Жаңа Салық кодексіндегі қайшылықтарды жою қажет — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық саласындағы кемшіліктерге тоқталып, оларды жою жөнінде тапсырмалар берді.
Оның сөзінше, тағы бір басымдық — салық саясатын жетілдіру.
— Жаңа Салық кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға негіз қалады. Алайда мұндай ауқымды реформа оны әзірлеу кезеңінде алдын ала болжау қиын мәселелерді сөзсіз анықтайды. Соның салдарынан бизнес жекелеген нормаларды қолдану кезінде қиындықтарға тап болып отыр. Салық кодексі — бұл өзгермейтін қағида да, қасиетті кітап та емес. Ол өмір шындығынан алшақ болмауы керек. Сондықтан қайшылықтарды жойып, нормалардың екіұшты түсіндірілуіне жол бермеу, теңгерімсіздіктер мен кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, салық жүйесі бизнестің даму ынтасын жоймауға, инвестиция тартуға және жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмеуге тиіс. Сондықтан Үкімет бизнес өкілдерінің пікіріне құлақ асып, салық заңнамасына нысаналы өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар пакетін әзірлеуі қажет.
— Мұны жан-жақты саралап, өте мұқият жасау керек. Кәсіпкерлердің жұмыс істеу қағидаларын қайта-қайта өзгерте беруге болмайды. Заңнамамыздың тым күрделі әрі түсінуге ауыр болғаны соншалық, ол кәсіпкерлер үшін нағыз бас ауруына айналды, — деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев ауқымды құрылыс жобаларын мұқият іріктеп, қатаң бақылау қажеттігін мәлімдеген еді.




