ҚАЙСАР МІНЕЗДІ САРМАН БИ

0
75

ИСАТАЙ-МАХАМБЕТ КӨТЕРІЛІСІ — ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТ АЗАТТЫҚ КҮРЕСТЕРІ ҚАТАРЫНДАҒЫ ЕҢ МАҢЫЗДЫЛАРДЫҢ БІРІ БОЛЫП ЕСЕПТЕЛЕДІ. ОЛ – ШЕГІ КӨРІНБЕЙТІН МҰХИТ ТӘРІЗДІ МОЛ ДҮНИЕ. КӨТЕРІЛІСШІЛЕР ЖЕҢІЛІСКЕ ҰШЫРАП, ҚОСЫМША ҚОЛ ЖИНАМАҚ МАҚСАТПЕН КІШІ ЖҮЗДІ АРАЛАП КЕТКЕН ЕКІ БАТЫРДЫҢ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІН ТЫҢШЫЛАР ҚАДАҒАЛАП ОТЫРҒАНЫ ЖӘНЕ ІЗ ҚУАЛАП ЖҮРГЕНДЕРІ БЕЛГІЛІ. БАТЫРЛАРДЫҢ КӨЗІН ЖОЙЫП ЖІБЕРУГЕ ҚҰН ДА БЕЛГІЛЕНГЕНІ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ. КӨТЕРІЛІСКЕ ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕМІН ДЕП ҰМТЫЛЫС ЖАСАП ЖҮРГЕН ИСАТАЙ БАТЫРДЫҢ ТАҒЫ БІР ЕРЛІГІ МЕН КӨСЕМДІК ҚАСИЕТІН АЙҚЫНДАЙТЫН КӨПКЕ БЕЛГІЛІ ЕРЕКШЕ ТАРИХИ ОҚИҒАҒА КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ 175 ЖЫЛ ТОЛАДЫ. ОЛ ИСАТАЙ БАТЫРДЫҢ АДАЙ-КЕТЕ ТЕКЕТІРЕСІНЕ ТӨРЕЛІК ЖАСАП, ТОҚТАТУДАҒЫ ТАБАНДЫЛЫҒЫ.

Бұл оқиғаны белгілі жазушы, тарихшы Әнес Сарай «Исатай және Махамбет» атты зерттеу кітабында анық-қанығын айқындап, жақсы баяндаған. Және ақын-жырау Ығылман Шөрекұлының дастанында айтылады дейді көнекөз ауызекі ақпарат жинақтаушылар. Біріншіден, ел аралап жүріп, Исатай батыр халықтың ақ патшаға, шен-шекпенге сатылып, солардың саясатын жүргізіп отырған хан тұқымына жан-тәнімен қарсы екенін онан әрі терең түсінеді. Сонымен қатар руаралық барымта-сарымталардан бастары өзара бірікпей отырған халықтың өзінің негізгі жауына қарсы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» алмай отырғандығы да өкінішті еді. Солардың бірі Адай-Кете арасындағы алты жылдай уақытқа созылып, асқынып тұрған текетірес дау.
