Жұмыспен қамту: жаңа бастамалар мен нақты нәтижелер

Темір ауданында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуының нәтижесінде аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі төмендеп, тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік артып отыр. Әсіресе жастарды, жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға оқыту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде.
Сонымен қатар, цифрландыру үдерістерінің қарқынды енгізілуі халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттырып, жұмыс іздеу мен кадр іріктеу процесін жеңілдетті. Электронды еңбек биржасы мен онлайн оқыту платформалары арқылы азаматтар үйден шықпай-ақ жұмыс іздеп, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алуда. Бұл өз кезегінде еңбек нарығының икемділігін арттырып, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайтуға оң әсерін тигізуде.
Осы орайда, Темір аудандық «Мансап» орталығы филиалының директоры Көшербаев Әділ Тасымбайұлымен сұхбаттасып, орталықтың негізгі қызметі, соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесі, еңбек нарығындағы өзекті мәселелер мен орталықтың алдағы жоспарлары туралы сұхбаттасқан болатынбыз.
— Әділ Тасымбайұлы, Темір аудандық «Мансап» орталығы филиалының негізгі қызметі мен мақсаттары қандай? Соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың ішінде ең маңыздыларына тоқталып, қол жеткізген жетістіктерді атап өтсеңіз?
— Темір аудандық Мансап орталығының негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар, орталық жұмыс іздеушілерге кәсіби бағдар беру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша бағыт-бағдар ұсыну, олардың біліктілігін арттыруға ықпал ету және жұмыс берушілердің кадрларға деген сұранысын қанағаттандыру бағытында жүйелі қызмет атқарады.
Орталық тарапынан азаматтарды жұмыспен қамту шаралары кешенді түрде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орындарына жолдау, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, жастар тәжірибесін өткізу, «Күміс жас» жобасы аясында зейнет жасына жақындаған азаматтарды қолдау, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға бағытталған мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелерге жолдау жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары арқылы жұмыссыз азаматтардың жаңа мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік беріледі.
Соңғы жылдары аудан көлемінде жұмыспен қамту саласында айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл, ең алдымен мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуымен және жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатудың нәтижесі деп білемін.
Атап айтқанда, 2025 жылы жұмыспен қамту шараларына тарту бойынша 109,6 пайызға, яғни 3184 адам қамтылып, белгіленген жоспар артығымен орындалды. Бұл көрсеткіш орталық жұмысының тиімділігін және халықтың мемлекеттік қолдау шараларына деген сенімінің артқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, тұрақты жұмысқа орналасқандардың үлесі де жыл сайын артып келеді. Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекке тарту бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде.
Цифрландыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылып, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшірілді. Бұл өз кезегінде азаматтарға қызмет алуды жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік беруде.
Жалпы алғанда, Темір аудандық Мансап орталығының қызметі – халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік тетік болып табылады. Ал соңғы жылдардағы ең маңызды жетістік – мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы нәтижесінде халықты жаппай жұмыспен қамту көрсеткішінің артуы және тұрғындардың тұрақты табыс көздеріне қол жеткізуі деп айтуға толық негіз бар.
— Аудандағы жұмыссыздық деңгейі қандай, оны төмендету үшін қандай шаралар қолға алынуда? Жұмыс іздеушілерге қандай нақты қолдау түрлері көрсетіледі?
— 2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Темір ауданындағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш 2024-2025 жылдардағы сандармен салыстырғанда төмендеп, аудан бойынша жұмыспен қамту саласында оң динамиканың қалыптасқанын көрсетеді. Жалпы алғанда, бұл – жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен кешенді шаралардың тиімділігінің нақты нәтижесі деп санаймын.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында аудан көлемінде бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылып, уақытша болса да табыс табуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы оқу орнын жаңа бітірген түлектер алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтап, еңбек нарығына бейімделеді. Әлеуметтік осал топтарға да үнемі қолдау көрсетіліп, оларды тұрақты табысқа жеткізуге бағытталған жұмыстарымыз бар.
