ҚОЛӨНЕРШІ НҰРЛАН

0
82

ҚАЗАҚ ҚОЛӨНЕРІНДЕ ИЛЕНГЕН МАЛ ТЕРІСІ ЖИІ ҚОЛДАНЫЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ. ӨЙТКЕНІ ТЕРІДЕН ЖАСАЛҒАН БҰЙЫМДАР КӨШПЕНДІЛЕР ТҰРМЫСЫНДА ҰДАЙЫ ПАЙДАЛАНЫЛАТЫН МАҢЫЗДЫ ЗАТТАРДЫҢ БІРІ БОЛДЫ. ТЕРІДЕН ӘРТҮРЛІ КИІМДЕР ТІКСЕ, БЫЛҒАРЫ-КӨННЕН СҮТ ӨНІМДЕРІН АЛЫП ЖҮРУ МЕН САҚТАУҒА АРНАЛҒАН ӘРҚИЛЫ ҚАЛЫПТАҒЫ ЫДЫС-АЯҚТАР, БЕЛБЕУЛЕР МЕН АЯҚ КИІМДЕР ЖАСАП, ҚАМШЫ, АТ ӘБЗЕЛДЕРІ МЕН ЕР-ТҰРМАНДАРДЫ ҚАПТАДЫ. БҮГІНДЕ ҰМЫТЫЛУҒА ШАҚ ҚАЛҒАН ОСЫ БҰЙЫМДАР — ДӘСТҮРЛІ ӘЛЕМ МӘДЕНИЕТІНІҢ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ЗАТТЫҚ ӘЛЕМІНІҢ БІР БӨЛШЕГІ ДЕП ҚАРАСТЫРСАҚ, ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ ТЕРІ ӨҢДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЖӘНЕ ОДАН ЖАСАЛҒАН БҰЙЫМДАРДЫ ТАРИХИ НЕГІЗІНДЕ САҚТАП ҚАЛУ ЖӘНЕ КЕЛЕШЕК ҰРПАҚҚА САБАҚТАСТЫҚ НЕГІЗІНДЕ МҰРА ЕТІП ҚАЛДЫРЫП, НАСИХАТТАУ – БІЗДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗДІҢ БІРІ БОЛМАҚ. МІНЕ, ОСЫНЫ ТЕРЕҢ ТҮСІНГЕН № 1-ШІ ШҰБАРҚҰДЫҚ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ, ҚАЗАҚСТАН ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ, ЖЕРЛЕСІМІЗ НҰРЛАН ЖАҚЫБАЕВ, АТА-БАБАЛАРЫМЫЗДЫҢ ӨНЕГЕ ЕТКЕН ДӘСТҮРІН ЖАЛҒАСТЫРУ МАҚСАТЫНДА, ТЕРІ ӨҢДЕУ МЕН ҚОЛӨНЕР ТҮРЛЕРІН САҚТАП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ОНЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БРЕНДІНІҢ БІРІ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕП ОТЫР.

Нұрлан Сәулебайұлы Жақыбаев, бұл жұмысты 1989 жылы «Халық қолөнері — асыл қазына» деп аталатын ғылыми-шығармашылық еңбекпен бастаған болатын. Ұзақ мерзімді іздену мен шығармашылық еңбекпен айналысып, 2001-2005 жылдары қолөнер шебері, этнодизайншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәркембай Шоқпарұлынан қазақ қолөнерінің, оның ішінде тері өңдеудің қыр-сырын үйреніп, бұл бағыттағы өзінің білімін толықтыра түсті.
