Ақтөбе облысының мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашылуда

0
46

Ақтөбе облысында 2025–2028 жылдарға арналған «Болашаққа – сау тіспен» Жол картасын іске асыру жалғасуда. Жоба аясында мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылып, ауыз қуысы ауруларының алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау жұмыстары оқушылардың білім алатын жерінде жүргізілуде.

Жалпы облыс бойынша оқушы саны 1000-нан асатын 59 мектепте стоматологиялық кабинет ашу жоспарланған.

2025 жылы мұндай кабинеттер 14 мектепте ашылды: оның 12-сі — Ақтөбе қаласында, 2-еуі — аудан орталықтарында орналасқан. 2026 жылы тағы 15 кабинет ашу жоспарлануда. Оның ішінде 12-сі Ақтөбе қаласындағы, 3-еуі аудан орталықтарындағы мектептерде ашылады.

Жыл басынан бері 7 847 оқушы профилактикалық стоматологиялық тексеруден өткен. 1 719 баладан жеңіл және орташа дәрежедегі кариес анықталыпты. Стоматологиялық мәселелер анықталған жағдайда балаларға қажетті медициналық сүйемелдеу көрсетіліп, әрі қарай ем алу бойынша ұсынымдар беріледі.

Осындай кабинеттердің бірі былтырғы жылдан бері Ақтөбе қаласындағы №56 мектепте жұмыс істейді.

Мектептердегі стоматологиялық кабинеттердің негізгі жұмысы — аурулардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау. Жыл сайын оқушылардың ауыз қуысына жаппай тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша қосымша бақылауды немесе емді қажет ететін балалардың тізімі жасалады.

Балалардың бойында дұрыс әдет қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Стоматологтар профилактикалық сабақтар өткізіп, оқушыларға тісті дұрыс тазалау, оны қаншалықты жиі тазалау керектігін, сондай-ақ тіс щеткасы мен пастасын дұрыс таңдау жолдарын түсіндіреді.

Кабинеттерде балалар дәрігер-стоматологтары немесе дантистер жұмыс істейді. Сонымен қатар медициналық мейірбикелер процедураларды жүргізуге көмектесіп, құралдарды зарарсыздандыру жұмыстарын атқарады.

Осылайша, мектеп стоматологиясы облыста кариес пен басқа да ауруларды ерте анықтаудың ғана емес, сонымен қатар ауыз қуысына күтім жасау мәдениетін бала кезден қалыптастыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігіне айналып келеді.