«Digital Аqtobe»: жаңа технологияларға жол ашқан көрме

0
5

 

Ақтөбедегі №581 сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы сағат 7.00-де бастады. Сайлау күні учаскеде тұрғындардың қызығушылығын арттырып, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында «Digital Aqtobe» көрмесі ұйымдастырылды.

Көрме барысында келушілерге робототехника, VR технологиясы, 3D-принтер және басқа да цифрлық жаңалықтар таныстырылды. Заманауи технологияларға қызығушылық танытқан тұрғындар көрмені тамашалап, ұсынылған құрылғылардың жұмысымен жақынырақ танысты.

«Digital Aqtobe» көрмесі – заманауи білім, цифрлық технология және инновациялық идеяларды тоғыстыратын интерактивті көрме. Көрме «Келешек мектебінің» заманауи материалдық-техникалық базасы мен бір жыл ішінде қол жеткізген нәтижелерін таныстыруға бағытталған.

Көрмеде келушілер оқушылардың робототехника, жасанды интеллект, дрон технологиялары, 3D-модельдеу және цифрлық жобалар бағытындағы жұмыстарымен танысты. Арнайы аймақта роботтар, LEGO-құрастырылымдары, 3D-принтерде жасалған модельдер, дрондар және басқа да заманауи құрылғылар ұсынылды. Келушілер роботтарды басқару, дрондардың мүмкіндіктерін көру, 3D-модельдеу үдерісімен танысу және жасанды интеллект құралдарының білім берудегі мүмкіндігін тәжірибе жүзінде байқап көре алады.

— «Digital Aqtobe» көрмесі — бұл оқушының идеясынан нақты жобаға дейінгі жолды көрсететін, Ақтөбе жастарының цифрлық сауаттылығы мен инженерлік ойлауын танытатын заманауи білім кеңістігі. Көрмеге қойылған заттардың барлығын оқушылар жасаған. Жалпы оқушыларымыз осы бағытта халықаралық жарыстарда жүлдемен оралып жүр. Мәселен, беделді FIRST робототехника сайысының аумақтық кезеңінде оқушыларымыз жүлделі орын алса, Астана қаласында өткен республикалық жарыста арнайы номинацияға ие болды. Сонымен қатар, Астана қаласында гуманоид роботтармен ұйымдастырылған робофутбол сайысында оқушыларымыз шеберліктерін көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Цифрлық ортада ұстаздарымыз да белсенділік танытып келеді, — дейді робототехникадан сабақ беретін Еркін Сарин.

Айта кетейік, «Келешек мектептері» – білім берудің жаңа талаптарына сай заманауи цифрлық технологиялармен, инновациялық және зертханалық құралдармен толық жабдықталған жаңа форматтағы білім беру орталығы. Мұнда оқушы білім алушы ғана емес, зерттеуші, жобалаушы, өнертапқыш және цифрлық технологияларды еркін қолданушы ретінде қалыптасуына мүмкіндік алады.

№581 сайлау учаскесіндегі «Digital Aqtobe» көрмесі де осы бағыттағы мүмкіндіктерді көпшілікке таныстырып, цифрлық болашаққа деген қызығушылықты арттыра түсті.

Аталған сайлау учаскесінде жалпы саны 2 661 дауыс беруші тіркелген.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.