Ақтөбе облысында жергілікті бюджет есебінен бөлінген білім гранттарының иегерлері анықталды
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы өтті. Онда 2026–2027 оқу жылына бакалавриат деңгейінде білім алуға бөлінген гранттар бойынша талапкерлердің өтініштері қаралып, иегерлері анықталды.
Өңірде сұранысқа ие мамандықтарға бөлінген 40 орынға жалпы 144 үміткер құжат тапсырды. Игерілмей қалған грант орындарын (математика, физика, музыка және театр әртісі) конкурсы жоғары мамандықтарға қосымша бөлу ұсынылды.
Нәтижесінде гранттар педагогикалық, арнайы педагогика, өнер, дінтану және спорт бағыттары бойынша бөлінді.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Арнайы педагогика» бағыты бойынша 17, «Ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау» бойынша 5, «Орыс тілі және әдебиеті мұғалімдерін даярлау» бойынша 3, «Химия мұғалімдерін даярлау» бойынша 3 және «Математика мұғалімдерін даярлау» бойынша 1 грант берілді.
Күләш Бәйсейтова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Аспаптық орындау (контрабас)» және «Музыкалық театр әртісі» бағыттарына 1 гранттан қарастырылды. «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Дінтану және теология» бағыты бойынша 5, ал Қазақ ұлттық спорт университетінде «Спорт мұғалімдерін даярлау» бағыты бойынша 4 грант бөлінді.
Жергілікті атқарушы органның мемлекеттік тапсырысы бойынша грант негізінде жоғары оқу орнын тәмамдаған маман облыста кадр тапшылығы бар елді мекендер мен ұйымдарға барып, келісімшарт негізінде кемінде 5 жыл жұмыс істеуге міндетті.
Грант иегерлеріне көрсетілген жоғары оқу орындарына 25 тамызға дейін құжаттарын тапсыру қажет.


