ОЗЫҚ ОЙЛЫ, САН ҚЫРЛЫ талант
Киелі Ақтөбе өңіріне қарасты шалғайдағы Байғанин ауданының Ақжар ауылында өмірге келіп, өшпес мұраларымен қазақ елін жалпақ әлемге танытқан Сақтаған Бәйішев шын мәніндегі ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, энциклопедист-ғалым! Он бес жасында-ақ алғашқы мақаласы жарық көріп, отызға толмастан басшылық қызметті абыроймен атқарған, еліміздің ғылыми өміріне өлшеусіз еңбек сіңірген жерлесіміз Сақтаған Бәйішев озық ойымен, терең білімдарлығымен, аса талғампаз жауапкершілігімен таңқалдырған ғажайып тұлға!
Туған халқының алдында парызын адал атқарған азамат Сақтаған Бәйішев туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Аманжол Қошанұлы Қошанов: «Ол кісінің бейнесі біртұтас асылдан сомдалып құйылған ерекше құбылыс іспетті елестейді» десе, Салық Зиманов: «Сәкең өмірінде Академияның нақ төріне қағылған шындықтың алтын қазығы еді» деп жазғандай, отбасынан алған тәрбиесін бойына сіңіре білген жас дарын тек әкесінің ғана емес, бүкіл ел-жұртының сенімін ақтап, өзінің зерделі екенін көрсете білді. «Әкем Бәйіш Темірбекұлы мұсылманша хат таныған, бес намазын қаза қылмаған, өз дәуірі үшін ел-жұртының тарихын, әдет-ғұрпын жетік білген, парасатты, абыройлы жан болған» деп жазған Сақтаған да, жасынан-ақ білімге құштар болып, әсіресе қоғамдық ғылымдарға арналған әдебиеттерді құныға оқиды. Оның оқу-білімге құштар болып, жазуға қабілетінің ашылуына Темірдегі жеті жылдық мектеп мұғалімдерінің ықпалы зор болды. Сан қырлы талант, туған елінің қоғамдық, ғылыми, тарихи, мәдени өмірінің қай саласында да өзінің жанкештілігі мен даралығын анық таныта білді. Ең алдымен ол қазақ елінің өркендеп дамуына өлшеусіз еңбек еткен азамат.
1938 жылы отызға да толмаған жас маманды дәлелді қарсылықтарына қарамастан, білімді де тәжірибесі мол мәдениет қайраткерлері Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Арыстанов басқарған республикалық белді басылым «Социалистік Қазақстан» газетіне редактор етіп сайлайды. Сол кезден бастап газеттің безендірілуі, мазмұны өзгеріп, газетке деген сұраныс артады. Журналист Орақ Сұмағұлұлы: «Бір кезде Сәкеңнің редакторлығымен күн сайын республиканың шалғай аудандарына таралатын «Социалистік Қазақстан»газетінен оқырмандар ой-өрісін дамытып, білімін толықтырып отыратын. Сол бір шақта осы газетті үзбей бір жыл оқыған адамның он жылдық білім деңгейінде білімі болады делінетін» деп баға береді. Осы қызмет оның бүкіл республика өміріне қоян-қолтық араласуына тікелей жол ашты. Өйткені сол кездегі дәстүр бойынша республикалық газет редакторлары республиканың маңызды шараларына тікелей араласып отыратын еді. Кейіннен «Қазақстанның халық шаруашылығы» журналының редакциялық алқа мүшесі, «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Ғылым академиясының Хабаршысы», «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Ғылым академиясының хабарлары», «Қоғамдық ғылымдар сериясы» журналдарының бас редакторы қызметін атқарды. Бұл – академик Сақтаған Бәйішевтің баспасөз саласындағы жемісті еңбектерінің бір саласы.
Сақтаған Бәйішев – шебер аудармашы, әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша термин қалыптастырудың негізін қалаған терминолог. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы корреспондент мүшесі Сағындық Сатыбалдин: «Сақтаған Бәйішев саяси экономияның қазақ тіліндегі терминологиясын жасауға үлкен үлес қосты, тіпті осы маңызды да күрделі жұмыстың басы-қасында болды. Бүгінгі таңда талай ғалымдар, студенттер, журналистер осы терминологияны пайдаланып келеді, алайда олардың бәрі бірдей бұл көп жағдайда Сақтаған Бәйішұлының еңбегі екенін біле бермеуі де мүмкін» десе, академик Ақай Нүсіпбеков: «Аударма теориясы мен практикасының әртүрлі проблемаларын талқылауға арналған мәжілістерде байсалды пікір алысуда көп ретте ғалым Сақтаған Бәйішевтің теория мен методологияны жетік білетіндігінен беделі жоғары тұратын еді» деп жазады.