Жер мен теңіз арасындағы Қарақұм шабындығын бірде Адайлар, бірде Кетелер қыстап жүретін. Бірақ жер Кетелерге қарасты болған екен. 1834 жылы күзеуде Кетелер әлгі Қарақұмда көп шөп шауып, малға азық болсын деп қысқа дайындалады. Адайлардың да үміті осы жерде қыстау еді. Кетелердің дайындықтарын көріп, олар маяланған шөптерге малын жайып қоя береді. Бұл жағдай арақатынасты шиеленістіретін тағы бір оқиғаға әкеліп соғады. Сойыл сілтескен сойқанда Адайдың сыйлы азаматы Құдайберген жан тәсілім қылады. Кетелер Адайларды қыстағына кіргізбейді. Ерегескен Адайлар Кетелердің маялаған шөптерін өртеп кетеді…
Кісі өлімі орын алған оқиға Кетелерді де қатты ойландырады. Қателік болғанын өзара мойындап, екі араны бүтіндеу үшін бітімгершілік мақсатпен елшілікке кімді жібереміз деп ақылдасып отырған ру ақсақалдарының алдына өз орталарынан Сарман би көтеріліп, елшілікке баруға дайын екенін білдіреді. Әр түрлі күдікті ойлар айтылғанымен, елге белгілі, сөзге шешен, белгілі, мықты, Адай жұртын етене танитын батыр Сарман би өзінің беталысынан қайтпайды. Тіпті Адайларды ыза кернеп отырғанын білетінін айтып, жанына екі жігітті қосуын талап етеді. Бұл лаулап, жанып тұрған отқа оны сөндіремін деп кірумен тең шешім еді. Әлі де кідіре тұрайық деушілер де болған көрінеді, бірақ Сарман би еш сөзге құлақ аспай, жігіттерімен жүріп кетеді…
Жол сонша алыс болмағандықтан, Кетелер мазарлары қашып, асыға хабар күтеді. Хабарды ұзаққа создырмай жаушылар ескен желдей жеткізеді. Адайлар болса, Құдайбергеннің өлімінен қабырғаларына қан қатып, ащы кектен буынып отырып, Майлы Кете Сарман би бастаған елшілердің аузын да аштырмай, бауыздап тастайды. Онымен қоймай, Адайлар 800 атқа қонған күшпенен тағы да Кетелерге қарсы жорыққа шығады. Қарақұм маңайында күн суып, теңіз жағасындағы табиғат бұлқан болды. Су мұз боп қатқан, көктайғаққа аттар аяқ баса алмауы салдарынан, Кетелердің қолының аз болуына қарамастан, жеңіліске ұшырайды. Қалыптасқан жағдай екі жақтың азаматтары татуласуы, бітімге келуі керектігін айқындайды. Текетірес дауды шешудің түйіні жазықсыз өлген елші Сарман бидің қанының өтелуінде екенін екі жақ та білді…
Исатай батыр бұл араздықтың ініне су құймай, мәмілеге келіп, қол жию мүмкін болмайтынын түсініп, дауласқан елді бітімге келтіруді ойластырады. 1838 жылдың 24 маусымында казак-орыс әскерінің атаманы, генерал-майор Покатиловтың Орынборға берген ақпарында былай делінген: «… мамыр айында Үш бөкенбайда Исатайға Қайыпқали келіп қосылады (Әнес Сарай « Исатай мен Махамбет». 303-бет). Бұлардың жиынының мақсаты барымталасқан қазақтарды біріктіру. Исатайдың да, Қайыпқалидың да шепке зиян келтіру ойында жоқ». Ал Баймағамбет Айшуақов болса: « Исатай өзара араздасқан Әлім мен Адай руының адамдарын май айында татуластырды» деген…
Сонымен, Исатайдың сәлемі бойынша Кетелер Үшбөкенбайда мамырдың соңғы аптасында үш жерден үй тігеді. Үш тайпа ел үш жақтан жиналады. Исатай батыр бастаған топ Кете-Адай дауына төрелік айтуды көтеріліске үндеудің пәрменді құралы ретінде ұтымды пайдаланғанын айта кетуіміз керек. Бұл Кіші жүздің қалың жиналысына айналғалы тұрған жиынға Исатайды жалаулатып Жүсіп Құланұлы мұздай қарулы 500 қолмен келеді, жан-жақтан өз жасағымен жиылған Қайыпқали, Шектіден Есет Көтібарұлы, Адайдан Сүйінқара Шабай батыр мен Мәмбетнияз мырза, Шали Кете Құдайберген де бұл жиынға бастан-аяқ мұрындық болады. Исатай үш тайпа елдің игі жақсыларына өзінің кесімін айтады. Ол алыстан орап, ұзын ырға сөз толғап, дәлелді жүйемен буып, аталарының сүйегі жатқан Қарақұмды Адайларға алып береді. Оның есесіне елшіні өлтірген Адайларға азуды қатты басады. Нақақтан қаны төгілген Сарман би бастаған үш елшінің әрқайсысын бес адам деп бағалап, Адайдың он бес ерін құнсыз кетірді. Бұрын мұндай төрелік айтқан ешкім жоқ еді. Бірақ төрелік қағазға жазған, қатып қалған заң емес-ті, келесіне келтіріп, қисынын тапқан көсемдік еді. Ешқайсысы мұның теріс деп, батырдың бетіне қарап дау айта алмады. Себебі түбіне жеткізбейтін, екі жағы бірдей кінәлі пәлен жылдан қордаланған айып-күнә ұсақ-түйекті жіпке тізбей, кесектеп туралап екі ауыз сөзбен бітірілді. Кете-Адай бір-біріне тышқақ лақ құн бермей, барға қанағат, жоққа салауат айтып, бір-біріне құшақ жайып, бауырымдап, төс қағыстырды. Неше жыл қатыса алмай қалған құдандалы жекжаттар жылап көрісті. «Үш Алшынның баласы, бірің аға болғанда, бірің іні, топырақты өлімнің бір, мына жалған, анау мақшарда да бір ошақтың басынан табыласың. Шын жауың араздасқан ағайының емес, анау обырпатша, сатқын төре! Қаһарыңды сонда төк! Қылышыңды соған шап! Әмин!» деп Исатай батыр бата беріп, елді таратады. Исатай мен Қайыпқали жасақтарының қосылғаны елді бітістіру мақсатымен осылай аяқталып, сағынысқан ел өліге бата қылып, тіріге сәлем беріп, айттап кеткен екен. Осылай 1838 жылдың мамыр айының соңында Ығылман Шөрекұлының дастанынан да мәлім Адай мен Кете арасындағы қанды дау Исатайдың төрелік айтуымен кесім шығарғаны Үшбөкенбайдағы Қайнар өзені жағалауында болған тарихи оқиға. Ондағы Сарман би бастаған елшілердің өліміне байланысты қабылданған әділ шешімдері мен олардың нәтижелері жалпы Исатай-Махамбет көтерілісінің ел бірлігі мен татулығына қосқан зор үлесі мен көрсетіп кеткен үлгісі болып есептелетіні – тарихи мәні бар ақиқат. Бұл жиынның қазақ халқының тұтастығы мен ынтымағы үшін мәнісінің аса қымбат екені бүгінгі таңда да айқын сезіледі. Бұл бабаларымыз салып кеткен тарихи жолдарға тағы бір үңіліп қарауға, қолыма қалам алуға мен үшін ноқта болған, ол он екі жыл бұрын түсіріліп, күні бүгінге дейін экранға белгісіз себептермен шықпай отырған « Махамбет» атты көркем фильмді (сценарий авторы Олжас Сүлейменов, режиссері Сламбек Тәуекел) көруім болды. Дәл қазіргі кезеңде халқымыздың бірлігі мен еліміздің тыныштығын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін Исатай мен Сарман бабаларымыздың істері мен өсиеттерінен дәлел таба аламыз.
