«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы басталды

0
9
"Зорлық-зомбылықсыз 16 күн" халықаралық акциясы басталды

Облыста 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы өтуде.

Шара отбасылық құндылықтарды насихаттауға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жәбірленушілерге көмек көрсетуге бағытталған. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева және облыстық білім басқармасының бас маманы Әмина Нұрманова мен облыстық ПД ЖПҚБ полиция майоры Азамат Кукебаев өңірдегі отбасылық құқық бұзушылықтың алдын алу мен акция аясында ұйымдастырылатын шаралар жөнінде баяндады.

Акция аясында көшпелі іс-шаралар, флэшмобтар, тренингтер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл алгоритмдері түсіндіріледі. Халық көп жиналатын орындарда сенім телефондарының («111») байланыс деректері көрсетілген ақпараттық материалдар таратылып, билбордтар орнатылады.


Мобильді топтар қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетіп, жайсыз отбасыларды тексереді. Сонымен қатар, агрессорлармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында сенім телефондары жұмыс істейді. Бұл шаралар қоғамдағы отбасының рөлін нығайтып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуге бағытталған.