Ақтөбе шаруалары дизель отынын нарықтан 15 пайызға төмен бағамен алуда
Ақтөбе облысында биылғы егін жинау науқанына қажетті техника мен дизель отыны жеткілікті көлемде қамтамасыз етілді. Шаруаларға дизель отыны нарықтағы бағадан 15 пайызға дейін төмен бағамен беріліп жатыр.
Күзгі далалық жұмыстарға облыс бойынша 8 мың тонна дизель отыны бөлінді. Шаруашылықтарға отынның босату бағасы литріне 278 теңгені құрайды.
Дизель отынын мұнай өңдеу зауытынан облысқа жеткізу кестесі тамыз-қараша айларына белгіленген. Тамыз айына бөлінген дизель отыны «АЗС-Лидер» ЖШС операторы арқылы Атырау мұнай өңдеу зауытынан облысқа жеткізіліп, шаруашылықтарға жөнелтіліп жатыр.
Сонымен қатар, егін жинау науқанына 600-ге жуық астық жинайтын комбайн, 1 500 трактор, 800-ге жуық трактор тіркемесі және 500-ге жуық жүк көлігін жұмылдыру жоспарланған.
Машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Жыл басынан бері облыста 316 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның ішінде 295 трактор және 21 астық жинайтын комбайн бар.

