АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫ

0
9

10 тамыз — Абай күніне орай аудандық музейде «Абай тағылымы» атты танымдық сағат пен фото көрме өтті.

Тағылымды шараға аудан орталығындағы «Медина» оқу орталығының тәрбиеленушілері мен ұстаздары қатысты.

Алдымен, рухани іс-шара Абай әлемінен сыр шертетін тарихқа толы фото көрмемен ашылды.

Кейін, көрме танымдық шараға жалғасып, қатысушыларға Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі, оның философиялық ойлары мен адамгершілік қағидалары туралы кеңінен айтылды, Абайдың өнегелі өмір жолымен және шығармашылық мұрасы насихатталды.

Шара барысында, Абайдың әкесі Құнанбай қажы мен Темір уезіндегі Шилі өзенінің бойында діни оқу-тәрбие кешенін салдырып, бала оқытқан, діни ағартушы, қоғам қайраткері Досжан Хазіреттің байланысы туралы тың ақпараттар берілді, тарихи деректерге шолу жасалды.

Ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Қыс», «Күз», «Жазғытұрым», «Әсемпаз болма әрнеге», «Ауру жүрек ақырын соғады жәй» сияқты білімге, ізденіске, еңбекқорлыққа және елге қызмет етуге үндейтін өлеңдерін шара қатысушылары Жанаберген Айару, Қайыржан Айару, Туманчаева Медина, Абекеева Айдана, Серік Инжу, Мырзағали Дария мен Сүндет Айсезім нақышына келтіре оқып, рухани кештің көркін аша түсті.

Сонымен бірге, шара аясында «Абайды таны» атты викториналық ойын ұйымдастырылды.

Абай мұрасы — ұлт руханиятының темірқазығы. Абайдың тағылымы — бүгінгі ұрпаққа аманат, келешекке бағыт-бағдар болып қала бермек.