Білім мен біліктілік – мемлекеттік қызметке бастар жол
Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласына білімді, білікті әрі ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жас мамандарды тарту – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы айқындаған «Әділетті Қазақстан – адал азамат» қағидаттары аясында ашықтық, әділдік, жауапкершілік пен отансүйгіштік құндылықтарына негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа келбеті қалыптасып келеді. Осы ретте білімді жастардың мемлекеттік қызметке келуіне мүмкіндік беретін тетіктердің маңызы зор.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында жоғары оқу орындарын жақсы нәтижемен тәмамдаған түлектерге мемлекеттік қызметке орналасудың жеңілдетілген мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары үлгеріммен аяқтаған түлектер оқуын бітірген күннен бастап бір жыл ішінде конкурстық іріктеуден өтпей-ақ, мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік алады.
Мен де осы мүмкіндікті өз тәжірибемде пайдалана алдым. 2024 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 3,72 GPA көрсеткішімен, үздік дипломға тәмамдадым. Студенттік жылдары алған білімімді тәжірибеде қолдануға, өз мамандығымды жетік меңгеруге және кәсіби тұрғыдан дамуға барынша көңіл бөлдім.
Оқуымды аяқтағаннан кейін туған жерім – Темір ауданында еңбек жолымды бастауға мүмкіндік туды. Сол жылдың қыркүйек айында Темір аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөліміне конкурссыз мемлекеттік қызметке қабылдандым. Осылайша, жоғары оқу орнында көрсеткен жақсы үлгерімім кәсіби өмірімнің алғашқы баспалдағына айналды.
Жас маман үшін мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап ететін сала. Мұнда кәсіби біліммен қатар, халықпен тиімді қарым-қатынас орната білу, заң талаптарын сақтау және ел мүддесін бәрінен жоғары қою маңызды.
Әсіресе, өңірлер үшін туған жерінде білім алған, сол аймақтың тыныс-тіршілігін жақсы білетін жас кадрлардың мемлекеттік қызметке келуінің маңызы ерекше. Мен үшін мемлекеттік қызметтегі еңбек – тек мамандық емес, туған жерге қызмет етудің бір жолы.
Сондықтан жоғары оқу орнын жақсы нәтижемен тәмамдаған жас түлектерге беріліп отырған бұл мүмкіндік – жастардың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыратын маңызды қадам. Білімді, еңбекқор және елжанды жастардың мемлекеттік қызметке келуі – мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін нығайтып қана қоймай, еліміздің болашағына қызмет ететін жаңа буынның қалыптасуына берік негіз қалайды.
Темір аудандық ішкі саясат және
тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы
Утенова Дильназ Калдыбаевна