Сақтаған Бәйішевтің ұсынысымен партия тарихы институтында арнайы аударма секторы құрылды. Көптеген әлеуметтік-экономикалық ұғымдардың қазақ тіліндегі баламалары тұңғыш рет тілдік айналымға енгізілді, сөйтіп әлеуметтік-экономикалық әдебиеттерді ғылыми тұрғыдан аударудың негізі қаланды. Ғалымның тыңғылықты еңбегінің арқасында маркстік-лениндік классиктердің еңбектерін қалың оқырман қазақ тілінде оқуға мүмкіндік алды. Нақтырақ айтсақ, Карл Маркстің «Капиталы», Карл Маркс пен Фредрих Энгельстің таңдамалы шығармаларының 2 томдығын, Владимир Ильич Лениннің еңбектерін Сақтаған Бәйішев тікелей өзі аударды.
Сақтаған Бәйішев – ғалым, ұстаз, қазақ экономика ғылымының көшбасшысы. «Сапалы өмірімнің 40 жылдан астамы ғылым саласында өтті», — деп өзі жазғандай, Сақтаған Бәйішұлы ғылымның қай саласында да өзіндік із қалдырған ғұлама энциклопедист ғалым. Отыздан астам ғылым докторын дайындап, үш жүзден аса ғылыми еңбек жазған оның өзіндік ұстаздық және ғылыми мектебінің бағыты айқын болды.
Сақтаған Бәйішұлы Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясы вице-президенті қызметін атқара жүріп қоғамдық ғылыми қызметті ұйымдастыру ісіне бар күш-жігерін жұмсады, сөйтіп қоғамтанушы ғалымдардың талантты тобын қалыптастырды. Қазақ мемлекеттік университеті мен Халық шаруашылығы институтында студенттерге дәріс оқыды. «Қазақ Советтік Социалистік Республика тарихының» 5 томдығын жасауға жетекші болды. Бұл да қоғамтану, тарих ғылымдарын өте жетік меңгерген ғалымның ғұламалығының бір көрінісі.
Сақтаған Бәйішұлы 1956 жылы Қаныш Сәтбаевтың ұсынысымен Қазақстан Ұлттық Ғылым Академия вице-президенті болып тағайындалды. Осылайша Сақтаған Бәйішев дүниежүзі және отандық ғылым әлемінде ғылым кандидатынан бірден академикке, академиктен вице-президентке ұсынылған біртуар тұлға! 1946 жылдан өмірінің соңына дейін ғылыми басшы қызметін атқарған ғалым Қазақстан экономика ғылымының бастауында тұрған бірден-бір тұлға!
«Қазақстан экономистерінің бәрі Сақтаған Бәйішевтің алақанынан қанат қақты» деп Әзілхан Нұршайықов айтқандай, қазақ елі экономикасының қалыптасып дамуына ғалымның қосқан үлесі ұшан-теңіз. Академик Яхия Әубәкіров: «Әлемдік ғылымда Қаныш Сәтбаев қандай орын алса, қоғамдық ғылымда, оның ішінде экономика ғылымында Сақтаған Бәйішұлының орны сондай болды» деп баға берген.
Ғалым экономика институтын басқарған кезінде институт жұмысында тұңғыш рет ғылыми кеңес ашу, экономиканың жаңа бағыттары бойынша жаңа кафедралар ашу, еліміздегі шешімін таппаған экономикалық мәселелерді жүзеге асыруға қабілетті, талантты ғылыми кадрларды қалыптастыру ісін жандандырды. Сөйтіп, Сақтаған Бәйішевтің ғылымға берілген жанкешті еңбегінің арқасында 300-ден астам ғылыми мақала, 7 монография жазып, 70-тен астам ғылым кандидаттары, 30 ғылым докторларын даярлады.
Елге танымал мемлекет, қоғам қайраткерлері Манаш Қазыбаев, Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, Нұрғали Мамыров, Көпжасар Нәрібаев, Дүйсенхан Қабдиев т.б. ұлағатты ұстаздың шәкірттері.
Ғалымның Ұлы Отан соғысы кезіндегі және бейбіт өмірдегі ұлан-ғайыр еңбегі лайықты бағаланып, көптеген мемлекеттік наградаларға ұсынылды. Халқы үшін аянбай еңбек еткен ғажайып тұлғаның есімі ел есінде мәңгілік сақталмақ.
Сұлушаш Максимқызы ХАКИМОВА,
Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасының
директоры.