ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕРДІҢ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ

0
60

ӨНЕРМЕН АУЫЗДАНЫП, ЖЫРМЕН ЖҰБАНҒАН, АТАЛЫ СӨЗГЕ ТОҚТАЛЫП, БАТАЛЫ СӨЗГЕ БАС ИГЕН ДАНА ХАЛҚЫМЫЗ, ДӘСТҮРЛІ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ БІРІ — ЖЫР МЕН ТЕРМЕНІ ДЕ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАҒАН. ДОМБЫРА КҮМБІРІМЕН ӘСЕМ ӨРІЛІП, ЖҮРЕКТІ НӘРЛІ ДЕ ДӘМДІ, ӨНЕГЕЛІ ДЕ ҒИБРАТТЫ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІМЕН ТОЛТЫРАТЫН, ТАУ СУЫНДАЙ ТАЗА ҚОСПАСЫЗ МАРЖАН ТУЫНДЫЛАР, ЖУЫҚТА АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ Н.БАЙҒАНИН АТЫНДАҒЫ ТЕМІР АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ӨТКІЗІЛГЕН «ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ — ТЕРМЕ» АТТЫ ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕРДІҢ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫНДА ШЫРҚАЛЫП, ЗАЛ ТОЛЫ КӨРЕРМЕНДЕРДІҢ КӨҢІЛІН БІР КӨТЕРІП ТАСТАДЫ.

Нұрпейіс жыраудың шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл жыршы-термешілердің облыстық байқауына, Ақтөбе облысы бойынша 18 жыршы-термеші қатысты.
Үміткерлердің өнерін бағалап, төрелігін айтатын қазылар алқасының құрамында Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан құрылған «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Ә. Сарин, «Темір» газетінің редакторы М. Әділханұлы,
Темір аудандық балалар саз мектебінің ұстазы Ж. Аяпов болды. Жыршы-жыраулар «Қобыланды батыр», «Едіге жыры», «Қарасай қази» сынды батырлар жырын, термешілер Нұрпейіс Байғаниннің, Наурызбек жыраудың, Әбубәкір Кердерінің, Ақтан Керейұлының шығармаларын орындады.Байқау соңында, қазылар алқасының шешімімен жыр жанры бойынша Бас жүлдені Құттығай Жанерке Ертісқызы жеңіп алса, І-орын Жұмағұлова Дария Нұрсұлтанқызына бұйырды. ІІ-орынды Қуаныш Дильназ Сейілханқызы, ІІІ-орынды Жеңіс Әкімжан Алғабекұлы иеленді.
Ал, терме жанры бойынша «Бас жүлдеге» Тынышқали Аяулым Артурқызы лайық деп табылса, І-орынға Сағиева Аружан Әлібекқызы жайғасты. ІІ-орынмен Жұбат Дәурен Наурызғалиұлы және ІІІ-орынға Шотов Алтынбек Нұрланұлы қол жеткізді. Қалған үміткерлер аудан әкімі С. Аманбаевтың «Алғыс хатымен» және ақшалай сыйлығымен марапатталды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ.