МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ

0
89

Биыл туғанына 130 жыл  

«Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі        

   алыптарының, айтулы Алтын

   діңгектерінің бірі ғана емес,   

 бірегейі – Мағжан Жұмабаев».

ЗЕЙНУЛЛА ҚАБДОЛОВ,

                                                                             Академик-жазушы.

Қазақ поэзиясына Абайдан кейін жаңалық әкелген, арқалы да сыршыл ақын Мағжан Жұмабаев 1893 жылы қазақша жылан жылғы маусымның 25-жұлдызында Солтүстік Қазақстан обылысы (бұрынғы Ақмола облысы Сарыайғыр болысы Қызылжар уезі) Мағжан Жұмабаев ауданы Сасықкөл жағасында дүниеге келген. 1905-1910 жылдары Қызылжардағы татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М. Бегишевтің ұйымдастырумен ашылған медресседе оқиды. 1911-1912 жылдары Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінің қабырғасында оқи жүре ол әдеби ортаға кіреді. Мұнда ол тамаша дос-пікірлес табады. Бірнеше әңгімелерімен көзге түсіп жүрген, өзінен алты жас үлкен Ғалымжан Ибрагимовпен танысады. Ол өз шығармасына жаңа көзге түсе бастаған Мағжанның өлеңдерін эпиграф етіп алады. 1912 жылы Ибрагимовтың көмегімен Мағжанның тұңғыш өлеңдер жинағы «Шолпан» жарық көреді. Әдеби ортаға толығымен бет бұрған дара талант бұдан әрі оқуын 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер  семинариясында жалғастырады. Осында оқып жүргенде Сәкен Сейфулинді жолықтырады. Омбыда қазақтың белгілі екі ақыны бірсыпыра  уақытын бірге өткізеді. 1914 жылы екеуінің белсене қатысуымен мәдени-ағартушылық  сипаттағы «Бірлік» ұйымы құрылады. Ұйым жанында «Балапан» атты қолжазба журнал шығып тұрған. Мағжан сол журналға редактор болған.

Қазан төңкерісінен кейін Қазақ зиялылары бас қосады. Елі-жері үшін зіл батпан жауапкершілікті мойындарымен көтеруге тырысады. Әсіресе «Қазақ» газеті атой салады. Қазақ қауымын бас қосып, кеңесу мақсатында құрылтайға шақырады. Жас Мағжан бұл кезде жақсы танысып үлгерген Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов ағаларының соңына ереді. 1917 жылғы 21-28 шілдеде өткен Бүкіл халықтық сезьд шын мәнінде де барша қазақтың басы қосылғандай әсерде қалдырады. Съезд «жалпыға бірдей сауаттану мәселесін дереу шешу керек» деп міндет қояды. Бұған Мағжан білек сыбанып қатысуды ойлайды.

Кейін кеңестік Қазақстанда өткізілген сауатсыздықты жою науқанына Мағжан зиялылардың алды болып қатысқаны мәлім. Съезде қазақтың өз саяси партиясын құру мәселесі қаралады. «Қазақ» газеті 1917 жылғы 21 қарашадағы санында Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Е. Омаровтар қол қойған «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасын жариялайды.

1917 жылы Ақпан  төңкерісі кезінде құрылған «Алашорда» партиясының құрылтай сезіне қатысып, мүшелігіне сайланады. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман сезіне қатысады. «Алаш»партиясының  Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болады. Сол кезде Омбыда өздерін социалистерміз деп жариялаған» Үш жүз» атты партия пайда болады. Мемлекет органының  құқығын өз бетімен иемденіп алған осы партияның орталық комитетсымағы «ақын М. Жұмабаев бостандықты сүймейтіндігі үшін ұсталып қамалсын» деп қаулы етеді. Сөйтіп оқулық жазу үстінде жүрген ақын «Үш жүз» партиясының жалған айыптауымен  абақтыға түседі.  Бір айға жуық  отырып шығады.

1918-1919 жылдары Қызылжар уездік земство басқармасында қызмет етеді. Ал 1919-1923 жылдары Ақмола губерниялық «Бостандық туы», «Ақжол»газеттерінде, «Шолпан», «Сана» журналдарында қызмет етеді. «Батыр Баян» поэмасын жазып, жарыққа шығарады.

1922 жылы Сырымбетте интернат аштырады.  1923 жылы Мәскеуде Жоғарғы әдебиет-көркемөнер институтына оқуға түседі. 1924 жылы отбасымен Тәшкент қаласында тұрады. Мағжанды Тәшкентке шақырған белгілі қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов. Бұлар келгеннен кейін оның қызметі Мәскеуге ауысып кетеді. Мұндағы зиялы қауым қазақ ақынына құшағын айқара ашады. Түрікстан Компартиясы Орталық комитетінің органы – «Ақ жол» газетінде, «Түрікстан» атты көлемді өлеңі жарияланады. Осындағы «Шолпан» журналында жарияланған «Батыр Баян» поэмасы ақынның даңқын аспанға шығарады. Көп туындысы «Сана» журналында жарық көреді. «Педагогика» кітабын өңдеп қайта шығарады. Қазақ балаларына арнап, «Бастауыш мектепте ана тілі» кітабын жазады. Мағжан бұл өңірден ескі достарын табады. Алаштың көрнекті азаматтары сол кезде Тәшкентке шоғырланған еді. Мұқтар Әуезов екеуі мәдени-ағарту бағытындағы «Талап» қоғамын құрады. 1923 жылы ақынның үшінші және ақырғы өлеңдер жинағы жарық көреді.

1924 жылы А. В. Луначарскийдің шақыруымен Мәскеуге қоныс аударады. 1927 жылы елге оралып, Қызылжарда, Бурабайда оқытушылық қызмет атқарады. 1929 жылы «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаумен ұсталып, Мәскеудегі «Бутирка» түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі.

