Округ күндері бастау алды

0
70

                 Бұрын жылда жаз маусымында  аудан орталығында ұйымдастырылып, дәстүрге айналып, қалыптасып қалған «Жазғы әуен» атты округ күндері, 2019 жылғы пандемияға байланысты тоқтап қалған болатын. Өткен 22 маусым күні, сол жақсы дәстүр аудан орталығындағы саябақта қайта жалғасын тапты. Бұл күні, Кеңестуы ауылдық округінің тұрғындары    «Киелі мекен – Кеңестуым!» атты мәдени-спорттық, ойын-сауық шарасын дайындап келді. Аталған шара аясында   Қопа ауылдық клубы  аудан орталығы тұрғындарына «Ауылым менің тамаша!» атты концерттік бағдарламасын,  кітапхана ұжымы «Ауыл тарихы сыр шертеді» деп аталатын кітап пен сурет көрмесін, кәсіпкерлер өздерінің өндірген өнімдерін ұсынып, жастар жағы асық ату мен ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар сайысын ұйымдастырды. Шараға аудан әкімі С.Аманбаев қатысып, Кеңестуы ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени  дамуына үлес қосқандарға «Алғыс хат» пен естелік сыйлық тапсырды.

   

Туған жерінен аты  мәлім әнші Светлана Айтбаеваны, Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің әншісі Берік Ержановты, Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі Гүлхан Бөрібасованы т. б. тұлғаларды түлеп ұшырған қопалықтардың дайындап келген концерттік бағдарламасы көрермендерді баурап алды.  Көрермендер, әсіресе аудандық би байқауының жеңімпазы «Гүлдер» би тобының мың бұралып билеген әсем де көңілді билеріне қол соқты. Сондай-ақ Қопа ауылдық клубы жанынан құрылған көп балалы аналардың «Ару Ана» ансамблінің, Гүлбаршын Байдышеваның, Алтынгүл Сүгірованың,  Нұрдәулет Борашовтың, Сыдық Мейіржанның орындауындағы әндер,   Қалдымұрат Мирланның домбырада тартқан «Адай» күйі көрермендердің көңілінен шықты. Сонымен бірге, сахнадан қысқа әуен орындалып,  көпшілкке жасырылған «Әнді тап!» атты қызықты ойын ұйымдастырылып,  жұмбақ әнді тапқан көрермендер марапатқа ие болды.

 

Осы концертке балама түрде Қопа ауылындағы кітапхана ұжымы «Ауыл тарихы сыр шертеді» деп аталатын кітап көрмесін өткізді. Онда  Қопа ауылына қатысты жарыққа шыққан тарихи кітаптар мен танымал түлғалардың суреттері қойылды.

– Көрмеге 20 кітап пен бірнеше сурет алып келдік. Бұларды Шұбарқұдық тұрғындары қызыға тамашалауда, – деді кітапхана меңгерушісі Меңзада Көшерова.

Көрмеден әріректе кәсіпкерлер өздерінің өндірген өнімдерін ұсынып, ұлттық қолөнер шеберлері жүн түту, ұршық иіру, диірмен тарту сияқты т. б. өнерлерден шеберлік кластарын көрсетті. Осы  тұста көпшілікке,  басқа халықтарда кездеспейтін, қазақтың тамаша ұлттық дәстүрінің бірі – тұсау кесер рәсімінің үлгісі көрсетілді. Жастар ұлттық ойындардан жарысқа түсіп, жеңімаз ойыншылар марапатталды. Мұнда тек қопалықтар ғана емес, жергілікті ұжымдар да шараның қызықты өтуіне үлес қосты. Мәселен, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы «Қазыналы құдық» ойынын ұйымдастырып, жеңімпаздарға сыйлыққа кітап тарту етті.

– Біз саябақта өтетін әрбір шара кезінде осындай ойындарды ұйымдастырамыз. Мақсатымыз – көпшілік арасына, әсіресе жастарға кітап оқуды насихаттау, – деді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Маржан Сағымқызы.

Сондай-ақ шара барысында саябақтағы барлық ойын алаңдарында балалар түрлі ойындарға қатысып, қуанышқа бөленді.

Шара соңында аудан әкімі Саламат Аманбаев, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Бабатай Салиманов,  Шұбарқұдық ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Матай Нұғманов  қопалықтарға осындай тамаша шара ұйымдастырып, аудан орталығы тұрғындарына қуаныш сыйлағаны үшін ризашылығын білдірді және сахнада өнер көрсеткен өнерпаздарға марапат тапсырды.  Аудан әкімі бұл шара әрбір бейсенбі сайын жалғасын табатынын айтып, Шұбарқұдық тұрғындарын сол күні саябаққа келіп, концерт пен көрмелерді тамашалап, демалуға шақырды.

Аудан орталығындағы саябақта ұйымдастырылған Кеңестуы ауылдық округінің «Киелі мекен – Кеңестуым!» атты мәдени-спорттық, ойын-сауық шарасы туралы мақаламызды, сол күні сахна төрінде автордың өзі оқыған, қопалық жас ақын Байзақ Өмірзақ Аққалиұлының «Кең Кеңесту жайлы толғау» атты жырымен аяқтауды жөн көрдік.

    Кең Кеңесту жайлы толғау

Ауыл жайлы, елім жайлы бастайын,

Ауылымды мадақтаудан қашпайын.

Маған сенген Кеңестудың беделін,

Өр сөзіммен бір көтеріп тастайын.

 

Ауылымсыз мен бір бәйге алдым ба?

Бұл балаңның жазған жырын ал тыңда.

Жұмысыңмен емес, сен бір арнайы

Ауылыңа сәлем бере бардың ба?

 

Ұмытпайтын дәстүрі мен салтын да,

Ұлықтайтын қазыналы қартын да.

Мен қалайша бақытсызбын дей алам?

Кеңестудай халқым барда артымда!

 

Мұндай өлке таба алмайсың шамасы,

Атқа қонған бес жастағы баласы.

Жайсаң жандар ғұмыр кешкен бұл ауыл,

Жақсыларға толған дархан даласы.

 

Абыройың арта берсін ауылым,

Кең көсілер ұзақ болсын дәуірің.

Келсең елге сағынышпен бұл елге,

Құшақ жая қарсы алады бауырың.

 

Бұл мекенге зер салып бір қарашы,

Қымбат маған тұнық суы, ауасы.

Табиғаты тамылжыған бұл ауыл,

Туын тіккен екі орманның арасы.

 

Ауыл қандай, елім қандай еңселі!

Кеңестудың бағы сондай бес елі.

Түсімде де көрем осы ауылды,

Тұрғындары бейбіт ғұмыр кешеді.

 

Ауылыма жыр арнамай не етейін?

Жақсылығын айтуменен өтейін.

Ата қоныс, елім жайлы сөз қозғап,

Тарихыма  мұра тастап кетейін.

 ӨЗ ТІЛШІМІЗ.