«Күміс жас» жобасы аясында зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұдан бөлек, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары арқылы жұмыссыз азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік жасалуда. Қазіргі таңда, «Skills.kz» онлайн оқыту платформасы арқылы да тұрғындар қашықтықтан білім алып, жаңа дағдыларды игере алады.
Жұмыс іздеушілерге нақты қолдау көрсету бағытында бос жұмыс орындары тұрақты түрде ұсынылып, оларды лайықты жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, азаматтарға қоғамдық жұмыстарға, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және «Күміс жас» жобасына қатысу үшін жолдамалар беріледі.
Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы арқылы жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға кәсіпкерлік негіздері үйретіліп, өз ісін ашуға мүмкіндік беріледі. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Қаржылай қолдау шаралары да қарастырылған. Мәселен, қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың ай сайынғы еңбекақысы 95 929 теңгені құраса, жастар тәжірибесіне қатысушыларға 120 511 теңге көлемінде жалақы төленеді. Бұл азаматтардың табысын тұрақтандыруға және олардың еңбекке деген ынтасын арттыруға септігін тигізеді.
Жалпы алғанда, аудан бойынша жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, халықтың табысын арттыруға және еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жаңа бастамалар қолға алынатын болады.
— Жастарды жұмыспен қамту бойынша қандай бағдарламалар бар?
— Жастарды жұмыспен қамту – Темір аудандық Мансап орталығы қызметінің басты бағыттарының бірі. Бұл бағытта жастардың еңбек нарығына тез бейімделуіне, алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауына және тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, жастар үшін «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары қарастырылған. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы оқу орнын бітірген, жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарға арналған. Бағдарлама аясында жастар өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды және болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік алады.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жастар тәжірибесі бойынша 30 жас маман жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш одан әрі артатын болады. Бұл жастардың алғашқы еңбек жолын бастауына және қаржылық тұрғыдан қолдау табуына үлкен мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы да жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталып отыр. Бұл жоба аясында жұмыс берушілерге жас мамандарды жұмысқа қабылдау үшін қолдау көрсетіліп, жастарға кемінде бір жыл еңбек өтілін қалыптастыруға жағдай жасалады. Нәтижесінде жастардың кәсіби тәжірибесі артып, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігі күшейеді.
Аталған бағдарламалар жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға, олардың кәсіби дамуына және тұрақты табыс табуына жол ашуға бағытталған маңызды әлеуметтік қолдау тетіктері болып табылады.
— Әлеуметтік осал топтарға қандай көмек беріледі?
— Әлеуметтік осал топтарды қолдау үнемі басты назарда. Бұл санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру мақсатында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылып келеді.
Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына және «Күміс жас» жобасына қатысуға мүмкіндік беріледі. Қоғамдық жұмыстар уақытша жұмыспен қамтудың тиімді құралы ретінде азаматтарға табыс табуға жағдай жасайды.
Әлеуметтік жұмыс орындары арқылы жұмыс берушілер мен мемлекет бірлесе отырып, жұмыссыз азаматтарды тұрақты еңбекке тартуға ықпал етеді. Бұл ретте қызметкердің жалақысының 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Ал «Күміс жас» жобасы зейнет жасына жақындаған азаматтарды қолдауға бағытталған. Аталған жоба аясында жұмысқа орналасқан азаматтардың жалақысының 70 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып, олардың еңбек нарығында белсенді болуына мүмкіндік беріліп отыр.
Сонымен қатар, аудан бойынша аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетіледі. Қазіргі таңда, аудан бойынша 65 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту – басты назарда. Осы арқылы олардың тұрақты табыс табуына, әлеуметтік жағдайын жақсартуына және мемлекеттік көмектен біртіндеп шығуына жағдай жасалуда.
Әлеуметтік осал топтарға көрсетіліп жатқан бұл қолдау шаралары олардың еңбекке араласуына, табыс деңгейін арттыруға және өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік тетіктер деп айтуға болады.
— Қандай мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр? Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қанша адам жұмысқа орналасты?
— Темір ауданында халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту бағытында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстар, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас» жобасы, «Алғашқы жұмыс орны», қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, «Skills.kz» онлайн оқыту платформасы, «Бастау Бизнес» жобасы және қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру бағдарламалары іске асырылып келеді.
