Президент микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылға мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынды

0
9

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікке кедергі келтірмеу мәселелері жөнінде мәлімдеді.

 

Тоқаев инвестор тартудағы жүйесіздікті сынға алды
Фото: Ақорда

Оның сөзінше, мемлекет экономикамыздағы маңызды тапсырыс беруші болып отыр.

– Сондықтан шағын және орта бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту тәсілдерін жетілдіру қажет. Сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің белгілі бір көлемін шағын және орта кәсіпорындарға резервте қалдыруға болады. Сонымен қатар жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету керек. Кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі болжамды «ойын ережелерін» қамтамасыз ету аса маңызды. Мемлекеттік бақылау жүйесі жеткілікті дәрежеде либералды болғанымен, айыппұлдар, жоспардан тыс тексерулер және шоттарды бұғаттауға әкеп соғатын камералдық бақылау арқылы кәсіпорындардың жұмысына ықпал ету жалғасып келеді – деді Президент.

Мемлекет басшысы мұндай ықпалды оң құбылыс деп айтуға болмайтынын жеткізді.

Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан анықталған заңбұзушылықтар саны 34%-ға азайған.

Алайда айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11%-ға өскен, ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан.

Сонымен бірге іскерлік белсенділікті талдау бизнестің қалыпты жұмыс істеуі үшін оған кедергі келтірмеудің өзі жеткілікті екенін көрсетеді.

– Осы тұрғыдан алғанда, 2020–2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторийдің тәжірибесі пайдалы. Оның тиімділігі дәлелденді. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы да үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын. Бұл қадамды бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғыртуға және реттеудің цифрлық моделіне көшуге мүмкіндік беретін стратегиялық үзіліс ретінде қарастырған жөн, – деді Президент.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деген болатын.