Инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет — Президент

0
5

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны тежеп, төмендетуді тапсырды.

 

экономика
Фото: Kazinform

Оның сөзінше, макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн.

— Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады. Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады. Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат — халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет. Инфляцияны, бейнелеп айтқанда, азаматтарымыздың әл-ауқатына күн сайын нұқсан келтіріп отырған үнсіз жау деуге болады, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, ол бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдегенін атап өтті. Дегенмен, инфляция деңгейі әлі де жоғары.

— Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл — аса маңызды міндет. Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет, — деді Президент.

Айта кетейік, бұған дейін Президент цифрлық экономиканы қалыптастыру шаралары жөнінде мәлімдеген еді.