Аталған бағдарламалардың барлығы халықтың әртүрлі санаттарын қамтуға бағытталған. Мәселен, жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін беру, әлеуметтік осал топтарды қолдау, жұмыссыз азаматтарды жаңа мамандықтарға оқыту және кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне жұмыспен қамтудың белсенді шараларына барлығы 1479 адам тартылды. Оның ішінде:
–қоғамдық жұмыстарға – 201 адам;
–жастар тәжірибесіне – 30 адам;
–әлеуметтік жұмыс орындарына – 70 адам;
–«Күміс жас» жобасына – 56 адам;
– Ұлттық жоба аясындағы уақытша жұмыс орындарына – 171 адам;
– «Skills.kz» онлайн оқыту платформасы арқылы – 206 адам;
– «Бастау Бизнес» жобасы бойынша – 224 адам қамтылды;
– тұрақты жұмысқа орналастырылғандар саны – 521 адамды құрады.
Бұл көрсеткіштер мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын және аудан тұрғындарының еңбек нарығына белсенді тартылып отырғанын айғақтайды. Әсіресе, тұрақты жұмысқа орналасқандар санының артуы – жүргізіліп жатқан жұмыстың нақты нәтижесі екенін көрсетіп отыр.
Жыл соңына дейін белгіленген барлық жоспарлы көрсеткіштерді толық орындау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта да халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтардың табысын арттыру басты назарда болады.
— Қысқа мерзімді оқыту курстары қаншалықты тиімді? Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
— Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды қысқа уақыт ішінде меңгеруге мүмкіндік беретін тиімді құралдардың бірі. Бұл курстар жұмыссыз азаматтардың жаңа кәсіби дағдыларды игеруіне, еңбек нарығына қайта бейімделуіне және тұрақты жұмыс табуына оң ықпал етеді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Skills.kz» онлайн оқыту платформасы кеңінен қолданылып, қашықтықтан білім алу мүмкіндігі артып отыр. Бұл әсіресе ауылдық елді мекен тұрғындары үшін өте қолайлы. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 206 адам онлайн оқудан өтіп, жоспар 128,7 пайызға орындалды. Бұл азаматтардың білім алуға деген қызығушылығының жоғары екенін және аталған бағыттың тиімділігін көрсетеді.
Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға да жан-жақты қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіліп, қатысушыларға бизнес-жоспар әзірлеу, қаржылық сауаттылық және өз ісін жүргізу бойынша қажетті білім беріледі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 224 адам оқытылып, бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі екенін дәлелдеді.
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру жалғасуда. Бұл гранттар жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға, өз кәсібін ашуға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
— Ауданда кадр тапшылығы байқала ма? Қандай мамандықтарға сұраныс жоғары? Орталық жұмысында қандай қиындықтар кездеседі?
— Ауданда бірқатар салалар бойынша білікті кадрларға сұраныс жоғары екені байқалады. Әсіресе, құрылыс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және техникалық бағыттарда маман тапшылығы байқалады.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты жаңа нысандардың салынуы, өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласының кеңеюі, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау мекемелеріндегі кадрлық қажеттіліктің артуы еңбек нарығындағы сұраныстың өсуіне әсер етуде.
Қазіргі таңда, құрылыс саласында – тас қалаушылар, сылақшылар, дәнекерлеушілер, ауыл шаруашылығында – механизаторлар мен агро саласының мамандары; денсаулық сақтау саласында – дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері, білім беру саласында және техникалық бағытта – электриктер, жүргізушілер және дәнекерлеуші мамандықтарына сұраныс жоғары болып отыр.
Бұл ретте еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандыру мақсатында жұмыссыз азаматтарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту, қайта даярлау және жұмысқа орналастыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылып, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді.
Негізгі қиындықтардың бірі – еңбек нарығындағы сұраныс пен жұмыс іздеушілердің мамандығының сәйкес келмеуі. Кейбір техникалық және өндірістік мамандықтар бойынша кадр тапшылығы сақталуда.
Осы орайда, кадр тапшылығын азайту бағытындағы жұмыстар еңбек нарығының теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге және аудан экономикасының тұрақты өсуіне ықпал етуде.
