АЭС құрылысы бойынша референдум: халықтық таңдау ел болашағын айқындайды
Қазақстанда атом электр станциясының (АЭС) құрылысы жөніндегі референдум ел тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болғалы тұр. АЭС – ел экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Бұл мәселе бүкіл қоғамның талқысына салынып, халықтың еркіне негізделген шешім қабылданбақ.
АЭС салу – экономиканы энергиямен тұрақты қамтамасыз ету үшін маңызды қадам. Бүгінгі таңда әлемдегі көптеген елдер атом энергиясын пайдаланып, оның тиімділігін дәлелдеп келеді. Жаңартылатын энергия көздерінен бөлек, атом энергетикасы ең тұрақты және қоршаған ортаға зияны аз энергия көзі ретінде мойындалған. Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел болғанымен, болашақта экономикалық және өндірістік өсімді қамтамасыз ету үшін қуат көздерінің жаңа түрлерін игеру қажеттігі туындауда.
АЭС – энергия өндірудің ең экологиялық таза жолдарының бірі. Көмір мен мұнайды пайдалану нәтижесінде атмосфераға шығатын зиянды қалдықтардың орнына атом энергиясы қоршаған ортаны ластамай, таза қуат көзін өндіреді. Бұл Қазақстанның экологиялық проблемаларын шешуге ықпал етеді және жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі мәселелеріне қарсы күресте маңызды қадам болып саналады.
Ел азаматтары бұл мәселеде шешуші рөл атқарады. АЭС құрылысы бойынша референдум – халықтың ерік-жігерін анықтап, мемлекеттік саясаттың бағытын айқындайтын маңызды демократиялық құрал. Әрбір азамат өз даусын бере отырып, ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдауға атсалыса алады. Референдум арқылы халықтың бұл шешімге қатысуы – мемлекеттің болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің белгісі. Халықтың таңдауына құрметпен қарай отырып, бұл референдум Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ететін дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Ауданның белсенді жасы Жоламан А.Е