— Ата-бабаларымыздан жеткен дәстүрлі технология бойынша тері өңдеу процестері туралы айтатын болсам, оның ең басты шикізат көзі — ірі қара және ұсақ мал мен аң терісі және табиғи бояулар болып табылады, — дейді Нұрлан Сәулебайұлы Жақыбаев бізбен әңгімесінде. – Дәстүрлі қазақ өндірістік технологиясы бойынша, тері сүт қышқылына салынып иленеді және өсімдік бояуларымен боялады. Мұнда, алдымен малдың терісі жақсылап тазаланып, шел мен майлары алынып, жуылады және тұз себіледі. Кейін тері илейтін малма әзірленеді. Малма – іркіт пен айранның сары суына ұн, кебек қосып ашытып, теріні илеуге дайындайтын сұйықтық. Теріні малмаға жүні жидігенше 2 апта бойы салып, араластырып тұрады. Кейін терінің жүнін қырғышпен қырып, тазаланады. Бізде, ауылдың іргесінде өсетін қына деген шөп бар. Сол шөп жаз айларында теріліп, кептіріледі. Содан соң кепкен қына қайнатылып, табиғи бояу алу процесі жүргізіледі. Бояудың суы сәл суыған соң теріні соған салып қояды. Боялған теріден торсық, саба, көнек т. б. бұйымдар пішіледі. Мысалы, торсықтың ішіне құм толтырылып, пішіні шығарылады. Торсық кеппей тұрып, батырма әдісімен өрнек түсіріледі. Соңында торсықтың құмы төгіліп, кептіріледі. Осы процестерден соң дайын торсықты арша, тобылғы, жусан шөбінің түтінімен ыстайды. Сонда барып торсық толығымен дайын болады.
Н. Жақыбаевтың айтуынша, осыған ұқсас байырғы шеберлердің тері өңдеу тәсілдерін қолдана отырып, дәстүрлі технологиямен қамшы, саба, мес, жағлан сандық т. б. бұйымдар жасалады екен. Бүгінде оның қолынан шыққан теріден жасалған бұйымдардың бірқатары Ақтөбе облыстық және аудандық тарихи-өлкетану музейлерінде сақтаулы тұр. Ең бастысы, осы тері өңдеу өнері және одан бұйымдар жасау — Н. Жақыбаевтың шәкірттері арқылы жалғасын тауып, аға буыннан жас буынға жетіп отырғаны қуантады. Нақты айтар болсақ, бүгінде ол 122 оқушымен жеке-дара қолөнер және ғылыми жобалау жұмыстарын жүргізіп, республикалық деңгейде 67 жүлдегер оқушы дайындады. Нәтижеде 17 оқушы осы қолөнері бойынша ғылыми жұмыс жасау жарысында жеңімпаз атанып, «Мемлекеттік білім грантын» жеңіп алды және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясының т. б. жоғары оқу орындарынның мәдениеттану, сәндік-қолданбалы өнер, гуманитарлық ғылымдар бөлімдеріне оқуға түсіп, мамандықтарды иеленді. Оның шәкірттерінің алды қазір Мәдениет басқармасында, Университеттерде, мектептерде еңбек етуде және қолөнер кәсібімен тұрақты түрде айналысып жүргендері де бар.
2019 жылы Алматыда өткен Орталық Азия елдерінің материалдық емес құндылықтарын насихаттауға арналған өңіраралық кездесуде, ЮНЕСКО-ның өкілдері материалдық емес құндылықтарды сақтап, оны мектеп пен жоғары оқу орындарының академиялық бағдарламаларына енгізу мәселелерін көтерген болатын. Осы міндетті іске асыру мақсатында, Нұрлан Жақыбаев 2022 жылы мектеп пен ЖОО-ның академиялық бағдар¬ламаларына интеграциялануға жол ашудың бірден-бір жолы ретінде, өзінің «Мектептегі технологияның теориялық негіздері» және «Мектептегі технологияның ғылыми құндылықтары» атты 2 томдық ғылми туындысын жарыққа шығарды. Аталған еңбектің арқасында оқушылар мен студенттері қазақ қолөнерінің этнографиялық ұғымдары мен қазақ қолөнерінің пайда болу тарихы, материалдық қызметі, эстетикалық танымы, дәстүрдегі рөлі жөнінде білім алуларына мүмкіндік туды.
