ДОСЖАН ИШАН ТУРАЛЫ

0
106

АДАМДЫ БАҒАЛАУ ҮШІН, ТҰЛҒАЛАРДЫ АНЫҚТАУ ҮШІН, ЗЕРТТЕУШІЛЕР ҮШ ШАРТ ҚОЯДЫ ЕКЕН. «ХАЛЫҚҚА ӘКЕЛГЕН СЕНІМІ, ХАЛЫҚТЫ БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІГІ МЕН ХАЛЫҚҚА ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ ЖӘНЕ ӨЗ БАСЫНЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ. ОСЫ ҮШ ШАРТҚА ТОЛЫҚ СӘЙКЕС КЕЛЕТІН ХАЛЫҚҚА ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ МОЛ ТҰЛҒАЛАР ТЕМІР АУДАНЫНЫҢ ТАРИХЫНДА ЖЕТІП АРТЫЛАДЫ. СОЛАРДЫҢ БІРЕГЕЙІ – ДОСЖАН ХАЗІРЕТ ҚАШАҚҰЛЫ ТУРАЛЫ АЙТҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ.

Досжан Ишан Қашақұлы (1815-1890) діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. Азан шақырып қойылған есімі Досмұхаммед, бірақ ел аузында Досжан, Досеке, Дошеке деп көп айтылып, солай тарап кеткен. XIX ғасырда қазақтардың Мекке- Мәдине шаһарларына қажылық парызын өтеу сапарларына мұрындық болған. Қазақ шежіресіне қатысты деректер жинаған. Досжан ишан 1815 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Доңызтау аумағында туған. Солтүстік Үстірт жазығы мен оған көршілес жатқан Сам құмын, Ембі шөлін қоныстанған табын руының шөмішті тармағы, қоңыр бөлімінен шыққан. Сауатын ескіше әкесі Қашақтың көмегімен ашады. Орынбордан он сегіз шақырым жердегі Қарғалы слабодкасында тоғыз мешіттің бірінде он жылдай оқыған. Алла разылығы үшін үш рет қажылыққа барған. Алғаш рет 16 жасында аттанып, жолда Түркия дін ғұламарынан дәріс алып білімін тереңдеткен. Досжан 1832 жылы Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Сосын Хиуа,Үргеніш, Бұқара қалаларында білімін жетілдірген. Олдан атты пірге қол беріп, Досжан Ишан атанған. Елге келіп Доңызтаудағы Тасастау қайнар алқабында өзінің бірінші мешіт-медресесін салдырып, табан аудармай 18 жыл бала оқытады. Мыңға жуық шәкірт тәрбиелеп шығарған. 1868 жылы патша өкіметі Темір, Ақтөбе бекіністерін сала бастағанда Досжан ишан Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Шилі бойына мешіт салуға кіріседі. Ардагер журналист Меңдіхан  Әділханұлы: «Досжан ата Бірман деген ұстаны тауып, онымен келісім жасайды. Мешіттің қандай болу керектігін шешкеннен кейін құрылыстың негізгі жұмысына жұртшылық жұмыла кіріседі. Асарлатып, тез арада бітіреді. Мешіт салатын кірпішке бие сүті, мал сүйегі, ши қосылып қолдан құйылған. Қабырғаларының күні бүгінге дейін сақталуының өзі берік

материалдан қаланғанын байқатады. Мешіттің ұзындығы 28 метр, ені 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Бөлмелері алтау. Бөлме ішінде тіреу болмаған. Төбесінде бірде-бір қиық жоқ, күмбезі бұраңдалып жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекелейген. Күмбезден түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Әбубәкір жырлаған деректерге сүйенсек, мешіт жанында 150 орындық бала оқытатын медресесі, қонақ күтетін қосалқы бөлмесі болған. Мешіттің архитектуралық үлгісі Қазандағы сәулетші А. Пескенің басшылығымен салынған Юнусов мешітіне ұқсайды» деп жазады. Бұл мешіт халық аузында «Ақши мешіті» деп аталған.