* * *
Қазақ халқының тарихындағы көптеген белгісіз, ұмыт болып кеткен, ел аузында сақталып қалған ақтаңдақтар біздің әңгімеміздің тіліне тиек болып отырған, сөзсіз ел тарихында ойып салған орны бар Сарман би. Өкінішке қарай, ресми құжаттар арасында анда-санда (о дүниеде деген ұғымда) есімі аталғаны болмаса, деректер көп кездесе бермейді. Әлде болмаса, біз бірінші бөлімде баяндалған оқиғадан басқа деректерге кездесе алмай жүрміз бе, әйтеуір ел жадында ұлықталған кейбір оқиғаларға тоқталып өтуді жөн көрдім. Сарман Көккөзұлы ( ресми құжаттарда Сәңкібайұлы деп те аталса керек) Кете руының Майлы тармағынан шыққан, бүкіл Кете руының атынан сөйлеген абыройлы би, батыр болған екен. Бір белгілі ресми құжатқа назар аударайық. «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков» VIII том, часть I, «о почетнейших и влиятельнейших ордынцах» (Алматы, «ДайкПресс»,2006)
23.Санкибаев Сарман (арабша графика), 52 лет, бий, батыр. Высокого роста, строен, худощав, с приятным лицом, большим орлиным носом, русой бородой и усами. Майлиева отделения, сагындыкова подотделения. Тамга+. Место кочевания: летнее – на реках Уиле, Кииле, Большой и Малой Хобде, Илеку и Чингирлау, зимнее – на Атрау. Имеет трех жен и детей. Богат. Хорошего ума; неграметон; характера бойкого; восприимчивого, живого; говорит хорошо и основательно; особенно внимателен к нуждам своих одноотделенцев и любим ими. Как старший в отделении имеет в нем влияние, в орде – никакого. Предан, наград не получал. Подсудом и следствием не состоит, в неблагонамеренных и неприличных поступках изобличаем не был, предосудительных страстей я за ним не замечал». Сарман Сағкимбай ұғлы. Арабша теріс терілген. Сарман Сәңкібайұлы. ММА.+ таңбасы 174-184 Кете руының белгілі қырғыздары – 24 адам.
Бұл 1850 жылғы 26 июньдегі ерекше тапсырмалар чиновнигі В.Лазаревскийдің Орынбор шекара комиссиясының төрағасы М.Ладыженскийге донесениесі.
Міне, осы ресми құжаттың өзі Сарман бидің бейнесін жан-жақты айқындап беретін сияқты. Орыс чиновнигінің өзі аса бір құрмет тұтатын тұрғыдан мінездеме бергендей.
Ауыз әдебиетінде Ығылман жыраудың Сарман бидің руы жөнінде қателігінің себебін білу өте қиын, бірақ ол туралы айтқан сөздері – ұрпақ үшін құн жетпейтін дүние. Мысалы, жоғарыда айтылған тарихи оқиға туралы Ығылман Шөрекұлы былай дейді:
«Шали Кете Сарманның,
Қамы үшін елдің барғаның
Сегіз арыс Адайға,
Мәмбетнияз би болып,
Тар қақтыққа үйреніп,
Арада жүрген елшіні
Өлтірмекке қармандың.
Адайдан шыққан Әли деп,
Кетеден шыққан Шали деп,
Мұндай болған зор істі,
Басуға келмес әлің деп,
Шаһит қылып бауыздап,
Соңында кетті арманың,
Сарманның қаны бос
кетпей,
Майданды жерде пышырап,
Зор қазаға ұшырап,
Адай содан қарғалдың».
Сарман бидің әділеттілігі мен шешендігін Адай руының игі жақсылары бұрыннан білген екен, тіпті бірнеше рет Адай-түркімен арасындағы дауларға төрелік еткені айтылады. Тіпті бір даудың әділ бітіміне риза болған Адай елі тұтқынға түскен түркіменнің текті қызын әйелдікке сыйлағаны белгілі.
Тағы бірде Адайлардың мың жылқысы жоғалады. Жоқ іздеп бір топ адам Сарманға келіп жүгінеді. Әділін осы айтады деп. Сонда Сарман сұраған: «Ұрыны ұстадыңдар ма? Көрген бар ма? Малыңның бір бөлігі шықты ма, осы жақтан?». Іздеушілер «Жоқ» дейді. «Олай болса, кімге төлетеміз? Әйтсе де, жоқ жоғалтып, үлкен шығынға ұшырап отырғандықтан, бізден көмек мың тоқты, ертең қой болады, өсіп өнеді. Риза болыңдар» деген екен. Оның әділеттілігіне риза болған жоқ іздеушілер «мың жылқы» бітіміне келісіп, елдеріне қайтқан.
