ҒАСЫР ЖАСАҒАН ӘЖЕ
ҰЗАҚ ЖАСАУ адамның
көркем мінезінен, адами құндылықтарды
қалыпты қағидаға айналдыруынан дейтіндер көп.
Құдайқұлова Тұраш әженің жасы 104 — те Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде 1920 жылы дүниеге келген. Байғанин ауданының Оймауыт ауылында тұрады. Сонау 1920 жылы өмірге келген әженің балалығы ашаршылықтың нәубетті жылдарына, ал жастығы Ұлы отан соғысының сұрапылына дөп келіпті.
ғасырдан астам ғұмырында «кең болсаң, кем болмайсың» деуден танбаған әжейдің бүгінде ұрпағына да айтар өсиеті осы. Қарапайым абыз ананың өткен жолы, адами ұстанымы бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Қалың қазақты жалмаған ашаршылық жылдарында өткен балалығы еміс-еміс қана есінде. Білері, әкесі бай-қуатты адам болған. Конфескілеуден қашып, Қарақалпақстанға өтер жолда әкесі түрікмендер қолынан қаза табады. Шешесі мен інісі үшеуі жаяулатып, шекарадан өтеді. Өздерімен бірге ала келген үш түйені астыққа ауыстырып, жан баққан. -Әжеміз байдың қызы демесең, әкеден ерте қалып, балалығын көппен бірге ашқұрсақ өткізген жан, жетімдіктің де таяғын жеген, — дейді әжей туралы немересі Амангелді.
Ал есейіп, ес білгенде соғыс басталып, бойжеткен Тұраш тылдағы еңбек майданына білек түре кіріседі.
«Ол жылдары әр үйге азық-түлік тасумен айналыстым. Кешке қарай бала-шағамен шойын жолдың бойында жұмыс жасап, бос уақытымда соғысқа кеткендерге жүн-шұлық тоқыдым», — депті әжейдің өзі ертеректегі естеліктерінде.
Соғыс басталғанға дейін Қарақалпақстанда Жантай Құдайқұловпен бас қосып, соғыс аяқталған жылы елге, жолдасының туған жері Доңызтауға оралады. Сол жерге тұрақтап, дүниеге 4 ұл, 4 қыз әкеледі. 1972 жылы өмір жолының бел ортасына келгенде жолдасы дүниеден озып, 8 баланы өзі жеткізеді. Сауыншы боп жұмыс жасап, сиыр сүтінен алынған май, қаймақты совхоздың мекемесіне өткізіп, жоспар орындаған. Бертін келе Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылына көшіп келеді. Зейнетке шықса да, қарап отырмай, гаражда күзетші болып жасаған.
Қазіргі таңда ұл-қыздан 33 немере, 64 шөбере, 12 шөпшек сүйіп отырған әже бүгінде ортаншы баласының қолында тұрады.
— Мен үйдің кенжесімін. Балалық шағым есімде. Әкемнен 2 жасымда айрылдым. Ал анамның маған бергені де, үйреткені де мол. 2-класс оқып жүргенде шұлық тоқып, ал 4-класта кеудеше тоқи алатын болдым. Түйе жүнін анам дайындап береді, мен тоқыма тоқимын. 10 жастан кейін алаша, текемет тоқытты. Қолөнердің барлық түрін үйретті. Қанмен келген шеберлік те бар, әрине. Мектептік шарадан да қалдырмады, балаға керекті, әсіресе, қыз бала білу керек деген нәрсенің бәрін біздің бойымызда болғанын қалады. Сол үшін де көп еңбектенді. Әкемнің қызы болып өскен мен, анамды апа дедім. Анам мінезге өте бай кісі еді. Бәрімізге де сол мінезді сіңірді. Сабырлы болу, кешірімді болу, қай нәрсеге де байыппен қарау, дауыс көтермеу, ғайбат сөйлемеу, жан-жағынан тек жақсылықты көруді анамыздан үйрендік. Ойлап отырсам, біреуді жамандағаны есімде жоқ. Қазір балабақшада тәрбиешімін. Балаларға деген мейіріміділік анамнан дарыған болар. «Саған артық сөз айтылса, қарсы келме. Өзің артық айтып қойсаң, бірінші болып кешірім сұра. Адамдарға рахмет айтып жүр» — анамның ылғи біздің жадымызға құйып отырған сөздері міне, осы. Бүгінде осы айтқандарының бәрінің дұрыстығына көзім жетті. Анам туралы айта бергім келеді. Қыздарының құрақ көрпелерін өзі құрады. Тіпті, менің қызыма тұрмысқа шығарда да өз қолымен құрақ көрпесін жасап берді. Барлығына да солай, арнайылап дайындап қояды. Қара шаңыраққа барған кісі үйден құр қол шықпайды. Сандығынан міндетті түрде бірнәрсе ұстатып жібереді. Қолындағы аға-жеңгем анам бос отырса, ауырып қалатынын айтады. Ауданның басынан өзі сұратқан маталарын алдырады. Беріп жіберіп отырамыз. Қазір үлкейіңкіреп қалды ғой, сәл ертеректе газет оқыды, теледидар көрді. Шөбелерін де әлі де өзі қарап отыр. Телефонмен сөйлесіп тұрамын. Біздің келгенімізді қалайды. Ана үшін өз баласы қашанда бала ғой. Бала, немере, шөберелеріне алаңдап, тоңбады ма, қарыны тоқ па деп елеңдеп отырады. Қазір анамнан алған тәрбиемен балаларымды тәрбиелеп отырмын. Өміріме азық болған тәлімді, білімді, өнерді анамнан алдым. Анама әлі де Алла қуат беріп, балаларының алдында ауырмай отыра берсін. Алланың берген жасын жасасын деп тілеймін, — деп Тұраш әженің қызы Мейрамгүл апа әдемі естеліктермен бөлісті.
Әрине, бала үшін әкенің орны да бөлек. Мейрамгүл апа да махаббатына бөленіп үлгермеген әкесі туралы сағынышын да жеткізді.
-Әкемді іздеймін, әлбетте. Анам да үнемі әкеміз туралы айтып отырады. Әкемді шалым деп сөйлейді. «Шалым қайтарында: «Тұреке, ризамын. Ұл да, қыз да туып бердің. Мен көрмеген балалардың қызығын көр» деп еді, марқұм. Әкеңнің тілегі болар сендердің қызықтарыңды қызықтап отырғаным» деп айтып отырады үнемі.
Әкем де шебер кісі болған. Сүйектен тарақ жасаған, Доңызтауда қауын еккен. Қуақылығы бар әкемнің қызықты әңгімелері көп болыпты, — деді ол.
Әңгіме барысында әжесі туралы немерелерінің үлкен махаббатпен айтатынын байқадық.
-Келін болып түскелі әжеден көп нәрсе үйрендім. Жұмысбасты болған соң, балаларымның бәрін бағысты. Босанып, балам қарайған соң, еш ойланбастан үлкен енеме тастап, жұмысқа шығып кететін едім. Жасы бірталайға келсе де, әлі күнге дейін шаруадан қалған емес. Құрақ құрап, тоқыма тоқиды. Құрақтың қыр-сырын осы кісіден үйрендім. Бос отырса, ауырып қалатынын айтып, немерелеріне киім-кешектің түрін тігіп, тоқып береді, — дейді әженің немере келіні Айымгүл.
Көп сөйлей қоймаса да, біздің «Ұзақ жасаудың сыры неде?» деген сұрағымызға Тұраш әже: «Тылда еңбек етіп жүрген кезде үй-үйге тамақ таратып жүріп, алғаным алғыс пен бата. «Алғыспен ел көгереді» дейді ғой қазақ. Өмір жолымда да ешкімге қиянат жасамауға тырыстым. Ұзақ жасауымның себебі де осы алғыстардың арқасы шығар», — деп жауап берді.
Ашаршылықтың тауқыметін, сұм соғыстың қасіретін көрген Тұраш әже қазіргі бейбіт заманды бағалау керектігін айтып, «жастар бақытты ғой, бейбітшілікте, тоқшылықта өмір сүріп жатыр. Соның қадіріне жету керек, мастанбау қажет. Еліміз аман, жұртымыздың тыныш болғанын қалаймын. Аты өшкір соғыс қайталанбасын, ұрпағым мен көрген зұлматты көрмесін деп дұғамнан тастамаймын», — деп аяқтады сөзін.
ӘЙГЕРІМ ЖАРТИНА