Темір ауданында жаңа оқу жылына орай «Келешек мектептері» жобасы аясында Ж. Кереев атындағы жаңа мектеп ашылады

0
6

Темір ауданында жаңа оқу жылына орай «Келешек мектептері» жобасы аясында Ж. Кереев атындағы жаңа мектеп ашылады.

Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде Ж. Кереев атындағы жаңа жалпы білім беретін мектептің ашылуына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім беру нысаны 600 оқушыға арналған және аудан балалары үшін заманауи білім беру кеңістігіне айналады.
Жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Ғабдушев мектептің дайындығымен, материалдық-техникалық жарақтандырылуымен және оқушылар үшін жасалған жағдайлармен танысты.
Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, математика, физика, химия, биология, география, информатика және тарих пәндеріне арналған кабинеттер жабдықталған. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін көркем еңбек, музыка және хореография кабинеттері қарастырылған.
Білім беру инфрақұрылымында STEM және робототехника кабинеттері, сондай-ақ лингвистикалық кабинет ерекше орын алады. Бұл кеңістіктер оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне, зерттеу және жобалық жұмыстар жүргізуіне, инженерлік-техникалық ойлау қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді.
Бастауыш сынып оқушылары үшін 8 кабинет, ал мектепалды даярлық топтарына 2 кабинет қарастырылған. Сонымен қатар мектепте кітапхана, 3 медициналық кабинет және 136 орындық акт залы бар.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінген. Мектепте логопед және дефектолог кабинеттері, сенсорлық кабинет, 2 психолог кабинеті және әлеуметтік педагог кабинеті жабдықталған. Мұндай инфрақұрылым оқушыларға кешенді қолдау көрсетуге және әр баланың білім беру процесіне толыққанды қатысуына жағдай жасайды.
Барлық негізгі кабинеттер заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. Қазіргі таңда мектепте 510 оқушы білім алуда, олардың саны күн сайын артып келеді.
Білім беру процесін 73 педагог қамтамасыз етеді. Педагогтер құрамында 17 педагог-зерттеуші, 20 педагог-сарапшы және 29 педагог-модератор бар.