Президент реформалары азаматтарға сенім ұялатты — Ерлан Қошанов

0
11
Президент реформалары азаматтарға сенім ұялатты - Ерлан Қошанов

Қазақстанда әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп тұратын әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқындалып келеді. Бұл туралы Президенттің реформаларын іске асыруға арналған Мәжілістің жалпы отырысында Палата спикері Ерлан Қошанов айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс төрағасы атап өткендей, 2022 жылғы 16 наурызда дәл осы залда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты тарихи Жолдауын жариялады.

Ол әлем үшін де, Қазақстан үшін де алмағайып, күрделі сынақтардың кезеңінде Президенттің сөздері елдің еңсесін көтеріп, рухын оятып, ұлтымызды ұйыстырғанына назар аударды.

«Шын мәнінде, Жаңа, Әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес. Ол – халқымыздың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы. Ал, реформалар жай ғана заңды өзгерту емес, тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс-бітімін жаңарту, жаңғырту», деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері Қазақстанда 30 жыл бойы суперпрезиденттік басқару формасы қолданылып, оның соңы күрделі саяси дағдарысқа алып келгенін еске салды. Үш жыл бұрын елімізде басқару жүйесінің бұрынғы қағидаттары толықтай қайта қаралып, билік тармақтары арасында тиімді теңгерім орнатылған мүлде жаңа мемлекеттік-саяси жүйе қалыптастырылды.

Аралас сайлау жүйесі бойынша өткен Парламент сайлауы қоғамды «оятты», халық жаңа көшбасшыларды іздеп, оларды белсенді түрде ұсына бастады. Ал әкімдерді сайлау электоралдық науқанды қалыпты, үйреншікті жағдайға айналдырып, азаматтарға шешім қабылдау үдерістеріне әсер етуге нақты тетіктер берді.

«Енді Президенттің жанында жаңартылған, қажетті өкілеттіктері бар және қоғамның сеніміне ие болған Парламент, Үкімет, Конституциялық Сот және саяси партиялар пайда болды. Әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп тұратын әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқындалып келеді. Осы сәттен бастап Әділетті Қазақстан жай ғана ұран емес, нақты мүмкіндікке айналып жатыр», деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов Парламенттегі заң шығару процесі түбегейлі өзгеріске ұшырағанына тоқталды. Бұған дейін заң жобаларының басым бөлігі Үкімет тарапынан әзірленіп, ұсынылатын болса, қазір депутаттардың заң шығарушы ретіндегі рөлі айтарлықтай артты. Олар маңызды реформаларға өздері бастамашылық жасап, халықтың нақты сұранысына жауап беретін заңдарды қабылдап жатыр.

Конституциялық соттың құрылуы және омбудсмен институтының жұмысын күшейту сот төрелігі мен әділдікті қамтамасыз етуге жасалған үлкен қадам екені атап өтілді. Конституциялық сот жаңа құқықтық құрылымда басты орынға ие болды. Қарапайым халықтың өтініштері негізгі оның субъектісіне айналды. Оған тоғыз мыңнан астам өтініш білдіріп үлгерген. Жаңа сот демократиялық бақылаудың және Мемлекет басшысының реформаларын қорғаудың маңызды бөлшегіне айналды. Президенттің адам құқықтарын, балалар құқықтарын қорғау, мүгедектігі бар адамдары және кәсіпкерлерді қорғау жөніндегі уәкілдерге жан-жақты қолдау көрсетуі халықты құқықтық қорғауды жаңа сапалы деңгейге көтерді.

Ерлан Қошанов Парламентте заң шығару процесі түбегейлі өзгергенін айтты. Бұрын заң жобаларының басым бөлігі Үкімет тарапынан әзірленіп, Парламентке ұсынылатын болса, бүгінде маңызды реформалардың бастамашысы ретінде депутаттардың рөлі айтарлықтай артты. Олар халықтың нақты қажеттіліктері мен сұраныстарына жауап беретін заңдар қабылдап жатыр.

Сонымен қатар үш жыл ішінде жүргізілген реформалар аясында әлеуметтік әділдік қағидаттарын жүзеге асыратын бірқатар маңызды заң қабылданғанын атап өтті. Олардың қатарында заңсыз алынған активтерді қайтару, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау туралы, «Ұлттық қор – балаларға» және басқа да заңдар бар.

Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтай форум ғана емес, ықпалды қоғамдық-саяси институтқа айналғанын атап өтті. Жуық арада ғана өткен Құрылтайдың кезекті отырысында Мемлекет басшысы бірқатар жаңа міндет қойды.  Олардың ішінде салық реформасы, деструктивті діни ағымдармен күрес, сондай-ақ депутаттардың бастамасымен әзірленген шекаралық аймақтарды дамыту туралы заң жобасы бар. Мәжіліс спикері құрылтайда Мемлекет басшысы жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын белгілеп, барлығын оны іске асыруға белсенді атсалысуға шақырғанын атап өтті.

«Біз мүлде жаңа, сәт сайын құбылып, өзгеріп жатқан тарихи дәуірде өмір сүріп отырмыз. Ал, тарихта екінші мүмкіндік деген болмайды. Халық, ұлт ретінде соны түсінуіміз керек. Жарқын болашақ дегеніміз – тағдырдың жәй ғана сыйы емес. Біздің адал еңбегіміздің, төккен теріміздің өтеуі болатынын жадымыздан шығармайық. Бұл жолда ұлт болып, жұрт болып жұмылып, бірге жұмыс істеуіміз керек», деді Ерлан Қошанов.

Елдегі реформалардың қазіргі жағдайына Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, экономист Жақсыбек Күлекеев, саяси шолушы Ғазиз Әбішев және Мәжіліс депутаттары өз бағасын берді.