Жаңа вокзал – жаңа мүмкіндіктер

0
9

Шұбарқұдық теміржол станциясының вокзалы күрделі жөндеуден кейін жолаушыларға қайта есігін айқара ашты.

Вокзалдың ашылу салтанаты Көлік қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды. Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, сала ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев көлік инфрақұрылымын дамыту халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бүгін біз өңірдегі маңызды көлік нысандарының бірі – Шұбарқұдық станциясының жаңартылған вокзалын пайдалануға беріп отырмыз. Бұл жоба Темір ауданы тұрғындары үшін үлкен маңызға ие және облыс инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту жұмыстарының бір бөлігі», – деді Асылбек Есенбаев.

Ол теміржол саласының қызметкерлерін, ардагерлерін және аудан тұрғындарын вокзалдың ашылуымен құттықтап, жобаның жүзеге асуына үлес қосқан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі және мердігер ұйым – «Төре жилкомплекс» ЖШС алғыс білдірді.

Жаңартылған нысан ауданның көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының бір бөлігіне айналып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Ғимараттың қасбеті мен шатыры жөнделіп, инженерлік желілер ауыстырылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді, вокзал маңы абаттандырылды.
Реконструкциядан кейін ғимараттың ауданы екі есеге жуық ұлғайып, 111,2 шаршы метрден 207,32 шаршы метрге дейін артты. Мұнда жаңартылған билет кассалары, кең күту залы, санитарлық тораптар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Ішкі бөлмелер жаңа жиһаздармен және заманауи жабдықтармен жабдықталды. Сонымен қатар, станция қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды. Нысан заманауи екі қабатты ғимараттан тұрады. Оның қасбеті фиброцементті панельдермен қапталған, ал ішкі бөлмелері заманауи материалдар қолданылып әрленген.

I санатты вокзал тәулігіне шамамен 80 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы елді мекенді Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қостанай, Тараз, Шымкент, Семей, Маңғыстау және Бейнеу бағыттарымен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы қатынайды.

Ақтөбе облысының әкімдігі