ҚАЛМАҚҚЫРҒАН БЕКЕТІ

0
81

         ҚАЗІРГІ ҚАЛМАҚҚЫРЫЛҒАН БЕКЕТІНЕН БЕРІ ШЫҚҚАНДА САРЫӨЗЕК АТАЛАТЫН ҚАРА ЖОЛДЫҢ ОҢ ЖАҒЫНДА, БҮГІНДЕ ЖИДЕ ТАЛЫ МЕН ҚАЛЫҢ ШӨП БАСҚАН ЖЕРДЕ 1930 ЖЫЛДАРЫ АШАКЕНАУ КОЛХОЗЫ ҚҰРЫЛҒАН. БҰЛ ЖЕРДЕ ОСЫҒАН ДЕЙІН ДЕ ЕЛ ТҰРАҚТАҒАН. ӨЙТКЕНІ СОЛ МАҢНЫҢ БАРЛЫҒЫ ДЕРЛІК КӨНЕ ҚАУЫМ МОЛАЛАР.

 

Ауылды онша биік болмағанмен шағын қырлар айнала қоршап тұр. Біз айтқандай биік болмаса да тарихы тым асқақ. Өйткені батыс өңірін қалмақ басқыншыларынан босатуда ықпалы зор Қалмаққырған шайқасы нақ осы өңірде орын алған. Дәл осындай атау еліміздің үш ғана жерінде ұ ш ы р а с у ы – ш а й қ а с т ы ң қаншалықты маңызға ие екенін айқындап тұрғандай. Айналадағы қырлардың үсті шашылған қара тастар. Өткен ғасырдың ортасында жебе ұштары, найзаның қалдықтары секілді ескі жәдігерлер оқтыноқтын жер бетіне шығып қалып жататын. Өкінішке орай бүгінде тек бір ғана найза ұшы табылып аудандық мұражайда сақталып тұр. Ал ескі молалардың ойықойық іздері болмаса тік тұрған біреуі де сақталмаған. Бұрын осы бекетте ескі әңгімелерді көп білетін Қабылғазы деген үлкен кісі болатын. Сол кісіден әңгіме арасында мынадай қызық дерек жазып алынған едік. Айтуынша 1980 жылы жаз айында осы Қалмаққырғанның қырын бір топ жат елдіктер бірнеше күн шарлапты. Ол кез кеңес заманының әлі де болса дүрілдеп тұрған шағы одақтас елдерден келім-кетім жиі орын алып тұратын. Ақыры сұрастыра келе Минск қаласынан келген археологиялық экспедиция болып шығыпты.

Археологтардың айтуынша осы жерде қалмақтың атақты үш батырының сүйегі жатыр, соны іздеп келдік депті. Экспедициялық топ бірнеше күн іздеп бекетке қарама-қарсы қырдың үстінен үш моланы қазып сүйекті өздерімен бірге ала кетеді. Экспедиция жұмысын аяқтаған соң, барып көргенімде қабыр онша терең емес, тізеден сәл асатындай етіп қазылған, сүйекті алған соң қалдықтары ішінде қалыпты дегенді айтқан еді. Осы әңгімеден соң ақсақалмен бірге әлгі молалардың орнын барып көрдік. Айтқанындай қатар жатқан үш ойық, жан-жағы шашылған қара тастар. Одан әрі ақсақал бекеттен 6-7 шақырым жүрген соң «Үлкен Қара шоқы», «Кіші Қара шоқы» деген биік етіп үйілген төбелерге тоқталды. Қазақ-қалмақ арасының шаңы басылмай тұрғанда жау қарайтын төбелер болыпты. Бүгінде табиғи жағдайлардың әсерінен аласарып, дегенмен жазық жерден анық көзге шалынады. Бекеттің оң жағындағы қырға көтерілгенде «Көк мола» деген жер бар. Ертеректе кіші жүздің Адай,Табын рулары көшіп келе жатқанда бір атақты адамның қызын бүйе шағып өлтірген. Өлім болғасын оны жерлеу керек, сол кезде қыздың әкесі таңға дейін әрбір адамға бір-бір кесектен құйып әкелуді бұйырады. Үлкендердің айтуынша кесекке жылқы малының қылы мен сүтін араластырып, сапасы мықты кірпіш құйылған. Ертесіне 17- 18 жасар қызды осы жерге жерлеп, басына оюлы мазар тұрғызылған. Содан бергі уақытта бұл жер «Көк мола» деп аталып келеді. Кейін темір жол салынғанда ескі мазарды бұзып тастарын құрылысқа пайдаланып жіберген. Мұны көрген ауыл ақсақалдары наразылық танытып билікке хат жолдап, кейін ешқандай молалар бұзылмасын деген жарлық шығып, тонау тоқтатылған. Ал бұл өз кезегінде еліміздің тарихы үшін орны толмас қасірет. Бабаларымыз әр уақытта жер басып жүрген түгілі, о дүниеге аттанған әруақтың өзін әрдайым еске алып, қадір-қасиетіне жете білген. ХХ-ғасырдың басында қазақ даласын аралаған И. А. Кастанье: «Қырғыздар (Қазақтар, Р. Ж) үшін бейіт, мола сияқты белгілер нағыз діни сыйынатын орындар. Олар өз кіндігімен жалғасып жатқан әруақтарға ғана емес, өздерімен қырбай рудың бейітін көрсе де аттарынан түсіп, әруақтың топырағының торқа болуын тілеседі. Ал аттанарда аруақ басына ақтық байлап кетеді. Осы ырымға адалдықтың айғағындай болып, мазарлар алдындағы бақанға байланған белгілерде қисап жоқ» депті. Дегенмен біз аралаған Темір даласында сонадайдан көзге шалынар мазарлар аз кезігеді. Соған қарағанда отарлау зардабы тек адамға ғана емес, даланың әр бұрышында өткеннің елесін көз алдыңа әкелер мазарлардың да жойылуына үлкен әсер еткен секілді .

Қалмаққырған бекетінен онша қашық емес, Қарабұлақ пен Құмсайдың сулары қосылған жерді жергілікті халық «Бастағы ауыл» деп атайды. Одан бөлек «Құлекен», «Торғай өлген» сайлары өз алдына бір әңгіме. Құлекеннен сылдырай аққан бұлақ суы сырғи келе біраз жерді басып өтеді. Кешегі репрессияға дейін бұлақтың бастау алар тұсында Көшен молданың шағын мешіті болған. 1937 жылы елдегі сауатты кісілер «халық жауы» атанып ұсталғанда Көшен де Темірдің түрмесіне айдалған. Көшен молданы ұстағанда діни кітаптары далада шашылып, біраз уақытқа дейін жинауға ешкімнің де батылы бармапты. Кейін Шөмекей түбектегі Айжарық молданың бейітіне жасырған. Осы жерден сәл биіктеу қырға көтерілсең «Торғай өлген» сайы. Бұл Торғай дегеннің қонысы екен. Уақытында өзіне жетерліктей мүлкі, азын-аулақ малы болған. Әлгінің өз кіндігінен тараған үш ұлы бар екен. Балдары ер жеткен соң өз шаруаларын ыңғайлап сол маңға танымал отбасыға айналыпты. Торғай дүниеден өтіп өзінің қонысына жақын маңдағы сайдан топырақ бұйырған. Артында қалған үш баласының үлкені жәрмеңкеге мал айдауға жәрдем бере жүріп, жағдайын түзеп алған, шағын ауқатты болыпты. Екінші ұлы ағасы секілді мал айдамаса да жәрмеңкеге танымал құмар ойынның шебері екен. Үйдің кенжесі әкесінің отын өшірмей ошақ басында қалған. Бір күндері Торғайдың шаңырағына екінші ұлы келіп, алыс-жақынның хабарын айтып, мәре-сәре болады да қалады. Дегенмен құмар ойынға еті үйренген әлгі жігітті іздеп, жәрмеңкеге мал айдайтын байлар бүгінгі Қалмаққырғанның бойына түсе қалмасы бар ма. Келген қонақтары бірінен-бірі өткен қымбат пәуеске мініп, ел қызығар ат жеккен нағыз көпестер екен. Қонақтар келгесін мал сойылып, он алтылық шам жағылып, түнді қойып, таңды атырған ойын болыпты. Ол уақытта он алтылық шам деген екінің біріне беріле бермейтін тек ауқаттылардың үйінде болатын. Әлгіні жаққанда бүгінгінің электр жарығынан кем түспейтіндей қуаты бар екен. Келген адамдар қалта толы ақша, біреуі чимодан арқалап келіпті. Чимоданның іші толған ашылмаған карта, әр ойын сайын жаңасы ашылады. Бұл кәдімгі карта ойыны, бірақ жиырма бір деп аталады. Ойын ережесінде жиырма бірден асып та, жетпей де қалмау керек. Таңға таман екеуі ұтылып, үшіншісі үй иесімен жеке қалады. Сонда әлгі «мініп

келген қымбат пәуескемді және осы маңда бас қосып жүрген жас тоқалымды тігем, соңғы рет бір сал» депті. Сөзін аяқтап, адам жіберіп, қызды алдыртады. Есіктен кірген жапжас қыз екен, ерінің айтқанына көніп, ойын артын күтеді. Үй иесі құмар ойынның қас шебері, тіпті карта таратқанда көз бояушылық та жасайды екен, соңында пәуескені де, тоқалды да алып қалыпты. Ойын біткен соң қонақтарына бүгін үйде той, қонақ болып кетіңдер дегенде, бар мүлкінен айырылып тұрған мырзаның көзі шоқтай жанып тұр екен, «отағасы, жей алмаймызау» деп өкпесін ішіне бүккен күйі аттанып кетеді. Әлгі мырза аруақты кісі болса керек, көп ұзамай алапат аштық басталып, Торғайдың үш баласының сүйегі «Торғай өлген» сайында көмусіз қалыпты. Егер осындай белгілі ұлдар туғызып, Темір даласына мәшһүр болмаса, халық жадында қалмас та еді. Осы әңгімеге қарап отырып, тарихтың әлі де болса ашылмай жатқан қырларының көп екеніне тағы бір көз жеткізесіз.