1936 жылы М. Горький мен Е. Пешкованың  араласуымен айдаудан босап, Қызылжарға қайта оралып, мектепте бала оқытады. 1937 жылы саяси себептерге байланысты қызметінен қудаланып, жұмыссыз қалады. Осы жылы науырызда Алматыға келіп, аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесіледі.

Осы жерде Мағжанның өміріне байланысты кейіннен жарияланып жүрген кейбір деректерді де келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. 2008 жылы Алматыдағы өнер баспасынан шыққан «Қаһарман Бауыржан Момышұлы» шығармасының  98-ші бетінде «Мен Мағжанды көрдім» деген материал шыққан. Онда батыр былай дейді: «1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командирінің  орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде,  ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері бір түрлі, әсілі, сотталғандар болуы керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метірдей жерде өз алдына  жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен оған жақындап келіп, қазақша: «Ассалаумағаликум»деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да, үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жинап алғанша, ол теріс қарап отырған күйінде: «Маған жақындама бәлем жұғып кетеді»  деді. Сол кезде менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп: «Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе мені елге жеткіз» деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе көмектескім келді де: «Мен оншақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз» дедім. Оншақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғанын айытты. Өтірік айтуы екіталай қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлына қалай сенбейсің. Бұған қоса жақында «Қазақ әдебиеті» газетінің 3 наурыз 2023 жылғы 8 санында: «Мағжан бертінге дейін тірі болған» деген көлемді мақала шықты. Атыраудың Құлсары қаласында тұратын Абдолла Әбдірахманов атты 92 жастағы қарт кісі кезінде өзінің Магаданда, Колыма лагерінде Мағжанмен бірге отырғанын «Жас алаш» газетінде жариялайды. Оны естіген Мағжанның інісі Қалижанның қызы Райхан Жұмабаева (77 жаста) Абдолла қартпен байланысқа шығып, ақылдаса келе Мағжанның жерленген жерін көрсету үшін барып қайтуға келіседі. Жасының ұлғайғандығына қарамай Абдолла ақсақал ақынның әруағы үшін алыс жолға тәуекел еткендігінің өзі ерлік емес пе? Балалары ұлықсат етпесе де аурушаңдығына қарамай жолға шыққан Райхан: «Мен бәрібір барамын, осыдан Мағжан ағам үшін жолда өліп кетсем, арманым жоқ дедім» дейді. Осы сапар туралы «Қазақ әдебиетіндегі» мақалаға көз жіберсек  Райхан Жұмабаева былай дейд: «Расында жол алыс та ауыр екен, қазақ текке «Ит жеккен» атамаған ғой. Мәскеуге дейін ұшақпен төрт сағат, ары қарай  Магаданға дейін 12 сағат ұштық. Магаданның губернаторы қайта құдайына қараған азамат екен, әрі қарай Колымадағы лагерьге дейін тағы 650 шақырым кедір-бұдыр жолдарға төтеп беретін көлік пен қасымызға жол бастаушы адам қосып берді. Әйтеуір ит арқасы қияндағы Сусуман ауданына да жеттік қой, әупірімдеп. Ауылдың аты да қазақшаға ұқсайды екен өзі, Берелех деп аталады. Абдолла ағамыз өзі отырған лагерді көргенде жылап жіберді ғой. Бір кездері көрген азабы-тозағы есіне түскен шығар. Мағжан ағамен сол жерде отырғанын, қалай көргенін айтып берді. «Қай қиырда жүрсе де адам өз қанын іздейді екен ғой, лагерден өзім секілді қазақты кездестіргенде ауылымды көргендей елжіреп, көзіме жас келгенін, сол сәттегі сезімді тілмен жеткізе алмаймын. Ал Мағжан ағаның бойынан ақсүйектігі білініп тұратын, яғни қандай азап көріп, қандай жаман жерде жүрсе де тектілігі білініп тұрды дейді. Сосын танысып, тілдескенде қайта қайта: «Осыдан шығып, Сәбит Мұқановтың көзіне бір қарасам ғой» деп айта берді дейді.

-Сонда Мағжан ағамыз лагерде қашаннан бастап отырған?

-«Атылды» деп шығарған 1938 жылдан 1951 жылға дейін сол азап лагерінде жүргенге ұқсайды. Әбекеңнің айтуы бойынша, Мағжан лагерьде 1951 жылға дейін отырыпты. Бір күні дейді Әбекең, Мағжанның жүруге шамасы да келмей еңбектеп жүр дейді… Сөйтіп жүргенде көп ұзамай Әбекең таңертең далаға шыққанда сондағылардың аузынан «Магжан умер» деген қаралы қабарды естіген».

Соңғы кезде ұлы ақын туралы осындай естеліктердің  айтылып жүргені байқалады. Қалай дегенде де ақынның қуғын-сүргін құрбаны болғаны ақиқат.

1958 жылы Кеңестік жүйенің қуғын-сүргіннің құрбаны болған Мағжан Жұмабаевты ақтау ісі қолға алынады. 1960 жылы Түрікстан әскери округі әскери трибуналы алқасының шешімімен Мағжан Жұмабаев толығымен біржола ақталады. Бірақ солай бола тұра Қазақстан жазушылар Одағы мен ғылыми мекемелерге хабарланбаған соң, халық ұзақ уақыт ақынның шығармаларымен таныса алмаған. 1989 жылдан бастап ақын шығармалары жариялана бастайды. 1995 жылы ақынның үш томдық шығармалар жинағы шығып, туған жеріне есімі беріледі.

М. НӘДІРТЕГІ