Қадыр ақын – балаларға!

0
134

Қазақтың классик ақыны, Қазақстанның халық ақыны, Қаз.ССР-ы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әлі 1935 жылы Батыс Қазақстан облысы (бұрынғы Орал обл.) Жымпиты ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылып жатырған «Балдырған» журналында бастаған. Жетпістен астам өлеңдер жинағының авторы. Соның ішінде балаларға арналған өлеңдері бір төбе.  Ақын қазақ балаларының өмірін, өмір сүріп отырған ортасын, психологиясын жетік білуінің арқасында олардың дүниетанымын кеңейту, тіл байлығын дамыту, ойлау жүйесін кеңейту, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу бағытында  сүбелі шығармалар арнады. Оның балаларға арналған өлеңдерінің, мысалдарының, жаңылтпаштарының, жұмбақтарының, ертегілерінің, диалогтарының, мазақтамаларының, табиғат құбылыстары, жануарлар туралы өлеңдерінің  үйде, ата-әжесінің қасында, балабақшаларда, мектеп балалары үшін тәрбиелік мәні зор.

    Бүгінде бүкіл қазаққа қанатты сөз болып кеткен:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! –деген өлең жолдары әп дегеннен балаларға арнап жазылған.

    1 маусым – балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында Қадыр ақынның балаларға арналған бір топ өлеңін газет бетінде жариялауды жөн көрдік.

                                                                                                   Н. ӨТЕПОВ, 

                                                                                                 зейнеткер.

                                  

                                  Қыс

Әдемі әнші құстар кеп қонатын,

Ауылдың айналасы бақ болатын.

Қыс өзі бүрсеңдеген бала талға,

Кигізді үстіндегі ақ халатын.

Алқаптан бір де қара дақ көрінбей,

Ақша қар төңіректі жапты бірдей.

Әлі де із түспеген әппақ дала

Басталмаған оқушы дәптеріндей.

Апам неге жылады?

Көзім түсті апамның

Көзіндегі жасына.

«Белгісі не қапаның?» —

Деп келдім мен қасына.

Сұрамақпын, білмекпін

Жанына не батқанын.

Байқамаппын, көрмеппін

Пияз турап жатқанын.

                           Ара

Қызғалдақтың қасына

Қойып едім қондырмай.

Бізін сұғып басыма,

Шақты ара оңдырмай.

Енді тимен оған мен,

Ісіп кетті бас, шекем.

Балы тәтті болғанмен,

Тілі өзінің ащы екен!

Торғайды атып

Бұл жолы кім қорғайды,

Бүгін тағы бүлдірдім.

Көздеп атып торғайды,

Терезені сындырдым.

Тентектердің сөз десе,

Тілі қышып тұрмай ма?!

-Терезені көздесең,

Тиер, — дейді, — торғайға!

                              Апам үшін

Апам үшін күнде де

Отынға ағаш жарамын.

Су құямын гүлге де,

Дүкенге де барамын.

Жоқтатпаймын әпкемді,

Қоям шәйін қайнатып.

Жылай қалса бөпемді

Жұбатамын ойнатып

Сыпырамын үй ішін,

Жуам аяқ-табақты.

Апам бірақ мен үшін

Оқымайды сабақты!

                        Септеу

Атау.

Барлығына үлгі болар қарақтар,

Байсалды да ақылды да Марат бар.

Ілік.

Жеке басым ең алдымен Мараттың

Жасы үлкенді сыйлағанын жараттым.

Барыс.

Сенбейсің бе, күнделікті парақта:

Талай «бестік» қойылыпты Маратқа.

Жатыс.

Алғыссыз күн болған емес Маратта,

Жетеді онда ынта, жігер, талап та.

Шығыс.

Қай өнер де табылады Мараттан,

Ән салғанда жұртты аузына қаратқан.

Көмектес.

Міне, сондай жақсы бала Маратпен

Дос бола алмай жүргендер де бар әттең!

                                    «А»

– Ата, зейін салдың ба?

Бар әріптің алдында

Неліктен «А» тұрады?-

Деп бір күні сұрадым.

Атам менің сауатты

Былай берді жауапты:

– Ата,

Ана,

Ақыл,

Ар,

Адам…

«А»-дан басталар.

Сондықтан шығар, Құрбаным,

«А»-ның алда тұрғаны!…

                             Нүкте

Нүкте деген білгенге,

Жәй ғана бір ноқат па?

Жоқ онысыз сөйлем де,

Жоқ өлең де,

Жоқ хат та!

Нүкте теген пайымды,

Батыл тыныс белгісі.

Аяқтамай ойыңды,

Келмейді оның көнгісі.

Жазып жатқан кездерде

Асықпай-ақ күтеді,

Не бір ғажап сөздер де

Сол нүктемен бітеді.

Ол сөйлемнің соңында

Тұрмайды құр сәндікке.

Әрбір істің соңында

Болу керек бір нүкте!

                         Мұғалима

Мынау менің сезгенім:

Ол – кластың анасы.

Өзінің де,
Өзгенің

Баласы – оның баласы.

Қай кезде де, ол анық,

Қайғырмайды өзі үшін

Біздер үшін қуанып,

Қызарады біз үшін.

Күнде «бестік» алсаң сен,

Онда басқа жоқ арман.

Ал оқымай барсаң сен,

Бір тал шашы ағарған.

Жақсы болсаң шынында,

Қартаймас деп айта алам.

Жаңа оқу жылында

Жасарады қайтадан.

 

                 Мықты деген Пілдің де,

                 Құдайы бар білдің бе?

«Аң біткеннің алыбы,

Аң біткеннің мәлімі

Не?» — десеңдер,

«Піл» — дейді

Қай жердің де халығы.

Арыстандай күшті аңнан,

Жолбарыстай дұшпаннан

Қаймықпайтын сол Пілің

Қорқады екен тышқаннан!

               Көзсіз батыр

               Қайтып жатыр?

Табан балық толғанып,

Түрлі тәсіл қолданып,

Жем – қармақпен ойнады,

Бірден жұта қоймады.

Алабұға ойланбай,

Бір қылғытты,

Сормаңдай!

Ілінді де бұғақтан

Бір ақ шықты құрғақтан!

                    Үлкен құлақ не үшін?

                Кіші құлақ не үшін?

«Ақылы аз мынаның,

Көп сыналар бұл аңым!» —

Деп табиғат

Есектің

Үлкен қылған құлағын.

«Ақылы бар мынаның,

Көп мақталар бұл малым!» —

Деп табиғат

Жылқының

Кіші қылған құлағын.

                     Асып-сасып

Бүгін қатты ұйықтаппын,

Бір кез шошып ояндым.

Сағат сегіз боп қапты,

Қар басыпты үй алдын.

Татқам да жоқ тамақтан,

Асып-сасып киіндім.

Кешіктім деп сабақтан,

Өз-өзімнен күйіндім.

Біраз жер бар мектепке,

Біздің одан үй алыс…

Аптығыппын мен текке,

Жетіп келсем – демалыс!

                    Бұлбұл және оның иесі

Ту қадап төсіне

Қызарды күншығыс.

Айтты арыз иесіне

Тордағы әнші құс:

–    Отырмын былтырдан

Босатсаң болмай ма?

–    Босатсам, антұрған,

Мысық жеп қоймай ма?!

–  Қожайын бұлтарма,

Қолдайсың бұзықты.

Әйтпесе бұл торға

Қамар ең мысықты!

                            Әттеген-ай!

Ойнадым, ойнадым,

Ойынға тоймадым,

Шегім де бұралды,

Сонда үйге оралдым.

Мен жоқта үй іші

Екі рет шәй ішіп,

Тамағын пісіріп,

Табаққа түсіріп,

Өздері тойыпты,

Маған аз қойыпты.

Ет екен демедім,

Өкпелеп жемедім.

Ал апам күлді де,

Майлы шек, тілді де

Қалдырмай жеп қойды,

-Тәтті екен! – деп қойды.

Өйтерін білмедім,

Өйтерін білгенде

Өзім-ақ жейтін ем,

-Аз емес!-дейтін ем!

              Қадыр ақынның балаларына арнаған өлеңдері

Тыңдамасақ көз жасыңмен ықтырып,

Тумай жатып болып алдың тіпті ірі.

Әлдилеймін мен де сені,

Анаң да

Әлдилейді аяғынан тік тұрып.

Барлық уақыт өзіңменен өтеді,

Бақырғаның бір қиянға жетеді.

Сен шыңғырып,

Біз айқайлап әндетіп,

Үйдің іші джунгли боп кетеді.

Әкеңе де анаңа да жұбанбай,

Таусылады тіпті төзім-шыдам да….

Сеніменен қиын кейде,

Ал сенсіз

Қиынырақ болар еді бұдан да!

                           Х Х Х

Үйде кішік, түзде ғана дардаймыз,

Бос уақыттың бәрін саған арнаймыз.

Қыдырыстап қайту ойда болса да,

Жұртты сенен аяғаннан бармаймыз.

Туласа да бойда ыстық қан әлі,

Қалдық енді үйкүшікке саналып.

Көршілерден жан қалмайды сенбіде,

Біз сенімен отырамыз қамалып.

Біреулердің жақыны да жақын-ақ,

Бауырым деп тұрысады қатынап.

Біздер оның бәрінен де тынышпыз,

Бар қызыққа бір «бұзықты» сатып ап!

                              Х Х Х

Қысты күні аяз қарып бетіңді,

Қара күзде жел қақпады етіңді.

Бізге суық – саған ыстық, немесе,

Бізге жылы – саған суық секілді.

Ерте түлеп, ерте қойып кекілді,

Тілің сенің жұрттан бұрын жетілді.

Бүкіл дана сәби кезде, біздіңше,

Басқаша емес, сендей болған секілді.

Әке-шеше жігіт қылған жеті ұлды

Тастап кет деп сені талай өтінді.

Тастамадық. Бізді баққан ата-ана

Сені бағып-қаға алмайтын секілді.

Айтқаныңның бәрі бізге өтімді,

Ешқашанда қайырмадық бетіңді.

Сен бір мықты,

Сендей тентек, қысқасы,

Бізде бар да, басқада жоқ секілді.

 ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛІ.