ЕСТЕН КЕТПЕИТІН ҚАСІРЕТ

0
45

Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген, Жөргегегімде таныстым мұң тілімен, — деп Ж.Молдағалиев айтқандай қазақ халқының тарихи санасында сонау 17-19 ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», ата қонысын қорғап Ресей империясына қарсы жүргізілген үздіксіз соғыс, 20-30 жылдардағы аштық пен саяси қуғын-сүргін, қазақтың 18 бен 50 жастың арасындағы 400 мыңнан астам азаматын жұтқан екінші дүниежүзілік соғыс, Семейде, Қазақстанның басқа да жерлерінде 40 жылдың үстінде өткізілген 500 ге жуық атом сынақтары мәңгі есте сақталатыны анық.
Әсіресе өзі де құрбандыққа шалынуымен қоса, қанқұйлылығы жағынан өткен ғасырдың қандай бір қанқасап соғыстары мен қара түнек қуғын-сүргіндерінің бәрінен де асып түскен әлеуметтік озбырлық оқиғаларының басты орын алған аймағына айналған Қазақстанның қасіреті тым үлкен болды. Ең әуелі 1993 жылы, кейін толықтырылып қайта қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының, 1997 жылдың «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» және 31 мамырдың еске алу күні деп белгіленуінің негізгі мақсаты – өткеннің өкінішті оқиғаларынан тиісті сабақ алу, ұлттар мен азаматтардың құқықтарына қаныпезерлікпен баса-көктеуге енді қайтып жол бермеудің амалдарын қарастыру еді.
Бәрімізге белгілі,1916-17 жылдардағы ұлт- азаттық көтерілістен, ақ пен қызыл болып арпалысқан 1918-1920 жылдардағы азамат соғысынан қазақтар аса күйзеліп шықты. 1921-1922 жылдары халық жаппай аштыққа ұшырады. Одан кейінгі жылдары Кеңес Үкіметі таптар күресі принциптеріне сүйене отырып ауқаттыларға, байларға қысым жасап, бірте-бірте оларды тап ретінде жойу мақсатында болды. Осыдан келіп, 1927 жылдың аяғында байларды конфискациялау, жаппай коллективтендіру басталды.
Сол кездегі Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Филипп Исаевич Голощекиннің субьективті көзқарасы мен авантюристік пиғылы Қазақстанда зорлап колхоздастыру мен отырықшыландыру кезінде халықты үлкен апатқа ұшыратты. Асыра сілтеушілік кезінде «шаш ал десе бас алғанның « бір көрінісі – бұрын егін екпеген халыққа астық салығын салу болды. Жұрт енді мемлекетке астық тапсыру үшін қолындағы азын-аулақ малын сатуға дейін барды.Бұл тоталитарлық саясат түптеп келгенде ғасырлар бойы тек мал шаруашылығымен айналысып келген қарапайым халықты малдан да айырды, егіншіліктен де жирендірді. Ең бастысы халықтың дала төсінде ауыл болып қалыпты біркелкі орналасу жүйесі қатты бұзылды.
Коллективтендіруді тез аяқтау мақсатында республикаға ішкі Ресейден «жиырма бес мыңдықтар» деп аталатындарды жіберді. Олар халықты отырықшылыққа көшіруді өздерінше түсініп, айналадағы қазақ ауылдарын бір жерге жинап, орыстың деревнясы сияқты шым үйлерді орыстың деревнясы сияқты көше, көше қылып отырғыза бастады. Сөйтіп, Ставрополь, Перелюбовка, Димитров, бесінші ауыл, оныншы ауыл деген ауылдар пайда болды. Малдың күрт азайып, астықтың шықпай қалуы және тұрмыс-тіршіліктегі күрт өзгерістер ала бөтен азық-түлік тапшылығына әкеліп соқты.Оның үстіне жұқпалы аурулар тарады.Сондықтан 1931-32 жылдар халықтың есінде ашаршылық жылдары ретінде сақталып қалды. Ертеректе көпті көрген үлкен ақсақалдардың Ойыл өзенін жағалай отырған ауылдардың кейбіреулерінен кей күндері таңертең адам шықпай қалған кездері болды,-деп отырғандарын естуші едік.Елде аштық кезінде адам жеген де жағдайлар болған деген де әңгімелер бар. Қазіргі Тасқопа ауылында Евесов Хайролла деген ақсақал өмір сүрді, 1919 жылы туған, соғыс ардагері, ұзақ жылдар мұғалім болып жұмыс жасады. Сол ақсақалдан естігенім, аштықтан кейін үкімет ішінде жауапты адамдары, милициялары бар арнайы отрядтар шығарып ашыққан елге бидай, тары таратыпты. Сонда аштықтан қырылып, тышқан жеп, жұмыршық жеп тірі жүргендерін қуып ұстап көмек беріпті.
Бұл жылдардың зардаптары өте ауыр болды.Халық орасан көп шығынға ұшырады, ел қатты күйзелді. Бір Қазақстанның өзінде ғана 2 миллион 200 мың адамның өмірі мезгілсіз қиылды. Бұл 1930 жылы 4 миллион 120 мыңға жеткен қазақ жұртының жартысынан астамы еді. Оған дейінгі жылдарда миллиондаған қазақ аштықтан, конфискациядан, зорлық-зомбылықтан шет елдерге босып кетті. Солардың ұрпақтары әлі күнге дейін атамекенге оралып бола алмай жатыр. 1931-1933 жылдардағы шығын 1916-1921 жылдардағы шығыннан үш есеге дерлік, ал1941-1945 жылдардағы соғыстағы тура және жанама шығындардан 6 еседен астам көп болды. 1897 жылы Ресейде жүргізілген бірінші халық санағының қортындысы бойынша Ресей империясы аумағында тұратын қазақтардың саны 4 миллион, 84 мың болыпты (Я.Е.Володарский. Население России за 400 лет. ХV1- начало ХХ века, М.1973, ст.111). Содан 40 жыл өткеннен кейін халық саны өсудің орнына 1,5 миллионға кемісе, жүз жылдан кейін, 1989 жылы, тәуелсіздік алар тұста 6,5 миллионға жетіп, барлық Қазақстан халқының 39 пайызына азар жетті. Салыстырмалы түрде алсақ 2024 жылдың басында елімізде қазақтың саны 14 миллион 200 мыңға жетіпті.Тек қана тәуелсіздік жылдарында тыныштықтың, қанша көңіліміз толмай жамандасақ та, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың түзелуінің арқасында ұлтымыздың саны 7 миллион 700 мың адамға өсіпті. Бұл қазақтың біз білетін тарихында болмаған үлкен демографиялық құбылыс. Демограф ғалымдардың айтуынша соғыс пен аштыққа, індетке ұрынбай осылай дамитын болсақ енді бір 15 жылда халық саны тағы да екі еселенуі мүмкін екен.
1937-1938 жылдары елімізде жаппай репрессиялау басталды.Бүгнгі күні қолда бар деректер бойынша сол жылдары еліміз бойынша 130 мыңдай адам репрессияға ұшырап,қазақтың ең көзі ашық, зиялы деген 25 мыңнан астам азаматы атылып кетіпті. Бұл репрессия сол кезде ұлттық сапасы, санасы енді ғана қалыптасып келе жатырған халқымыздың өзіндік психологиясын, мінез-құлқын жасытты. Белгілі ғалым, демограф Мақаш Тәтімов айтқандай, бұрынғы батырдың ұрпағы енді жуасыса, бұрынғы жуастың ұрпағы енді қорқаққа,ал бұрыннан қорқақ адамның тұқымы енді азғынға айналды.
Бұл кезде бірін-бірі көрсетіп, өзара өш алу кең етек жайды. Рулық, тайпалық санадан арыла қоймаған халқымыз бұл жолы да басқа халықтарға қарағанда қудалауға көп ұшырады.Оқыған, көзі ашық деген интеллигенция түгелге жуық кетті. Жала мен қудалаудың кең тарағаны соншалық, әкесі мен баласы бір-біріне сенбейтін күйге жетті. Кейбір жағдайда сол қитұрқы жағдайдың шеті бүгінге дейін жетіп жатқан сияқты. Әлеуметтік желілерде орын алған келеңсіз жағдайларға кіналыларды іздеп, анау халық жауы, мынау халық жауы деп айдар тағып,ұлт зиялыларына, ел басқарған азаматтарға әр түрлі айып тағып жүргендер жетерлік.
Осындай жағдайда қазақ халқы тағдырға мойын ұсынып қарап отырған жоқ. Тек қана 30- жылдардың ішінде Қазақстанда 400 ге жуық ірілі-уақты қарулы көтеріліс болып, оған 80 мыңның үстінде адам қатысыпты.Олардың ең үлкендері Созақ, Шемонаихин, Бұқтырма, Ырғыз,Қазалы, Қармақшы, Маңғыстау,Қастек, Балқаш, Шұбартау және де басқа жерлерде болды. Сол жылдары көтеріліске қатысқаны үшін 5551 адам сотқа тартылып, 883 адам өлім жазасына кесіліпті.
Тоталитарлық жүйе қазақтар мен қатар айтқанына көніп, айдағанына жүрмеген түгел бір халықтар мен ұлттарды да жазалап отырды.Сондай саясаттың салдарынан 40- жылдардың ішінде Қазақстан халықтар түрмесіне айналды. Әр түрлі айып тағылып сол жылдарда Қазақстанға жүздеген мың корейлер, немістер, шешендер, ингуштар, түріктер, күдтер, қырым татарлары т.б. көшірілді.
Репрессия мен депортацияға ұшыраған сондай ұлттардың өкілдері біздің ауданға да көптеп келді. 1944 жылдың қақаған қысында Кавказдан, Қырымнан, Волга бойынан адамдарды мал таситын қызыл вагондарға тиеп Қазақстанға жөнелтіп жатты.Аштықтан, суықтан, әртүрлі аурулардан жолшыбай қаншамасы қаза тапты, бұнда келгенде де оларды күтіп отырған ешкім жоқ еді. Бірақ пейілі кең, жаны жомарт қазақ халқы ешкімді өгейсіген жоқ, барлығын да бауырына басты, қолындағысымен бөлісті.
Кешегі 80- жылдардың ішінде қазіргі аудан орталығында, Темір қаласында, Шұбарқұдық кәсіпшілігінде, Шығырлы ауылында шешендер, немістер, чехтар т.б. ұлт өкілдері көп болатын. Олар мен олардың ұрпақтары негізінен қазаққа сіңіп, тілін, ділін, әдет-ғұрпын үйреніп, басшылық қызметтерге дейін өсті. Мысалы ұлты неміс Рихард Найбауэр Шұбарқұдық астық қабылдау пунктінің директоы, кейін «Дружба» совхозының директоры болса, Ортлиб Виктор Шұбарқұдық желілік комсомол комитетінің хатшысы, кәріс Ан Анатолий Васильевич Ленин совхозы партия комитетінің хатшысы,шешен, соғыс ардагері Ақболатов Абубакир (көпшілік оны дядя Миша деп біледі) ұзақ жылдар сауда саласында, Омаров Богдан Жақсымай материалдық-техникалық жабдықтау базасының директоры, Ақболатов Шахман мұғалім, кейін аудандық атқару комитетінде бөлім басшысы, Сулейманов Руслан аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінде бас инженер,көптеген басқалары шопыр, тепловоз машинисі,т.б. жұмыстарда жемісті еңбек етті.
2008 жылы Ақтөбе облыстық телевидениесі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай хабар түсіру үшін Шұбарқұдыққа келді.Түсіру тобын Задепода тұратын, ұлты шешен, 1935 жылы туған еңбек ардагері Сардалов Жөнит ақсақалдың үйіне алып бардым. Барсақ ақсақалдың Ақтөбеде тұратын баласы отбасымен, кәсіпшілікте тұратын баласы, келіндері,немерелері-бәрі жиналған екен. Топ ақсақалдан, балаларынан сұхбат алып, тұрмыс-күйлерін, тіршіліктерін жазып жақсы хабар түсірді.
Кавказдан айдалып Темір стансасынан түскенде Жөнит ақсақал тоғыз жаста екен.Содан бұаларды, тағы үш отбасын Димитров колхозына (қазіргі Талдысай ауылы)атшанамен алып барып орналастырыпты. 1944 жылдың ақпаны, халықта күй жоқ, бірақ жергілікті жұрт бұларды жылы қарсы алып, барымен бөлісіп, сол жерде соғыс біткенше тұрыпты. Жөкең жетінші сыныпты Темір қаласында бітіріп, 17 жасында Шұбарқұдықта темір жолға, жол дистанциясына әуелі жол монтері, кейін шопыр болып, 55 жасында зейнет демалысына шығып, одан кейін де он жыл жұмыс жасапты.Тілшінің: – Жөке, кеше Кеңес Одағы құлағаннан кейін көптеген депортацияға ұшыраған ұлттар, олардың ішінде шешендер де бар, тарихи отандарына көшті, Сіз неге қозғалмай қалдыңыз?- деген сұрағына: – Мен өмір бойы осы арада, қазақтардың арасында тұрып келемін, төрт ұл, төрт қызды болдым. Қазір 70 тің үстіне шықтым, осы айналам тойдан, садақадан, шекеден, қонақтан қалдырмайды,кейбір жаназаларда үш тайпаның бірі деп беретіндерін маған береді.Кавказда да ағайын-тумалар бар, оларға да барып тұрамын, бірақ Шұбарқұдықтан ешқайда кетпеспін, бұйрық келген күні Шұбарқұдық кәсіпшілгінде жатырған әкемнің қасына жатармын,-деп еді. Айтқаны қабыл болды – 3-4 жылдықта жасы сексеннің үстіне шығып ақсақал дүниеден озды. Балалары мен немерелері, шөберелері бүгінде Шұбарқұдықта, кәсіпшілікте, Ақтөбеде тұрып жатыр.
Кезінде темір ауданына қуғын-сүргінмен келген әр түрлі ұлт өкілдерінің ұрпақтары тарихи отандарына көшіп кетсе де туған жерлерінен қол үзбей, хабарласып, мейрамдармен құттықтап, кейбіреулері демалыстарында келіп осында қалған әке-шешелеріне тәу етіп кетіп жүр.
Міне, биылғы жылы да ұмытылмайтын осы бір күннің қарсаңында ұлтымыздың басынан өткен үлкен қасіретті әрдайым еске алып, ұлттың барлық жағынан тұрақты дамуы ең әуелі тәуелсіздікке, бейбітшілікке, ауызбіршілікке, ғылымға, білімге,тіліміздің, діліміздің, мәдениетіміздің дамуына тығыз байланысты дер едім. Қазақ халқына енді 1001рет өліп тірілудің қажеті жоқ. Қазақ халқына енді өркениетті ұлттардың қатарына еніп барлық жағынан тұрақты даму жолына түсу керек.
Н.ӨТЕПОВ,
Еңбек ардагері.