап кеңес билігіне қарсы топ құрып жергілікті жерде үкімет жұмысына кедергі келтірді деп айыпталған. Уездегі белгілі адамдар екіге жарылып «Жекей» және «Назар» топтарына ұйысып, жергілікті билікке талас жүргізді. Сол арқылы Кеңестердің ауылдық, болыстық, уездік съездері мен қайта сайлауларға, кедейлердің мүддесін қорғайтын «Қосшы» секілді ұйымдардың жұмыстарына кедергі келтірді деп ашықтан ашық қамауға алынды. Арты дауыс беру құқығынан айыру, түрмеге қамау, ірі бай ретінде жер аудару секілді түрлі жазалау істеріне ұласты. Жұмықов Елубайда осылардың қатарында қамауға алынған. Бірақ бүгінгі күні 1926 жылы ұсталып қай жылы босап шыққандығы жөнінде нақты мәлімет табылмай отыр. Дегенмен қалған айыпталушылар 1929-1931 жж. босатылғаны көрсетілген. Бұл кісі де сол жылдары босатылып, жергілікті жерде үкімет адамдары тыным бермеген соң Қарақалпаққа қарай кетуге мәжбүр болған. Сол жақта жүріп бәрі бірде үкіметтің құрығынан құтылмаған секілді. Өйткені 1937-1938 жж. жазалау бұл отбасын да айналып өтпеген.

Жалпы 1926 жылдан басталған сергелдең ғұмыр Шпан әжемізді тағдырдың талай азабына салды. 1946 жылға дейін Алматыда Балқан деген қызының қолында тұрды. Күйеу баласы да Алматыда Прокуратурада жұмыс жасап, жауапты мекемелерді қызметте болды. Кейін қызы Елубаева Балқан 1946 жылы дүниеден өткен соң елге қарай қайтқан.

Өмірінің соңына дейін Балғазин Оқастың үйінде болып, 1984 жылы дүниеден өтті. Өзінен туған тоғыз баланың емес, ағайынның қолында соңғы демі үзілген әжеміздің тағдыры қандай өкінішті. Бүгінде ол жақтағы ағайындары әжеміз деп құрметтеп, отбасыларының бір мүшесіндей жылы естеліктерімен бөлісіп отыр.

Жұбаныш Райымбек

Ақтөбе қаласы