«Сарманы бар елдің арманы бар ма?» деген сөз қалған.
Аты мәшһүр Мырзабай жырау былай деген:
«Адай мен Кете дау болған,
Бекер қырған бір-бірін,
Құртамыз деп ұрғынын
Бітім қылды арада
Сарман би шешен дүлдүлім».
Қазіргі Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданың Саралжын елді мекенінде екі рулы елдің арасында үлкен қақтығыс болады. 35 адам қаза тапқан қақтығысқа өзі қатысып, қылышының қырымен бірнешеуін аттан ұрып құлатын, қырғынды тоқтатады. Би, батырлар жиналған бітім болады. Бітімді Сарманнан сұрайды. Оның айтуымен екі жақтың қаза болған адамдары бір молаға жерленеді. Басына темір шарбақ қойылады. Естуімізше, жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, бірліктің белгісі ретінде молаға әлі күнге дейін адамдар табынады дейді. Батыс Қазақстан облысының бертін келе таратылған бұрынғы Тайпақ аумағында Сарман төбе деген үлкен ауыл бар. Осы ауыл бидің есімімен аталған. Ертеде сол жерде үлкен жанжал, қантөгіс болып, соған Сарман биді алдырады. Ол кездегі даланың демократиясы – бітім айтатын биді халықтың өзі таңдайтын болған. Сарман бидің сөзінен ел бітімге келіп, риза болған екен.
Оқиғалық шындығы дәлел табатын елді біріктіріп, рулық қатынастардың ушығуынан туындаған талай дау-дамай, қақтығыстарда кесім шығарып, елді бітімге келтірген. «Сарма келсе, құдайдан пәрмен келеді. Сол шешеді, бізге бітім болады, бейбіт өмір болады, елге ырыс-береке қонады» деп соның билік айтқанына жүгінген, төрелігін күткен.
Өкінішке қарай, көп дерек ауыз әдебиеті болғасын жоғалған. Дегенмен іздеймін, зерттеймін деушілерге азық болатын деректер табылатыны анық, нүкте қоюға болмайды. «Сарманның әкесі Көккөз би Сырым Датұлы көтерілісінде Сырымның оң қолы болған. Содан тәрбие алған, ізін қуған. Елдің ішкі бірлігін сақтауға маңдай терін төккен, өмірін құрбан қылған» деген қосымша зерттеуді талап ететін ақпараттар бар. Істеген істері мен халық зарын зарлап, алты алаштының ұлдарын тек сөзбен ғана елдік пен бірлікке шақырған Сарман би сияқты барлық кемеңгер аталарымыздың есімдері ешқашан ұмытылмасын, ұрпақтарды тәрбиелеу мақсатында қазақтың ұрпақ назарына ұсынатын сан ғасырлық тарихы бар екенін терең зерттеп, ұлылардың аттары халық жадынан орын алу үшін оларға ескерткіштер орнатып, көшелердің атауларын беріп, әдеби, бейне және киношығармалар шығарып жатсақ елділігіміз қуат алар деп ойлаймын.
Халық арасында кең тараған Сарман би бабамыз туралы деректерді жинауға жәрдемін берген ақтөбелік азамат Ізбасар Серғазиұлы Карамолдиновке ризашылығым шексіз. 2023 жылдың маусым айында Исатай-Махамбет көтерілісінің аса бір ірі оқиғаларының бірі – Үшбөкенбай бітіміне 175 жыл толатынын ұмытпайық, ағайын: «Аруақ разы болмай, тірі байымайды» деген халқымыз!
Серікқали БИСАҚАЕВ,
техника ғылымының докторы,
ҚР мен ТМД елдері
академияларының
академигі, Астана қаласы.