МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ӨСУ ЖӘНЕ МЕРИТОКРАТИЯ ҚАҒИДАТЫ

0
59

 Мемлекеттік аппараттың тиімділігі ең алдымен онда қызмет ететін мамандардың кәсібилігіне, тәжірибесіне және адалдығына байланысты. Осы тұрғыда мемлекеттік қызмет жүйесінде меритократия қағидатын орнықтыру – уақыт талабы. Меритократия (лайықтылық) – мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаты, ол қызметшілердің қабілеті мен еңбек нәтижесіне, тәжірибесі мен кәсіби жетістіктеріне қарай іріктеуді көздейтін басқару жүйесі. Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшілерді тағайындау мен ауыстыру рәсімдері нақты құқықтық тетіктер арқылы реттеліп, ашықтық пен әділдікке негізделген. Бұл жүйе тәжірибелі мамандардың мансаптық өсуіне, олардың әлеуетін тиімді пайдалануға және басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Меритократия қағидаты мемлекеттік қызметшілерді тек конкурс арқылы емес, сонымен қатар ауысу тәртібімен де ілгерілетуге жол ашады. С о н д а й- а қ , қолданыстағы заңнамаға сәйкес төрт тоқсан қатарынан бағалау бойынша жоғары нәтиже көрсеткен немесе мемлекеттік органда кемінде соңғы екі жыл келесі төмен тұрған лауазымды атқарған қызметшілерге жоғары лауазымдарға ауысу тәртібімен орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай тәсіл қызметшінің жинақтаған тәжірибесін, кәсіби жетістіктерін және атқарған жұмысының нәтижесін ескеруге мүмкіндік береді. Демек, өз ісін жақсы меңгерген маман әрқашан сұранысқа ие. Мәселен, 2025 жылы Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы және өкілетті органдарының 39 қызметшісі, ал 2026 жылдың 1 тоқсанында 9 қызметшіcі ауысу тәртібімен жоғары тұрған лауазымға тағайындалды. Сонымен бірге, өткізілген ішкі конкурстар нәтижесінде 2025 жылы 99 қызметші немесе барлық тағайындалғандардың 69,7%-ы, ал 2026 жылдың 1 тоқсанында 18 қызметші (немесе барлық тағайындалғандардың 69,2 %-ы) жоғары санаттағы лауазымдарға тағайындалып, ілгерілеген. Бұл көрсеткіштер өңірде кәсіби өсімге нақты жағдай жасалғанын және тәжірибелі кадрларға сенім артылып отырғанын айқын көрсетеді. Қызметтік өсудің мұндай мүмкіндіктері мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, оларды тұрақты түрде біліктілігін жетілдіруге, жаңа дағдыларды игеруге ынталандырады. Себебі әрбір маман өзінің еңбегі бағаланатынын және әділ ілгерілеу мүмкіндігі бар екенін түсінеді. Сонымен қатар, меритократия қағидаты кадрлық шешімдердің субъективтілігін азайтып, ашықтықты күшейтеді. Нәтижесінде мемлекеттік органдарда басқару сапасы жақсарып, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігі артады. Әрине, кадрлық рәсімдерді іске асыруда заңнаманы қатаң сақтау, құжаттарды сапалы рәсімдеу және персоналды басқару қызметтерінің кәсіби деңгейін көтеру маңызды. Бұл мемлекеттік қызмет жүйесінің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз етудің басты шарты. Қорыта айтқанда, меритократия – тек кадрлық саясаттың ұстанымы ғана емес, ол – мемлекеттік басқарудың сапасын арттыруға бағытталған нақты құрал. Ал тәжірибелі, білікті әрі адал қызметшілердің қызметтік өсуі – қоғам игілігі үшін жасалған маңызды қадам.

Ардақ Елеусізова,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы.