ЕЛ ҮРІККЕН ЖЫЛДАРДА

0
65

 

Қолдан жасалған алапат аштық, қанды ойран, үштік құрылым, адамдарды сотсыз-ақ ату, малды тәркілеу, кісі төзгісіз алым-салық салу, діни қудалау, халықты күштеп «ТОЗ»-ға, артельге тарту, көшпелі елді отырықшылыққа мәжбүрлеу… т. б. қайсы бірін айта береміз, сол бір елге келген 1931 жылдың ойранының басталғанына биыл 90 жыл толады екен. Ол жылдарда, шаш ал десе, бас алатын коммунистер мен комсомолдың белсенділеріне байларды, орта шаруаларды, молдаларды, бұрын ел басқарған ақсақалдарды, болыстарды, бір сөзбен айтқанда ел ішіндегі беделді барша азаматтарды қойша қырып, «Жапон немесе неміс тыңшысы» деп жала жауып, қорасына әдейі мылтық не астық тығып қойып: «Мына үйде қару бар», «Ал, мына үй астықты жасырып отыр» деп, милицияға хабарлап, «Бұл заттар менікі емес…» деп ант-су ішкеніне қарамай, жазықсыз адамдарды табанда атып тастау немесе мойнына пәлен жыл салып, түрмеге қамай салу түк те емес еді.

Иә, сол зұлмат басталғанда, ел өте ауыр жағдайда болатын.

Өйткені, бұл – елдің азамат соғысынан алдын болған ашаршалықтан, одан кейінгі ақтар мен қызылдардың кезек-кезек жасаған зорлық зомбылықтарымен қатар келген тағы да сол ашаршылықтан әзер дегенде құтылып, енді енді еңсесін көтеріп келе жатқан бір кезең болатын. Ел жоқ затты қайдан тауып берсін? Алайда белсенділер астық, ет, жүн, тері, сүйек, мал тапсыра алмағандарды: «Үкіметке қарсы «элементтер!» деп есептеп, аямай соттаған. Содан, елде кеңес үкіметіне сенімсіздік пайда болып, халықтың наразылғы күннен-күнге күшейе түскен. Сол аласапыран тұста, Маңғыстау округінен бұрынғы төңкеріс комитетінің төрағасы Тобанияз Әлниязұлымен бірге 70 адам тұтқынға алынады. Олардың ішінде менің атам Есетов Қара да болған. Арада көп уақыт өтпей, Құрмаш Қосжанұлы 42 адаммен тағы қамауға алынады. Осы адамдардың 43-і ату жазасына кесіледі де, қалғандарына 10 жыл мен 25 жыл аралығындағы жазалар қолданылып, концлагерлерге айдалады. Оның үстіне Адай округін таратып, бір бөлігін Гурьев пен Ақтөбе облыстарына, екінші бөлігін Түрікменстанға беріп жіберген. Түрікменстанға кеткен сол жер, бүгінде «Красноводск» аумағы болып аталады, ал оның бұрынғы қазақша атауы – «Шағадам» болған еді.

Совет үкіметінің осы қорлығына шыдай алмаған халық көтерілуден басқа ешқандай амалы қалмады десе болады. Намыс, ыза, кек кернеген ел: «Мынадай қорлықа шыдап, жер басып жүргенше, өлген артық!» деген ұран тастап, жаппай көтеріліске шығады. Ал ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болуға әбден үйреніп алған жергілікті белсенділер, жоғарыға көтеріліс жөнінде құтыртып ақпараттар беріп, нәтижесінде сонау Грузиядан, Астарханнан, Самарадан, Орынбордан, Ташкенттен мұздай қаруланған әскерлер келіп, елді тағы қырғынға ұшыратқан.

–Бір жағы Каспий теңізіне, бір жағы Жем өзеніне тірелетін осынау алып алқап, қызыл ала қанға боялды, – деп еске алып отыратын кейбір жүректі шежірешілер осы оқиғаны әңгіме еткенде. Біз ол кезде баламыз ғой, шешелеріміз бір-біріне қанды қырғында шейіт болған туыстарын сыбырлап қана айтып отыратын еді. Сөйітсек, елде тыңшы көп екен ғой, мұндай сөзді айтқан адамның есімін тиісті жеріне жеткізіп барса, арнайы адамдар әдейілеп келіп, ешқандай тергеусіз, сотсыз бірден түрмеге қамайды екен.

Қысқасы, кеңес үкіметінің осындай шектен шыққан қысымына шыдамған халық, енді Бесқалаға, Түрікменстанға, Иранға бір қатары Ресейге өтіп кетуден басқа амалы қалмады. Халықтың осындай әрекеттерін байқаған үкімет, Тобанияздың туыстары Жеменейдің «Кенже» ауылын бірден бақылауға алады. Бұларды күн сайын тергеп, «Бандылар», «Тобанияздың құйыршығы» деген атаулармен кемсітіп, ескілікті аңсайтындардың қатарына қосу, басшы орынға сайламау, орынды сөздерін елемей, бірінбіріне айдап салу, жұртпен араласып сөйлессе: «Елді үгіттеуші, үкіметке қарсы насихат жүргізуші» деген жала жабылып, айыптайтын болды.

Менің шежірешілерден есіткен әңгімелерімнен есімде қалғаны –«Кенже» ауылының көбі Түрікменстанға, Өзбекстанға, Иранға және Тәжікстанға жасырын түрде өтіп кеткен деген дерек. Сондай-ақ, 1931 жылы «Қарақпяқтыдан» ( Гурев облысы Сағыз бекеті) 100 қаралы, «Кенже» ауылынан Сағызбаев Нұрберген атамыз бастаған «Қараш» пен «Шағыр» ауылынан да адамдар бар, барлығы 120 түтін бір түнде қашып, «Ащы Ойыл» бойына келіпті. Мұнда, Тобанияздың туысы әрі оң қолы Қара Есетовтың жалғыз ұлы, менің әкем Досан, бұлардан бұрын қашып, фамилиясын Махамбетов деп өзгертіп, осындағы артельде ауыл советтің хатшысы болып жұмыс істейді екен. Мұны қашып келгендер бұрыннан естіген болу керек-ті, түн ішінде Досанға адам жіберіп: «Қашып келе жатқан барлық адамдарға ақтай мөр басылған анықтама беріп жіберіңіз» деген хабар айтқан. Сөйітсе, дәл сол күні ауыл советтің төрағасы Тәзіке Қойшығұл Ойылға кетіп, сонда түнеп қалған көрінеді, мөр сонда кеткен екен.

–Ал туысым, өзің бір амалын жасамасаң болмайды, артымыздан қуғыншы да келе жатқан болар. Біздің көш қазір «Келбатырға» барып қалды. «Ойылдан» өтсек, «Бабатайдың» арғы жағындағы «Шоқпар» деген көлдің қалыңдығына екі үш күн еру боламыз, – деп, түнделетіп келген аралық кісі, дереу суыт түрде қайтып кетеді. Менің әкем, ертеңіне Тәзіке Қойшығұл келген соң, әлгі кісілер сұратқан ақ қағаздардың барлығын дайындап, мөр басып, жеткізіп берген дейді.

200-ден астам түтіннен құралған сол халық, Досан берген құжаттардың арқасында, Орынбор облысы Ақбұлақ ауданы Бөрте өзенінің бойындағы «Сарықамыс» пен «Қайрат» деген жерлерге барып орналасқан. Мал баққан қазақтарға қой, сиыр, жылқы бағу қиын шаруа болып па, бірден мал шаруашылығына араласып кеткен.

–Даладан сауын сиырларды сауып, оны қарынға құйып, үйге әкелеміз, бір айдың ішінде балаларымызға ажар кіріп, борықтай аппақ болды. Сөйтіп, ашаршылықтан аман қалдық. Бірақ, 1937 жылы бір қатар боздақтармыз тағы ұсталды… – деп отыратын  атамыз Нұрберген, сол күндерді еске алып, әңгіме айтқанда.