Н. Жақыбаевтың теріден жасаған бұймдары — республикалық және шетелдік көрмелерде, атап айтсақ Ресейдің Астрахань мен Саратов қаласында, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Бельгия Корольдігіндегі Брюссель мен Люксембургте, Өзбекстанның Қоқан, Үндістанның Нью-Дели, Әзірбайжанның Баку, Түркияның Стамбул шаһарларында кеңінен насихатталды, 2017 жылы Астанадағы бүкіл әлемдік мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне де ұсынылды.
2019 жылдың 13-15 тамыз арлығында Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының рухани-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитет төрағасы Ханзада Есенованың, Қолөнершілер Одағының төрағасы Айжан Беккулованың қатысуымен, қолөнерші Жақыбаев Нұрлан Сәулебайұлының «Тері өңдеу, теріден дәстүрлі бұйымдарды дайындау» бойынша тәсілін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативті тізіміне қосу мақсатында тәжірибелік жұмыс жүргізіп, ЮНЕСКО-ның фото және бейне құжаттама жөніндегі сарапшысы, тері илеудің дәстүрлі технологиясының әр процесін, маңызды сәттерін бейнежазбаға түсірді. Сөйтіп, Н. Жақыбаевтың тері илеу процестері қазақ халқының ерекше дәстүрлі технологиясымен өңделетіні дәлелденді. Ханзада Есенованың, Айжан Беккулованың және ЮНЕСКО-ның фото және бейне құжаттама жөніндегі сарапшысы: «Нұрлан Жақыбаевтың тері өңдеу және одан бұйым жасау әдісі — материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесіне енгізілсе, ол өнімдер Қазақ елінің ішкі және сыртқы туризмі саласындағы турөнімдер мен ұлттық кәдесый қатарын көбейтіп, ұлттық туризмді дамытуға да өзіндік үлесін қосар еді. Бұл бұйымдарды кең ауқымда өндіретін өндірісті іске қосып, таза табиғи бұйым ретінде тез арада қазақтың ұлттық брендтерінің біріне айналдыруға болады» дейді.
Қазіргі таңда Н. Жақыбаевтың жоғарыда аталған еңбектері мен отандық және халықаралық сарапшылардың пікірлері ескеріліп, қазақ халқы қол өнерінің қайнарын сақтап қалу мақсатында, Н. С. Жақыбаевтың «Тері өңдеу — теріден дәстүрлі бұйымдарды дайындау» мен «Тері ұқсату мен теріден дәстүрлі тұрмыстық заттарды жасау кәсібі» бағдарламасы Қазақстан Республикасы материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесін жүргізу жөніндегі комиссиясы мүшелеріне ұсынылып, Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізіп, «Қазақ халқының дәстүрлі тері өңдеу өнері және тері бұйымдарын жасау» деп аталатын ғылыми-танымдық, этнографиялық туындыны басып шығару және қазақ қолөнерінің өндірістік аймағын іске қосып, этнобизнес және ішкі туризм маршрутын қалыптастыру сұралып отыр.
— Қазір бұл мәселе Қазақстан Республикасы тарапындағы комиссияда қаралып жатыр. Жақын арада ол халықаралық ЮНЕСКО ұйымына ұсынылуы тиіс. Егер бұл ұсыныс мақұлданса, тек біздің өңіріміз ғана емес, бүкіл Қазақ елі бойлап, туристік бағыттағы мәдени-экономикалық өсімнің дамуына қосқан үлесім болар еді, — дейді Н. Жақыбаев.
Иә, олай болса, сөзімнің соңында: «Ерім!» дейтін ел болмаса, «Елім!» дейтін ер қайдан тусын?» дегендей, елім деп еңбек етіп жүрген жерлесіміз Н. Жақыбаевты қолдайық, ағайын дегім келеді.
Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЙ.