ШҰБАРҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ КҮНІ

0
71

21 ҚЫРКҮЙЕК КҮНІ «БІЗДІҢ АУЫЛ ТАМАША!» АТТЫ БАҒДАРЛАМАНЫҢ АЯСЫНДА АУДАН
ОРТАЛЫҒЫНДА «ШҰБАРҚҰДЫҚ ШАҚЫРАДЫ!» АТТЫ ШҰБАРҚҰДЫҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ КҮНІ ӨТТІ.
ОРТАЛЫҚ САЯБАҚТА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН БҰЛ ШАРАҒА АУДАННЫҢ ЖӘНЕ АТАЛҒАН ОКРУГТІҢ
БАСШЫЛАРЫ, АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ ҚАТЫСТЫ. ШАРА БАРЫСЫНДА
КӘСІПКЕРЛЕР ХАЛЫҚҚА ӨЗ ӨНІМДЕРІН ҰСЫНЫП, ТҮРЛІ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР МЕН КӨРМЕЛЕР
ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, ӨНЕРПАЗДАР ҮЛКЕН КОНЦЕРТ ҚОЙДЫ.

Шара аудан әкімі С. Аманбаевтың, ардагерлермен бірге, орталық саябақ алдындағы «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүл қойып, Отан үшін жанын қиған ерлер рухына құрмет көрсетуімен басталды. Содан соң, жобаның комиссия мүшелері, аудан басшысы және ардагерлер саябақтағы ұлттық ойындарды, «Ертегілер елінде» атты аспан асты кинотеатрын, арнайы фотоаймақтарды, күштік экстримді, жергілікті тұрғындар ұсынған өнімдер көрмесін, Қазақстар Республикасы спорт шеберлерінің өнерлерін тамашалады. Сонымен қатар, шара барысында отау көтеріп жатқан екі бірдей жас отбасыға, алтын той иегерлері Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, ардагер М.Әділханұлы мен жары Бибіхан апайдың, ақ батасын беруі – жастарға берілген өте өнегелі де әсерлі тәрбие болды. Осы тұста, аудан әкімі егіз қыздармен отау тіккен ағайынды екі жігітке арнайы сыйлықтар табыстап, ерекше күнмен құттықтады. Сондай-ақ, шара барысында шұбарқұдықтық жастардың ұйымдастырумен концерт өтті. Халықаралық байқаулардың жүлдегері, республикамызға кеңінен танымал үлгілі «Алтын-Ай» би тобының орындауындағы биімен ашылған концертте, жүргізушілер Шұбарқұдық кенті 1931 жылы құрылып, 1972 жылы Темір ауданы қайта ұйымдастырылғанда аудан орталығы мәртебесін алғанын, сәулеті мен сәні келісіп, күннен-күнге жайнап, өсіп келе жатқан орталықта бүгінде 14 мың 117 тұрғын жасайтынын, мұнда талай тұлғалалар өмір  сүргенін т. б. тарихтан сыр шертті. Бұдан кейін күміс көмей әншілер ән шырқап, мың бұралған биші қыздар би билеп, жиналғандарды тәнті етті. Мұнда Нұралин Аслан орындаған «16 қыз», «Алтын- Ай» би тобының қолдауымен Серік Гүлім шырқаған «Дариға жүрек», Нұрладин Мәдидің орындауындағы «Армандамын», Рзағалиев Нұрхан айтқан гитараның сүйемелдеуіндегі әндеріне көрермендер құлшына қол соғып, тіпті орындарынан тұрып би де биледі. Сондай- ақ, 5-ші сынып оқушысы Бектенов Жансұлтанның шырқаған «Анашым» әні өте сәтті шығып, жүргізушілер жас дарынды тәрбиелеген анасын және досына қолдау көрсеткен сыныптастарын сахна төріне шақырып, алғыс айтып және құрмет көрсетіп, гүл шоғын ұсынды. Концерт барысында аудан басшысы тұрғындарды атаулы шарамен құттықтап, күн санап өзгеріп келе жатқан Шұбарқұдық кентінінің әсем келбеті мен тазалығын күтіп ұстауға, туған жерге құрметпен қарауға шақырды және мерекеде ұлттық спорттық сайыста жеңіске жеткен азаматтарға «Алғыс хат» пен сыйлық табыс етті. Жиналғандарға өте көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерт, жастардың хормен «Темір, Шұбарқұдығым» әнін шырқаумен аяқталып, концерт соңы – ескі де есті әндердің ырғағымен жалпы би кешіне ұласып, мерекелік отшашу ұйымдастырылды.

ТЕМІР ГАЗЕТІ