МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ КІТАПХАНА ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін аудандық кітапханада аудандық мәслихат төрағасы, аудандық мәслихаттың «AMANAT» партиясы атынан сайланған депутаты Б. Шаимовтың кітапхана қызметкерлерімен кездесуі өтті. Іс-шараға кітапхана саласының мамандары қатысып, мемлекеттік саясат, «AMANAT» партиясының атқарған жұмыстары, аудандық мәслихат депутаттарының көтерген мәселелері, мәдениет және руханият бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Кездесу барысында аудан көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстармен қатар, заманауи талаптарға сай мемлекеттік қызмет көрсету сапасы сөз болды. Сонымен қатар, кітапхана қызметін дамытуға бағытталған жаңа жобалар мен бастамалар төңірегінде пікір алмасу жүргізілді. Жиын барысында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары да қозғалып, мәдениет саласын дамыту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және қоғамдағы кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын еркін форматта өтіп, кітапхана қызметкерлері өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін ортаға салды. Аудандық мәслихат төрағасы Б. Шаимов сала мамандарының көтерген мәселелеріне баса назар аударып, халыққа қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегін жоғары бағалады. Ол өз сөзінде көтерілген әрбір мәселе мен ұсыныстың маңыздылығын атап өтіп, оларды кезең-кезеңімен зерделеу және тиісті деңгейде іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Кездесу соңында қатысушылар осындай ашық диалог үшін ризашылықтарын білдіріп, руханият саласын өркендету жолында пікірлестік танытты.


