Астана — Ұлан-Батыр бағытында әуе рейсі ашылады — Серік Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM — Екі мемлекет арасында көлік саласы дамып келеді. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары — ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан-Моңғолия бизнес форумында мәлімдеді.
— Әлемдік сауданың тұрақты өсуінің факторы — өзара көлік байланысын нығайту. Елдеріміздің арасындағы көліктік ынтымақтастық Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде қарқынды дамып келеді. Бұл бағыт — «Бір белдеу — бір жол» жаһандық бастамасымен бірлесіп, солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс дәліздерінің әлеуетін ашуға қосымша көмек, — деді ол.
Сонымен бірге, Серік Жұманғарин жуырда жаңа әуе рейсі ашылатынын атап өтті.
— Бүгінде Алматы — Ұлан-Батыр бағытында тікелей әуе қатынасы жүзеге асып жатыр. Жақын арада Астана — Ұлан-Батыр бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр. Бұл қадам іскерлік, гуманитарлық және туристік байланыстарды нығайтуға тың серпін береді, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Моңғолия Қазақстаннан бидай импорты көлемін арттыруға қызығушылық танытқанын жазғанбыз.
Тегтер:
Моңғолия
Астана
Серік Жұманғарин
Ұшақ
Әуе қатынасы
ҚР Көлік министрлігі
Авиация
