QYMYZ OPEN FEST: ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ – 2026 ЭТНОФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

0
35

Темір ауданы Кеңестуы ауылдық округінде QYMYZ OPEN FEST: ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ – 2026 этнофестивалі өтті.

Ұлттық салт-дәстүр мен мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған ауқымды шараға аудан әкімі А.Жақсылықов қатысып, фестиваль қонақтарын құттықтады.

Өз сөзінде аудан әкімі ұлттық құндылықтарды ұлықтау – ұрпақ тәрбиесінің маңызды бағыты екенін атап өтті.

-«Ең алдымен баршаңызды, күні кеше қабылданған жаңа Конституциямызбен құттықтаймын! Біздің Ата заңымыз мәдени мұраны сақтауға, қорғауға үндейді. Ал қымызмұрындық – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан асыл дәстүрлерінің бірі. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлттық мәдениетімізді насихаттап, жастардың туған жерге, ата дәстүрге деген құрметін арттырамыз. Ұлттық бірегейлігімізді сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Баршаңызға мерекелік көңіл күй, бірлік пен береке тілеймін!» – деді аудан әкімі.

Фестиваль аясында жастар арасында «Бұлақ басындағы басқосу» рәсімі өтті.

Сонымен қатар, қазақ халқының байырғы дәстүрлерінің бірі – бие сауу рәсімі көрсетіліп, аудан кәсіпкерлері ұсынған қымыз түрлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қонақтар ұлттық сусыннан дәм татып, қымыздың дайындалу ерекшелігімен танысты.

Шара барысында қымызды дайындауға, сақтауға және ұсынуға арналған ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге шеберлердің қолымен жасалған саба, торсық, күбі және қымыз сақтауға арналған өзге де дәстүрлі бұйымдар қойылды.

Этнофестивальге Ақтөбе облысының әр ауданынан келген жастар қатысып, ұлттық ойындар мен мәдени-танымдық бағдарламаларға белсене араласты.

Мазмұнды шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жастар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, ата дәстүрді насихаттауға өз үлесін қосты.

 

Темір ақпарат