Нұрберген атамыз, сол зұлматта Ақын Керейдің Ақтанының жалғыз баласы Бақияр ахун ұсталғанын айтып берген еді. Ол Кердері Әбубәкір, Қарашолақ болыстың хатшысы болған кезде, «Дауыл» жайлауында кездесіп, достасқан екен. Сонда: «Келешек –оқу оқығандарда. Балаңды діни оқуға бер» депті. Досының сөзіне құлақ асып, баласын Түрікпен Абдолла Хазретке оқуға берген, артынан Қазанда оқуын жалғастырып, бітірген соң, елге келіп, бала оқытқан.

Бақтияр ұсталып бара жатқанда, Отаралы деген атамыз: «Үкімет адамы: «Араларыңда діни адам бар ма?» деп сұраса, бір туысыңның аузынан шығып кетіпті, ақкөңіл адам ғой, үкіметтің адамы екенін қайдан білсін…» депті дейді. Сонда Бақтияр ахун: «Оның аузына да құдай салған шығар, ол туысыма да өкпем жоқ, көретін жарығым таусылмаса, елге амансау оралармын. Онсыз да, қамалып, қырылып, көшіп кетіп дегендей ат төбеліндей ғана халық қалдық, енді елдегілер тату болыңдар» депті.

– 1937 жылы молда Әділғазы, бұрын болыс болған Төресаймен бірге тағы басқа он бес адам да ұсталып, Сібірге айдалған.

Сол кеткен адамдардан жалғыз Әділғазы ақсақал 1953 жылы, Сталин қайтыс болған соң, елге оралды, – деп айтып отыратын Иманғали мен Өрбісін ақсақалдар.

Көтеріліс жеңілгеннен кейін, үкіметтен күдер үзген көп халық Бесқалаға көшіп кеткен, тек азғантай ауыл – қазіргі Абай мен Оймауыт совхоздарында қалып қойған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана сол кеткен халықтың ұрпақтары тарихи Отанына көшіп келді.

Марқұм демограф Мақаш Тәтімовтің мәліметінше: «1930 жылы қазақтар саны 4 миллион 120 мың болса, 30 жылдардың басындағы көтерілістер мен алапат аштықтан, 1937 жылғы қуғын-сүргіннен кейін 2 миллион 22 мың адам құрбан болған… 1927-1939 жылдары Қазақ елі бойынша 25000 адам атылған, Гулаг түрмелерінде 75000 адам өлген» деп көрсетілген («Нәубет». 1990 жыл. 90-бет).

Жалпы, сол бір зұлматты жылдарда Ақтөбеде мен Орал, Атырау мен Ақтау аумақтарында қаншама боздақтар жазықсыз жазаланып, атылды, түрмелерге қамалды десеңізші… Соларға арнап ескерткіш салынса, әруақтары риза болар еді.

Оларды кейінгі ұрпақ білуі керек деп ойлаймын. Біз, бұрын бөтендер тарапынан тарихымыз бұрмаланып жазылып немесе өзіміз жазсақ та жоғарыға жалтақтаған ұлтпыз ғой. Соңғы кездерде, ел ішінен туған жер тарихын зерттеп, зерделеп, шынайы тарихты жазатын жастар шығып жатыр. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Мен жоғарыда жазғандарымды, сондай зерек тарихшы жастарға арнаймын. Мүмкін солардың бір қажетіне жарап қалар, керек жерлері болса алар деген ниетпен өзімнің есітіп, білгендерімді жеткізіп жатырмын. Мұның бәрі ешқандай қоспасы жоқ нақты болған оқиғалар, ондағы адамдар да сол кездерде өмір сүрген. Бүгінде сол адамдардың ұрпақтары осы аумақтарда жасап жатыр. Өткендегі кісілердің аты-жөндерін мүмкіндігінше нақтылап жазып жатқаным да дерек молырақ және түсініктірек болсын дегенім еді…

 

                                                                                                          Орынбасар ДОСАНОВ,

                                                                               Тасқопа ардагерлер  кеңесінің төрағасы.