Кеңес билігі мықтап орнаған соң, 1930 жылдары осы маңда көшіп жүрген рулардың басын біріктіріп, Ашакенау колхозы құрылған. Алғашқы уақытта бұл жердің атауына байланысты да дау, пікірлер болып, соңында «Ашакенау» дегенге тоқтапты. Осы жылдары колхоз үш бригададан құралған. Колхоздың бірінші бригадасы Құлекен, екіншісі Ашакенау, үшіншісі Қоқа талы. Ол заманда ел арасында оқыған азаматтар аз, елден хат танитын, сауаты бар адамдар құрылған бригадаларға басқарма болып тағайындалған. Соның ішінде Құлекенге – Құрашев Жұмекеш, Ашакенауға – Айжарықов Әбілқай, Қоқа талына – Сартаев Сексенбай басқарма болып бекітілді. Осы жылдары колхозда мәдениет үйі, мектеп, дүкен салынып, халыққа қызмет еткен. Колхоздың жағдайы түзелгенде үй басына құдық қазылып, мереке күндері жалаушалар ілініп сән-салтанаты келіскен колхозға айналды. 1935-1936 оқу жылында 7 кластық мектеп ашылды. Осы білім ордасында әр жылдары Ақтас, Қалжан, Барсаев Орынбасар, Бектілеуов Майлыбай, Құрманиязов Әбдіхалық, Бақатарин Шахин, Жонатова Зиба, Жонатова Иба т.б. мұғалімдер білім берген. 1930 жылдары Ашакенаудың арғы жағы Құмсайда екі класстық мектеп жұмыс жасады. Осы мектепте өңірге белгілі Балмұханов Сайын, Нүрен білім алған. Соғыс жылдары елде барлық ер адамдар соғысқа алынған уақытта Ашакенау мектебінде директор болып Қалжан, оқу ісінің меңгерушісі болып Жонатова Иба қызмет атқарған.

Міне, аумағы тарихқа толы Ашакенау колхозы 1950 жылға дейін дербес өмір сүріп, осы жылы Ашакенау, Сулаша, Қызылжарқұдық колхоздарын қосып, М. И. Калинин атындағы колхоз ұйымдастырылған. 1950 жылдардан бастап Ашакенау колхозының халқы Қызылжарқұдыққа, көршілес Қалмаққырған бекетіне қоныс аударды.

Қазіргі Қалмаққырған бекеті орналасқан жерде халықтың ертеректен қоныстанған жері болса керек. 1930 жылдары темір жол салынып, халық саны көбейе бастады. Ақсақалдардың айтуынша темір жолды өгізбен тасып жүріп салған. Қалмаққырған бекетіне алғашында вагондар таратылып, кейін жер бөлініп үй салынды. Алғаш құрылған уақытта да бұл жердің атауына байланысты түрлі пікірлер болыпты. Жаңа құрылып жатқан жерге бұл бір ескі атау екен, атауын «Қарабұлақ», «Тасбұлақ» деп өзгертсек қалай болар екен деп жергілікті басшылыққа хат жолдапты. Кейін бұл жер атауын Тасбұлақ деп мақұлдап, облыс орталығына жібергенде «бұл тарихи жер атауы, ешқандай өзгертілмейді, сол Қалмаққырған атауымен қалсын» деп өтінішті кейін қайырған. Сол кезден бастап бекет Қалмаққырған аталып келеді.

Қалмаққырғаннан ары шыққанда Ақжар атты елді мекен кезігеді. Бұл жерде төбе басында аппақ жар саз болып көрініп жататын, содан жергілікті халық «Ақжар» атап кеткен. Уақытында осы саздан кірпіш иленіп, сапалы АКЗ маркалы қызыл кірпіш шығарылды. Аталмыш өндіріс орны күні кешеге дейін жұмыс жасады. Ақжар ауылының екі жақ беті толы үйлер салынып, уақытында халық көп шоғырланған. Ауыл алғаш құрылған уақытта жалғыз құдық болса, кейін тағы біреуі халық игілігі үшін қазылды. Уақытында ауылда жасыл желекті саябақ, екі дүкен жұмыс жасады. Осындай өндіріс орны бар Ақжар ауылында қазіргі таңда 3-4 ғана үй қалып, халық көршілес ауылдарға қоныс аударған.

Атырау-Қандыағаш тас жолының бойында орналасқан Қалмаққырған бекетінің бүгінгі жәй-күйі жақсы. Бекет – тоғыз жылдық мектеп, ауыз су, байланыс құралдарымен толық қамтасыз етілген шағын елді мекенге айналып отыр.

Райымбек ЖҰБАНЫШ.