Досжан ишан Орынбор губернаторынан арнайы рұқсат алып, он гектар жерге жеміс ағаштарын отырғызған. Хиуа мен Бұхарадан әртүрлі тұқымдар алдырып Шилі бойына бау-бақша, қауын, жүзім, күріш ектірген. Оның өнімдерін сатқызып, айналасына сауда саттық үйреткен. Халықты отырықшы өмір мен кәсіпке шақырған. Досжан ишанның екінші қажылық сапары 1870-1876 жылдар аралығы. Сапарлас серіктері ішінде ақ патшаның генералы Ғұбайдолла Жәңгірханұлы және Құнанбай Өскенбайұлы болған. Бір деректерде хазіреттің екінші қажылық сапарында тәкия салуға берік бекініп барғаны айтылады. Ойын Құнанбаймен бөлісіп, жер, құрылыс материалдарын сатып алады, ресми қағаздарын реттейді. Қағаз реттеуге шыққандарында үлкен кедергіге кездеседі. Сол кездегі араб билеушілері: «Қазақ деген жұрттың мұсылман екенін дәлелдейтін құжат әкеліп тапсырыңдар» деп талап қояды.

Орындауға бір жыл мерзім береді. Досжан бұл құжатты Бұқараға апарып растайтын мөр соқтырған. Сөйтіп арабтарға дер кезінде жеткізген. Үй дайын болған кезде Құнанбай қажы: «Досжанның еңбегі де көбірек сіңді, қаржысы да көбірек жұмсалды. Сондықтан Тәкиені соның атымен атаған дұрыс» депті. Оған Шәкірім қажының «Түрік,қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегіндегі мына жолдар дәлел: «1874 жылы қажыға барғанда қазақ қажылары түсетін Меккеде бір тәкия үй салдырып құдайы қылып еді. 1905 жылдан бастап 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкияны көрдім. Бұл тәкия осы күні Кіші жүз Досжан хажының атына жазулы екен» дейді. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «қазақ шежіресі» шығармасында «орта жүзден жиырма кісі болыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан халфе бар» дейді. Қазақ бұдан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен.

Досжан хазіреттің үшінші қажылық сапары 1880 жылдардың аяғына қарай жасалған. Меккедегі қонақ үйдің де жағдайын байқап, сенімді адамға тапсырып келген. Досжан хазірет 1890 жылы дүниеден өткен. Аяқ жетер жерден топырақ салуға келген жамағатта есеп болмапты. Жаназаға бес мың адам ұйыпты.

Соңында қалған малын халыққа үлестіріп бергенде жан басына

бір қойдан тиіпті. Өз мешітінің күншығыс жағында жерленген.

Басында құлыптасы сақталған. Діннің терең тұтастығы мен

дін тазалығы жолына арнаған ұстаз ишан, Досжан қажының

тарихында жарқын есімі қалған ардақты тұлғалардың бірі.

2020 жылдан бастап Досжан хазірет мешіті жаңғыртылып

жатыр. Ескі мешіттің сырты қоршалып, хазіреттің басына

күмбезді кесене салынды. Үлкен мемориалдық кешен құрылысы

аяқталуға жақын. Басындағы қасиетті бұлағынан су ішуге

келген халықтың қарасы көп. Жасалып жатқан жұмыстарға

жұртшылық риза болуда.

Алдағы уақытта бұл тарихи мәдени нысан үлкен рухани орда ретінде туристік аймаққа айналатыны анық. Оның үстіне Темір ауданы қайтадан салынып жатқан Ақтөбе-Атырау тас жолының бойында орналасқан. Бұл жолмен Түркия, Иран, Араб

елдерінің көліктері Россия арқылы Европаға өтеді. Бұл да бір қазақ елінің тәуелсіздігінің жетістіктері.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық кентінде атқарылып жатқан жұмыстар «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген асыл мұрамыз келешек ұрпаққа насихатталу керек.

Хазірет Досжан ишан мешіті аудан орталығы Шұбарқұдықта Шилі өзенінің бойында орналасқан.

 

                                                                                                                       Нұғыманов Матай

                                                                                                                           НҰРМҰХАНҰЛЫ