Шұбарқұдық бекетінің пайда болуы

0
65

Жалпы, Шұбарқұдық темір жол  бекеті, қазіргі Атырау мен Ақтөбе облыстарында мұнай көздерінің ашылуына байланысты, өткен ғасырдың 30-шы жылдарында «Гурьев-Қандыағаш» темір жолының салынуына байланысты пайда болған. Бұдан бұрын Гурьев, Мақат, Доссордағы мұнай  көтеріліске дейін белгілі еді. Сондықтан 1924 жылы «Гурьев-Мақат» тар табанды темір жолы салынған болатын.

 

1920 жылдардын басында, қазіргі Ақтөбе облысының өңірінде мұнай іздестіру нәтиже бермей, ендігі іздеу жұмысы Жақсымай және Шұбарқұдық өңірінде жалғасады. Ұзақ жылғы іздестіру барысында, Шұбарқұдықтан 1931 жылы, Жақсымайдан 1933 жылы алғашқы мұнай алынады. Осыдан кейін Гурьев, Доссор, Жақсымай, Шұбарқұдық мұнайын темір жол арқылы Орскіге тасымалдау үшін, «Гурьев-Ақтөбе» темір жол қатынасын жасау идеясы туады. Ал ол үшін «Гурьев-Қандыағаш» темір жолын салу  керек болған. Осы жолмен, Ембі мұнайын да, Шұбарқұдық кәсіпшілігі арқылы, тасымалдауға мүмкіндік туатыны ескерілген. «Актюбинская правда» газетінің 1932 жылғы 20 наурыздағы 62-нөмерінде «Гурьев-Атөбе теміржол құрылысын салу үшін зерттеу жұмыстары басталғандығы» жазылған дерек бар. Сөйтіп, 1936-37 ж. ж. теміржол құрылысын қарқынды жүргізу үшін бір мезгілде Қандыағаш жағынан және Гурьев жағынан да жалпы ұзындығы 544 шақырым болатын рельс төселе басталады.  Бұл құрылыс 1938 жылы қаңтарда уақытша қозғалысқа, ал келесі жылы күнделікті пайдалануға беріледі. Осыған байланысты Шұбарқұдық бөлімшесінің ашылуы жоспарланды. Жоба бойынша Ембі мұнайы Шұбарқұдық кәсіпшілігі арқылы теміржолмен тасылатын болады.

Шұбарқұдықтан бекет салу қолайлы болған. Себебі мұнда судың мол қоры бар екені де ескерілген. Алғашында теміржол жанына жұмысшыларға қамыстан 5 барақ салынған. Теміржол салынғанға дейін де қазіргі «Задепо» деп аталып жүрген  аумақ пен Шилі өзенінің бойында «Аққұдық» атты ауыл болған. Досжан ишан мешіті де сол  жерде жайғасқан. Сондай-ақ  бүгінгі таңдағы «Қазақ ауылдың» орталығындағы сайда бұлақ көздері көп  болған.

  1938 жылы қаңтарда «Қандыағаш-Гурьев» темір жолының пайдалануға берілуіне байланысты, Шұбарқұдық электр станциясының іргетасы қаланып, 1939 жылы құрылысы біткеннен кейін, қуаты 600 кВт болатын 3 дизель-генератор, электр қон- дырғылары, трансформатор подстанциялары салынып, электр желісі тартылып, жаңадан ашылған теміржол мекемелері мен «Задепо», «Қазақ ауыл», «Аққұдық» ауылдары электр энергиясымен қамтамасыз етілген.

Сол жылдары «Орск-Қандыағаш-Гурьев»  теміржол желісін тиімді пайдалану үшін, теміржол бойында әр саладағы мекемелер мен ұйымдар құрыла бастады. Солардың бірі — № 31-ші Гурьев байланыс дистанциясын, Қандыағаш пен Гурьев стансаларының арасындағы байланыс және белгі беру жүйелерінің қондырғыларын пайдалану және олардың ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін құрылған Шұбарқұдық байланыс және белгі беру дистанциясы еді.  Осындай оң өзгерістерге байланысты жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар саны да көбейеді.

Кеңес кезінде бұл темір жол арқылы Ресейдің орталығынан, Кавказдан, Орта Азия мемлекеттеріне шаруашылыққа қажетті заттар тасымалданады. Кейін теміржол саласындағы реформаларға байланысты, атап айтқанда тәуелсіздік алған соң, 1998 жылы Шұбарқұдық дистанциясы қысқартылып, № 4-ші Қандыағаш дистанциясына қосылды. Бүгінде бұл мекеме орнында кішігірім бөлімшелер жұмыс істеп  тұр. Олар — бақылау және сынау цехы (КНГ), радио байланыс цехы (КП-КРГ), желілік аппараттық байланыс (ЛАЗ) және теміржол бойында орналасқан автоматика және телемеханика құралдарын қадағалау үшін желілік механиктер мен монтерлерден құрылған бөлімшелер. Теміржол саласындағы негізгі мақсат — жол қауіпсіздігін сақтау болғандықтан, жүйелік автоматика және телемеханика құралдарының ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету — бұл  бөлімшелердің алға қойған басты міндеті. Темір жолға қызмет көрсететін осындай бөлімшелердің бірі — магистральдың басты бағытында орналасқан Шұбарқұдық жол дистанциясы, яғни Ресейді Орта Азия республикаларымен және Қазақстанмен байланыстырып тұрған күре тамыр.

Жалпы, 1957 жылы Қазақ темір жолы құрылып, «Қандыағаш Гурьев (Атырау)» аралығы ПЧ-56 атымен 1976 жылға дейін  келеді. 1977 жылы Қазақ темір жолы ПЧ-56 — Батыс Қазақстан темір жолы Ақтөбе бөлімінің 12-ші Шұбарқұдық жол дистанциясы және Батыс Қазақстан темір жолы Атырау жол дистанциясы болып, екі дистанцияға бөлінеді. Қазақстан Республикасының көлік Министрлігінің 1997 жылы 31 қаңтардағы № 129-шы жарлығымен Батыс Қазақстан темір жолы Ақтөбе бөлімінің 12-ші Шұбарқұдық жол дистанциясы, Батыс Қазақстан темір жолы РМК «Қазақстан темір жолы» «5-ші Шұбарқұдық жол дистанциясы» болып аты өзгертіледі. Ал, 2003 жылғы 2 қазанындағы № 293-ші бұйрыққа сәйкес, «Акционерлік қоғамдар» туралы Қазақстан Республикасының Заңының өзгеруіне байланысты, 2004 жылдың мамыр айынан бастап, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания- сы» акционерлік қоғамының филиалы «Шұбарқұдық жол дистанциясы» болып аты өзгертіледі.

Шұбарқұдық темір жол саласының тарихи құрылымен қысқаша осылай таныстыра отырып, мен салада қызмет етіп жүрген  теміржолшылар мен ардагерлерді алдағы келе жатқан төл мейрамымен құттықтаймын және отбасыларына амандық, елімізге бейбіт заман  тілеймін.

М. Н. НҰҒМАНОВ, 

                                                            Шұбарқұдық ауылдық округі                                                           

                                                          ардагерлер кенесінің төрағасы.