ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

0
12

Ақтөбедегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы — бақыт мекені» атты ақпараттық-профилактикалық іс-шара өтті.

Іс-шараға тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтар қатысып, құқық қорғау органдарының қызметкерлері заңнамадағы өзгерістер мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы ақпарат берді.
Полицейлердің айтуынша, биылдан бастап «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты — қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, оларға дер кезінде жан-жақты көмек көрсету. Кездесуде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына берілетін қорғау нұсқамасы, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау, сондай-ақ арнайы орталықтарда уақытша паналау мүмкіндігі туралы түсіндірілді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға заң бойынша жауапкершілік қарастырылғаны айтылды.
Дағдарыс орталығының заңгері Гүлшат Мәмбетованың айтуынша, қазіргі таңда орталықта бес әйел мен он үш бала тұрып жатыр. Олар уақытша баспанамен қамтылумен қатар, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек алады.
Дағдарыс орталығы экономикалық, психологиялық, тұрмыстық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетеді. Әрбір қызмет алушы үшін жеке қолдау жоспары жасалады. Оның аясында жұмысқа орналасуға, балаларды білім беру ұйымдарына орналастыруға, құжаттарды рәсімдеуге және әлеуметтік төлемдерді алуға көмек беріледі.
Мәселен, ауданнан келген төрт баланың анасы күйеуінің құмар ойынға тәуелділігі салдарынан орталықтан пана сұраған. Мамандар оны жұмысқа орналастырып, балаларын оқу орындарына қабылдатқан. Сонымен қатар отбасының қайта қауышуына мүмкіндік болса, күйеуімен де түсіндіру жұмысы жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, басты мақсат — әйел мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Егер отбасыны сақтау мүмкін болмаса, орталық қызметкерлері алимент өндіру, ана мен баланың заңды құқығын қорғау бағытында құқықтық қолдау көрсетеді.
Кездесу соңында қатысушыларға қиын жағдайға тап болған әрбір азаматтың көмек алуға құқығы бар екені айтылды.

К.ҚОПАЕВА.