Салауатты өмір салты – ұлт болашағының негізі

0
10

Спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, адамды тәртіпке, табандылыққа, төзімділікке және мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейтін өмір салты. Әсіресе жас ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуы – олардың дені сау болып қалыптасуына, бос уақытын тиімді өткізуіне және өз қабілеттерін шыңдауына мүмкіндік береді. Осы мақсатта Темір ауданында Спорт күні аясында спорттық мерекелік шара ұйымдастырылды.

Аталған шараны Темір аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Темір балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырып, орталық саябақта түрлі спорттық жарыстар өткізілді. Мерекелік шараға спортты жанына серік еткен жастар мен жасөспірімдер, аудан тұрғындары қатысып, спорттық бәсекелердің қызықты өтуіне өз үлестерін қосты.

Шара барысында спорт мектебінің тәрбиеленушілері өздерінің спорттық шеберліктерін көпшілікке көрсетті. Атап айтқанда, волейбол, еркін күрес, дзюдо, үстел теннисі және бокс үйірмелерінің оқушылары арнайы көрсетілімдер ұйымдастырып, өздерінің дайындығы мен шеберліктерін танытты.

Спорттық мерекенің ашылуында Темір аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қожақова Мәрзия Жаниязқызы сөз сөйлеп, қатысушыларды Спорт күнімен құттықтады. Ол спортпен айналысудың адам денсаулығы мен өмір сапасы үшін маңыздылығын атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мерекелік шара аясында бірнеше спорт түрінен тартысты жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар өздерінің күшін, жылдамдығын, ептілігі мен төзімділігін сынап, жүлделі орындар үшін бақ сынады.

Кермеге тартылудан өткен «Temir Tartyl Fest» жарысы қатысушылардың күш-жігерін сынаған сайыстардың бірі болды.

Қыздар арасында:

І орын – Абылайқызы Рукая;

ІІ орын – Сапарбай Аида;

ІІІ орын – Ахметжан Аниса.

Жасөспірімдер арасында:

І орын – Тұрғанбай Әділет;

ІІ орын – Бахытжан Омар;

ІІІ орын – Сүйеніш Ааманғос.

Кермеге тартылу жарысында қатысушылар бар күшін салып, төзімділік пен физикалық дайындығын көрсетті. Жарыс көрермендер үшін де қызықты өтіп, спортшыларға қолдау білдірген жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.

«Temir Cross Country» – жылдамдық пен төзімділік сайысы

Қашықтыққа жүгіруден ұйымдастырылған «Temir Cross Country» жарысында да жас спортшылар белсенділік танытты.

Қыздар арасында 1000 метр қашықтықта:

І орын – Абылайқызы Рукая;

ІІ орын – Ахметжан Аниса;

ІІІ орын – Сапарбай Аида.

Ал жасөспірімдер арасында 2000 метр қашықтықта:

І орын – Оразбай Ерасыл;

ІІ орын – Туманчаев Ислам;

ІІІ орын – Жақсылық Нұрболат иеленді.

Жүгіру жарысында спортшылардан жоғары физикалық дайындықпен қатар, мықты ерік-жігер мен төзімділік талап етілді. Қатысушылар белгіленген қашықтықты бағындыру үшін бар күшін жұмсап, жеңіске деген жігерін көрсетті.

«Күштік Экстрим» – мықтылар бәсекесі

Ересектер арасында өткен «Күштік Экстрим» сайысы да спорттық шараның маңызды бөлігіне айналды.

Жарыс қорытындысы бойынша:

І орын – Айдынқали Аманжан;

ІІ орын – Сарсенов Айдын;

ІІІ орын – Базарбай Әли.

Бұл сайыс қатысушылардың күшін ғана емес, физикалық дайындығы мен төзімділігін де сынады.

Спорттық мерекеде ұлттық спорт түрлеріне де ерекше орын берілді. Асық атудан ересектер арасында тартысты сайыс өтіп, қатысушылар мергендік пен дәлдіктерін сынады.

Асық атудан ересектер арасында:

І орын – Шүкір Нұржан;

ІІ орын – Хайруллин Мейірхан;

ІІІ орын – Абишев Жанболат иеленді.

Ұлттық ойындарды дәріптеу – халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтарын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды жолдарының бірі. Сондықтан мұндай спорттық жарыстардың ұйымдастырылуы ұлттық ойындарға деген қызығушылықты арттыруға септігін тигізері сөзсіз.

Жарыстар қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Оларға Темір аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі дайындаған мадақтамалар, медальдар мен сыйлықтар табысталды.

Спорттық шараның басты мақсаты – тұрғындар арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, жастар мен жасөспірімдерді дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Бүгінде спортпен айналысу – уақыт өткізудің бір түрі ғана емес, денсаулықты нығайтудың, күш-қуатты арттырудың және өмір сапасын жақсартудың тиімді жолы. Әсіресе, балалар мен жастардың спортқа қызығушылығын арттыру – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі.

Темір ауданында ұйымдастырылған бұл спорттық мереке қатысушыларға жақсы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, спорттың адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айқындады. Жарысқа қатысқан әрбір спортшы жеңіске жетуге талпынып, өз мүмкіндігін сынап көрді.

Салауатты ұрпақ – ел болашағы. Ал спортты серік еткен жас ұрпақтың дені сау, рухы мықты, мақсаты айқын болары сөзсіз.

Жарысқа қатысқан барлық спортшыларды, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ауданымыздың спорттық жетістіктерін еселей берулеріне тілектеспіз!

 Кенесарина Диана Дүйсенбайқызы,

 Темір балалар- жасөспірімдер спорт мектебінің маманы