Еңбек пен отбасылық дәстүрдің символы: Бекеевтер әулеті

0
50

Қазақстанның мұнай-газ саласына елеулі үлес қосып, халық құрметіне бөленген ардақты жанның бірі – Шолпан Бекеева. Оның қажырлы еңбегі мен адал қызметі еліміздің дамуына сіңірген ерекше үлесінің бір көрінісі. Еңбек күні қарсаңында облыс әкімінің ғимаратында өткен салтанатты шара барысында Шолпан анамыз ҚР Энергетика министрлігінің жоғары марапатына ие болды. Ол «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Шолпан Бекеева – мұнайшылар әулетінің өкілі, бүкіл отбасының жүрегіне айналған ардақты ана. Мұнай саласындағы көпжылдық тәжірибесі мен талмай еңбек етуінің арқасында ол тек өз әулетінің ғана емес, елдің де абыройын асқақтатты. Бекеевтер әулеті ұрпақтан-ұрпаққа мұнайшылардың қажырлы еңбегі мен жауапкершілік сезімін жеткізіп келе жатқан өнегелі отбасы ретінде танылды. Шолпан анамыз мұнай саласына келуі отбасының  дәстүріне негізделген. Жастайынан осы саланың қиындығы мен маңызын терең түсінген Шолпан анамыз өз өмірін мұнай саласына арнады. Күн сайынғы қажырлы еңбек пен үлкен жауапкершілік оның өмірлік ұстанымы болды.

Бұл марапат тек Шолпан Бекееваның ғана емес, мұнайшы отбасыларының еңбегіне берілген құрмет. Еліміздің дамуы үшін мұнай-газ кешеніндегі әрбір адамның қосқан үлесі зор, ал осындай ерен еңбектің арқасында көптеген азаматтар өз ісінің нағыз маманы атанып, еліміздің экономикасының дамуына өз үлесін қосуда.  Бекеевтер әулеті секілді отбасылардың еңбекқорлығы мен отансүйгіштігі біздің еліміздің болашағын айқындайды. Шолпан Бекееваға берілген бұл марапат оның қажырлы еңбегі мен адал қызметінің жарқын көрінісі, ел игілігі үшін істеген ерен еңбегінің әділ бағасы.

Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Утенова Д.К