— Қызмет көрсету процесінде цифрландыру қалай енгізілген? Электронды еңбек биржасының тиімділігі туралы айтып өтсеңіз?
— Темір аудандық Мансап орталығының қызмет көрсету процесінде цифрландыру кеңінен енгізілген. Қазіргі таңда, орталықтың негізгі қызметтері Электронды еңбек биржасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің ашықтығын, қолжетімділігін және жеделдігін қамтамасыз етеді.
Электронды еңбек биржасының тиімділігі – азаматтарға үйден шықпай-ақ қажетті қызметтерді алуға мүмкіндік беруінде. Атап айтқанда, жұмыс іздеушілер онлайн форматта тіркеліп, өз түйіндемесін орналастыра алады, бос жұмыс орындарын қарап, жұмыс берушілерге тікелей өтініш жолдайды. Бұл өз кезегінде уақыт үнемдеуге және жұмыс іздеу процесін айтарлықтай жеңілдетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, жұмыс берушілер де аталған платформа арқылы бос жұмыс орындарын жариялап, қажетті мамандарды жедел іріктеу мүмкіндігіне ие. Нәтижесінде жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші арасында тікелей байланыс орнап, еңбек нарығындағы өзара тиімді әріптестік қалыптасады.
Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – «Skills.kz» онлайн оқыту платформасы. Бұл платформа арқылы азаматтар тегін түрде түрлі бағыттар бойынша білім алып, жаңа дағдыларды меңгере алады. Әсіресе шалғай ауыл тұрғындары үшін қашықтықтан оқу мүмкіндігі үлкен қолдау болып отыр.
Жалпы алғанда, цифрландыру жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің сапасын арттырып, халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
— Жұмыс берушілермен әріптестік байланыс қалай ұйымдастырылған?
— Жұмыс берушілермен тиімді байланыс орнату – аудан бойынша жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, кадр тапшылығын азайтуға және еңбек нарығының теңгерімді дамуына оң әсерін тигізіп отыр.
Осы орайда, жұмыс берушілермен өзара байланыс жүйелі әрі тұрақты түрде жолға қойылған. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді үйлестіру және азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал ету.
Аудан кәсіпорындары мен ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатылып, олардың кадрларға деген қажеттілігі тұрақты түрде зерделеніп отырады. Осы арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар анықталып, жұмыссыз азаматтарды сол бағыттар бойынша оқыту және жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізіледі.
Және де жұмыс берушілер тарапынан ұсынылатын бос жұмыс орындары туралы мәліметтер үнемі жаңартылып, Электронды еңбек биржасы арқылы жарияланып отырады. Бұл жұмыс іздеушілерге өзіне қолайлы вакансияларды жедел табуға мүмкіндік береді.
Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің тікелей байланысын нығайту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Аталған іс-шаралар барысында азаматтар жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
— Өз қызметіңіздегі ең үлкен жетістік деп нені айтар едіңіз? Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
— Ең үлкен жетістігіміз – аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға қосқан нақты үлесіміз деп айтар едім. Соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2025 жылы жұмыспен қамту жоспары 109,6 пайызға орындалып, 3184 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды.
Алдағы уақыттағы негізгі мақсат – 2026 жылға белгіленген көрсеткіштерді толық әрі сапалы орындау. Осы бағытта тұрақты жұмыс орындарының санын арттыруға, әсіресе жастар мен әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтуды күшейтуге басымдық берілетін болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету, жаңа бизнес бастамаларды ынталандыру және қосымша жұмыс орындарын ашу жұмыстары жалғасады.
Цифрландыру үдерістерін жетілдіру де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Электронды қызметтердің сапасын арттыру арқылы халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін жақсарту көзделіп отыр. Бұдан бөлек, жұмыс берушілермен әріптестікті нығайту, еңбек нарығындағы сұранысты нақты анықтау және соған сай кадр даярлау жұмыстары жалғасын табады.
Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын 65 отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін тұрақты жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылады. Бұл олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және мемлекеттік қолдауға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта да аудан тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру және еңбек нарығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету басты назарда болады.
— Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Бибіжан Максимқызы


